Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолда барда қиындықты жеңеміз

Қолда барда қиындықты жеңеміз

Биылғы ахуал қиынға соқты. Жауын-шашынның аздығынан және күннің аптап ыстығынан жайылымдық жерлердің құрғауы орын алды. Соның нәтижесінде қуаңшылық қыспаққа алып, мал бағуға өте ауыр болды. Мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтарының жайы бір бөлек, қорамызға бір-екі бас мал байлаған бізге де қолайсыздық тудырды.

Оның үстіне күннің ыстық кезі мал ауруының да қозатын кезі ғой. Әлсіреген малдарды падаға қоспай, қолға ұстағанмен оған шөп тауып беру үлкен мәселеге айналды. Бірақ аудандағы атқарушы билікке айтар алғысымыз шексіз. Төтенше жағдай жариялап, ауданға жем-шөп қорын жеткізуінің нәтижесінде бұл қиындықты еңсеріп келеміз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды басты назарда ұстап, жұмыстар жүйелі жалғасады деген ақпаратты оқыған сайын қиындықтың артта қаларына сенім молая түседі.

Соның ішінде жерлесіміз Болат Өтемұратовтың ауданға 200 миллионнан аса қаржылай қолдау керсетуі тұрғындарға үлкен қолдау болды. Оның алғашқы легінде келген көмекті Сексеуіл кентінің тұрғындары сезініп те үлгерді. Кентке келген жемнен үлесін алған тұрғындардың алғысы шексіз.

Осы ретте көше комитеттері төрағаларының жұмысын да айта кеткен жөн болар. Өз көшесіндегі тұрғындардың үйін аралап, мал басының тізімін алып, көмектің толық үлестірілуіне жағдай жасауда.
Осыған дейін де талай қиындықтарды бастан өткердік. Бұл қиындық та солардың бірі болып артта қалады. Тек сабырмен ғана жеңеміз.

Бақтыгүл МАЛЖАНОВА,
Сексеуіл кентінің тұрғыны

29 шілде 2021 ж. 342 0