Мал ұрлығын болдырмау – маңызды міндет
Қазақтың құты – төрт түлік малда. Амандық сұрасудың басын қол қысып, кеуде қағыстырып тұрып "мал-жаның аман ба?" деуі де осыдан. Ертеден-ақ мінсе көлік, жесе ас етіп ұстаған, жанына жолдасы еткен малы ен даланың еркесіне айналған. Олардың жағдайын жасап, төрт түлікке жайлы болу үшін қыста қыстауға көшіп, жазды жайлауда өткерді. Себебін сөз басында айттық.
Бірақ қазір уақыт өзгерді. Көнедегідей арқаны кеңге салып, кең далаға өргізіп қойып, алаңсыз отыратын шақ емес. Малға қатер төндіретін жыртқыштардан қорғап қана отыратын кездер келмеске кетті десек те болады. Өйткені "екіаяқты қасқырлар" түз тағыларынан да қауіптірек. Оған төмендегі сандар дәлел болады.
Былтыр елімізде осы сипатта 4700-ден астам қылмыс тіркелген. Мал ұрлығы бойынша көш басында Алматы облысы болса, Шығыс Қазақстан облысы да алдыңғы қатарда болған. Ауданда да бұл көрсеткіш мүлде жоқ деп айтуға келмейді.
Рас, заң қатаңдап келеді. Қылмыстық кодекске мал ұрлығы бойынша енгізілген арнайы бап та бар. ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов:
– Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды, – дейді. Мұнан бөлек, мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар ымыраға келе алмайды. Қылмыстық кодекстің 68-ші бабына түзету енгізілген. Бұрынғы кездерде татуласу арқылы бәрі шешіліп кететін. Қазір ондай алынып тасталды. Егер мал ұрлығына қатысы бар кінәлі адамдарға табылған жағдайда, 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Ал қылмысқа қатысы барлар ұйымдасқан түрде әрекетке барса, 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бірақ бұған қарамастан, өзгенің малынан пайда табуды көздеген ұрылар оңай олжадан оңайлықпен бас тартпай келеді. Осы ретте аудан көлеміндегі ахуалды айтып кетсек.
Мал ұрлығы жайында ақпарат алмақ болып хабарласқанымызда, аудандық штаб тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлнар Есенжолова:
– Биыл мал ұрлығы бойынша келіп түскен арыздар көрсеткішінде өткен жылғы есептік мерзіммен салыстырғанда көп тіркеліп отыр. Былтыр жылдың алғашқы жартысында 23 мал ұрлығына қатысты арыз-шағым түссе, биыл ол 35-ке жетті. Соның 12-сі ашылды. Ашып айтар болсақ, 8 азамат малының табылуына байланысты арызды қайтарса, 4 ұрлық бойынша 2 қылмыстық топ қолға түсті. Бүгінгі таңда 2 топтың да үстінен тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы, қылмыстың ашылуына кедергі болатын нәрселер де бар. Мысалы, биылғы 32 арыздың 11-і өткен жылғы болған оқиғаларға байланысты түскен. Арада ұзақ уақыт өтіп кеткендіктен ұрлықты ашу мүмкін болмай отыр.
Бірақ мал ұрлығын болдырмау, алдын алу мақсатында көптеген жұмыс істеліп жатыр. "Мал ұрысы", "Соғым" жедел прфилақтикалық шаралары аясында аудандағы 151 шаруа қожалығының барлығына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Көше комитеттері төрағаларымен де бірлесіп жұмыстар істелді. Малдарды тіркеу, сырғалау, арнайы чип салу қажеттігін жиі ескертіп отырамыз, – дейді.
Мұнан бөлек, мал ұрлығының алдын алу үшін ауылдардың кіреберісі мен шығар жолына камера орнатуды да ұсынған. Мұнан бөлек, Арал қаласы мен Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінде малды уақытша бейімдеу орталықтарын ашуға ұсыныс жасап, қазірде 3 орын жұмыс істеп тұрғанын айтты. Өйткені жүк көліктерін тексеру барысында малды ұстап тұру қиындыққа түскен. Сондықтан арнайы мал азығымен қамтылған орындар іске қосылған. Ал 23 ауылдық округ бойынша пада ұйымдастыру әлі де жалғасып келеді. Бүгінде 11 ауылдық округте пада болса, қаламен қоса есептегенде 22 пада бар. Бұл әлі де толықтырылу қажет.
