Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қыспаққа алған қуаңшылық: шөп пен су басты қажеттілік

Қыспаққа алған қуаңшылық: шөп пен су басты қажеттілік

Қазір елге жаны ашитын азаматтардың басы қосыла қалса ортақ тақырып аймақтағы қуаңшылық жағдайы болып тұр. Шындығында жағдай мәз емес. Төтенше жағдай жарияланды. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті. «Бұл әлі алды, малдың қырылғанын алдағы қыста көресіңдер. Арық малдың қысқа түсе алмайтыны әу бастан белгілі ғой», дейді бәзбіреулер. Шындығында, арық мал аяз бен қарда құлайды. Оған күтімді аямай жасау керек. Қамын қазірден ойламаса кеш болуы да бек мүмкін. Сонымен, ауданды қуаңшылық жайлады деп төтенше жағдай жариялағалы да аптадан әрі уақыт болды. Жан-жақтан көмек келіп жатыр. Көбі шөптей. Бірақ келген көмекті қабылдап алып қана қоймай басқа да қарекетке көшу керек шығар. Мәселен, еліміздегі атақты кәсіпкер, Қазақстан теннис федерециясының президенті Болат Өтемұратов өзі жетекшілік ететін Болат Өтемұратов қорынан ауданға көмек ретінде қаржылай 213 млн теңге қаржы аударылды. Бұдан бөлек, төтенше жағдайға деп республикадан қыруар қаржы бөлінді. Міне, осы бөлінген қаржыға алдағы уақытта шөп алудан бөлек қуаңшылықты жоюдың тиімді тетіктері қарастырылуы керек.

