Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі миллион теңге өндіру туралы талап медиация тәртібімен реттелді

Екі миллион теңге өндіру туралы талап медиация тәртібімен реттелді

Арал аудандық сотында талап қоюшы А-ның жауапкер М-дан 2 000 000  теңге қарызын және өкіл көмегіне төлеген 100 000 теңгені өндіру туралы талабы медиация тәртібімен реттелді.
Талап қоюшының талабына сәйкес, жауапкер екі жыл бұрын талап қоюшыдан қайтарып беретін болып 2 000 000 теңге қарызға ақша алған. Алайда ол, өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамауына байланысты, талап қоюшы қарыз сомасын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Азаматтық процестік заңнамаға сәйкес, судья талап арызды соттың өндірісіне қабылдамай тұрып, он жұмыс күні ішінде татуластыру рәсімдерін жүргізеді.
Осыған орай, татуластырушы-судья С.Бертай тараптармен әңгімелесу барысында дауды татуластыру рәсімдері бойынша шешуді ұсынып, медиативтік келісім жасаудың артықшылықтары мен салдарын түсіндірген. Нәтижесінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келген.
Медиативтік келісімге сәйкес, жауапкер берешек қарызын келісімде көзделген мерзімде төлеп құтылуға міндеттенсе, талап қоюшы қойып отырған талабынан бас тартқан.
Сот ұйғарымымен медиативтік келісім бекітіліп, іс жүргізу өндірістен тоқтатылды.
Осылайша, тараптар талап арыз соттың іс жүргізуіне қабылданбай тұрып, дауды шешудің тиімді жолын таңдады.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
11 тамыз 2021 ж. 340 0