Бірақ мал шаруашылығымен айналысып отырған азаматтардың бұл жұмыстарға көңілі әлі де болса толмайтын сияқты. Адал еңбекпен бағып отырған төрт түлігінің өзгенің жетегінде кеткенін кім жақсы көрсін?! Осы ретте олардың пікір білу үшін "Қуаныш" шаруа қожалығының төрағасы Төрехан Бердімағамбетов:
– "Қуаныш" шаруа қожалығы 1997 жылы құрылды. Сол уақыттан бері малдан нәпақамызды тауып, күнкөріс көзіне айналып отыр. Бірді екі, екіні үшеу қылып, солардың қысқы қамын, жазғы жағдайын жасап, кәсіп қылып келеміз. Бірақ ұры-қарының қолында кеткені көңілді қынжылтады. Бейнетін біреу көріп, екінші біреу жолдан олжалап кеткені қоғам алдында да, заң алдында да әділетсіздік.
Жалпы, мал қалай жоғалады? Оның алдын алуға бола ма десеңіз, бірінші кезекте мынаны айтқым келеді. Жақын маңайда малдың азығына жарайтын жерде от жоқ. Сондықтан олар шалғайға кетеді. Әсіресе түйе мен жылқы малын қолға ұстап, қораға қамап бағу мүмкін емес. Алыстап кеткендіктен кейде 3-4 күндеп, апталап іздеп, таба алмай қалып жатамыз. Міне, осындайдан бірі табылады, бірі жоғалады. Бірақ менің ойымша бақылау қажет. Мал иесі бақылаусыз қоймайды. Сүтін ағарған, етін тамақ қылып, көбейтіп, өсіріп отырған малынан кім бас тартсын. Кім қараусыз жіберсін. Сондықтан жауапкершіліктің салмағын әсіресе ауылдық жерлердегі басшылар сезіне білсе деймін. Кез келген мәселе атүсті қарағаннан шешімін таппайды. Түсіндірме жұмыстары мәселенің шешімі емес. Босаңдық танытпау керек. Мал ұрлығы бір-екі жылдықта пайда болған жоқ. Қазақылығымыз бар ғой. Көп нәрсеге кешіріммен қараймыз. Бірақ заң алдында жауап керу керек. Мұнан бөлек әр адамның санасында "ар соты" деген болады. Мейлі, бір қателік жасады дейік. Бірақ қайталанбас үшін қателескен азаматты ардагерлердің ақылымен, айтқанымен тәрбиелесе тіпті жақсы болар еді. "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді" демей ме?! Ауыл басшысынан осы жайды бірінші кезекке қойса деп сұраймын, – дейді.
Ал атқарушы билік қандай қам жасап жатыр? Бұл жайында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерболат Алдамжаров:
– Аудан бойынша барлығы27 пада ұйымдастырылған. Оның ішінде ірі қара малдарын бағуға 27 пада, уақ малдар ауыл тұрғындарының кезек ұйымдастырылуымен бағылып келеді. Сонымен бірге иесіз және есепке алынбаған малдарды уақытша оқшаулау бағытында, 2021 жылға барлық қала, кент, ауылдық округтер бойынша толықтай (жеке кәсіпкерлер және шаруа қожалықтармен) меморандум жасалып, бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Мал басын толық бірдейлендіру де мал ұрлығының алдын алу шараларының бірі. Жыл сайын ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмысы жоспарға сәйкес орындалуда.
Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының ШЖҚ "Арал аудандық ветеринариялық станциясы" КМК тарапынан күнделікті жеке және заңды тұлғалар мен шаруа қожалықтарының меншігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларын түгел бірдейлендіру дерекқор базасына енгізу және ветеринариялық паспорт беру шараларын жүргізіп келеді.
Түнгі мезгіл уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2019 жылдан бастап Маңғыстау облысының тәжірибесін кеңінен қолдана отырып, ауыл шаруашылығы жануарларына жарық шағылыстырғыш ленталар тағыла бастады. Дегенмен бүгінгі таңда автодәліздің бойында орналасқан ауылдық округтерде тағылған жарық шағылыстырғыш ленталар материалдардың сапасыздығынан жыртылып, түсіп жатқандығын көрсетіп отыр, – дейді.
Түйін: Иә, қай кезден де таяқтың екі ұшы бары белгілі. Сондықтан мал ұрлығын болдырмау үшін барлығымыз жауаптымыз. Десек те, бақылау бар жерде тәртіп те, нәтиже де болатынын естен шығармаған дұрыс. Бір ғана пада мен түсіндірме жұмыстарынан бөлек, тың ұсыныстар мен жұмыстар қажет шығар, бәлкім? Жуырда ғана аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында аудан әкімі С.Сермағамбетовтің айтқаны осы болатын. Алдағы уақытта мәселенің шешімін оңтайлы шешудің жолымен де танысармыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