Қуаңшылық жағдай елімізде 1879 жылы орын алған екен. Онда жалпы мал санының 65 пайызы аштықтан қырылғаны жайлы дерек бар. Өте қиын табиғат жағдайында республикалық партиялық ұйымдар мал басының азаюына жол бермеуге ғана емес, оның өсімін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асырғаны және алдағы қысқа жем-шөп дайындау мәселесін арнайы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшелері қарастырып отырған. Одан бергіде, яғни 1975 жылдары Қазақстанның Оңтүстік аймақтарында болған құрғақшылық туралы алдыңғы аға буын жақсы біледі. Еліміздің бес облысындағы қуаңшылықты сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қалай жеңгені жайлы видео жарияланыпты. «Құрғақшылыққа қарсы тұру» деп аталатын мұрағаттық фильмде 1975 жылғы ерте көктемдегі ауыл шаруашылығына жайсыз ауа райы сипатталған. Сондай-ақ жауын-шашынның жоқтығынан жағдай ушығып, аптап ыстықтың жоғарғы темперетурасы 45, топырақтың  ыстығы 75-78 градусқа жеткен екен. Оңтүстік өңірлерді жайлап алған сол кездегі қуаңшылықтан жол тапқан Қазақстанның бірінші хатшысы Д.Қонаев табиғи апатпен күреске бүкіл елді және материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдыру бойынша ең кезек күттірмейтін, маңызды шараларды қабылдады. Яғни Үкіметтік төтенше комиссия құрылды. Обкомдар, райкомдар ауыл еңбеккерлерін, өндіріс, құрылыс, көлік қызметінің жұмысшыларын ұйымдастырумен айналысып, күнделікті олардың күш-қуаты мен тәжірибесін қиындықты жеңуге бағыттап отырды. Ең басты міндет – қоғам меншігіндегі малды жеммен, сумен қамтамасыз ету. Миллиондаған бас мал. Жем ретінде егілетін жүгері аумағын көбейту бағытында егістік жерлер қайта өңделіп, онда жүгері себілген. Маңыздысы жерасты суларын іздеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, оңтүстік өңірлердің өзіне 700-ге жуық жаңа су ұңғымасы қазылып, одан жайылған су қара жерге нәр бере бастаған. Жайылымдық жерлер мен егістік алқаптарына су құбырлары тартылып, жылжымалы суару агрегаттарды көптеп өндіру, ел бойынша барлық су көздері есепке алынып, жұмысшы күштерге көптеп жауапкершіліктер артылып, қалалар мен өндірістік орталықтарда зейнеткерлер, студенттер мен оқушылар саябақтар мен скверлердің шөбін орып, дайындауға жұмылдырылған. Осындай бірлескен істің нәтижесінде оңтүстік өңірлерді жайлаған қуаңшылыққа қарсы күш біріктірілген. Мұндай тәжірибе бізге де керек сияқты. Мұның алғы шарттары қолға алынып жатыр. Ендігі мәселе қаражаттың мүмкіндіктерімен қолға алынатын жұмыстар. Айталық, қоғам қайраткері Б.Өтемұратов қорынан «Аралым – айдын шалқарым» қорына аударылған 2013 млн теңгеге аудандағы аз қамтылған 800-ге жуық отбасы жеммен қамтамасыз етіп, Аманөткел елді мекеніндегі "Аспай" суағытқысын іске қосу, аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерге су таситын арнайы көлік алу, суармалы жайылымдық, егістік және шабындық жерлерді суландыру мақсатында су айдау насостарын алу, алдағы жылдарға мал азығын дайындайтын сервистік орталық пен шөп оратын жасақтар құру үшін арнайы техникалар алу және Құланды елді мекенінен бір ұңғыма қазу жұмыстарын жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, ауданда жалпы 50-ге жуық ұңғыма болса, соның 15-тейін іске қосу көзделген. Бұл жағдайлардың барлығы төтенше жағдай кезінде жүзеге асырылатын жұмыстар. Негізі «қыстың қамын жаз ойла» дейтін халқымыз үшін дәл осындай қиын кезеңдерде су ұңғымаларын қазудың маңызы зор секілді.
Иә, халқымыз қай заманда болмасын басқа түскен сынаққа, түрлі қиындықтарда тонның ішкі бауындай бірлесе іс қылу арқылы жол таба білген. Ата-бабаның ізгі жолынан ажырамаған халқымыз бұл жолы да қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге қолдан келген көмектерін жасап жатыр. Қазірдің өзінде жалағаштық жастардың «Жастардан жәрдем» атты акция аясында ауданға қарасты Аралқұм ауылына 650 бума пішен шөбі жеткізілді. Сондай-ақ Қармақшы ауданының үшінші Интернационал ауылынан қуаңшылық жағдайына орай Бекбауыл ауылына 550 прес жоңышқа шөп, Жалағаш және Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемелекеттік мекемелерінің қызметкерлері Қамыстыбас ауылына 560 прес шөп жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Қиындықта ел бірге!» атты қайырымдылық асары аясында ауданға 1000 дана шөп қоры жеткізілді. Қызылорда облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық партия филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мағжан Ералиевтің қолдауымен «Jas Otan» ЖҚ бастамасымен басталған «Аралмен біргеміз» акциясы аясында 1000 дана жоңышқа пресі келді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы «Қиындықта ел бірге!» атты қайырымдылық асары негізінде көршілес Ырғыз ауданы мешітінің бас имамының ұйымдастыруымен Сексеуіл кентіне 120 отбасыға 1680 дана, мал азығы, прес шөптер тараттылды. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының «Ақәділ» шаруа қожалығы ауданға қарасты Аққұм ауылдық округіне 2000 прес жоңышқа шөбін жеткізіп, аралдықтарға көмек қолын созды. Қазіргі таңда жергілікті ардагерлермен кеңесе келе ауылдық округтегі аз қамтылған 100 отбасыға 20 престен үлестіріліп берілді. Және де Қызылорда қаласынан «Абу-Сер» ЖШС директоры Серікбаев Рустем Ибрагимұлы 2000 табиғи пішен прес шөбінің 1-легі 700 прес шөбін ЖШС-ның өкілі Жұмабеков Сәдербек Қалымбайұлы ауданға қарасты Аманөткел ауылына алып келді. Ауыл орталығына келіп жеткен прес-шөп ауыл бойынша компьютерлік дерекқорда тіркелген, мал ұстап отырған тұрмысы төмен, аз қамтылған 18 отбасына үлестіріліп берілді. Міне, осы сынды жан-жақты көрсетіліп жатқан қолдаулардың барлығына жабырқау көңіл жұртшылықтың ризашылығы ерекше.
Дана халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ғой. Қуаңшылықты еңсеру жолында қолға алынып жатқан мұндай бастамалардың арқасында жағдай оңалар деген үміттеміз. Бастысы «малым –  жанымның садақасы» дейтін халық үшін қолдағы бардың амандығы керек. Сол үшін жасалып жатқан қам-қарекет қайырлы болғай.

А. БИСЕНОВ
24 шілде 2021 ж. 550 0