Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пирамида: Мыңжылдықтар тылсымы

Пирамида: Мыңжылдықтар тылсымы

Адамзат санасы жетіп болмайтын, бірақ талай ғасырлар бойы сақталып, бүгінге дейін тылсым күйінде құпиялығын сақтап келе жатқан дүниелер өте көп. Сонысымен де әлемнің теңдессіз кереметтеріне баланатын бұл дүниелердің қолдан соғылғанын көзбен көріп тұрсақ та, адамзат баласы осындай кереметтерді қолмен жасады дегенге көңіліміз сенбей, кейде тіпті тылсым бір күштің әсерінен болған да шығар деп жорамалдайтын сәттер болады. Міне, сол ғажайыптардың бірі – пирамидалар.
Алдымен пирамида деген сөз бізге қандай ой салады деп сұрақ қойып көрейік. Әлбетте, осы бір атауды естіген сәтте көз алдымызға көне Мысыр шаһары елестейді. Өйткені адамзат баласы мұндағы пирамидалармен жақын таныс. Құпиясы аз да болса ашылған пирамидалар да сол Мысырдағы пирамидалар.

Мысыр пирамидаларының құпиясы
Расында, мысыртанушылардың қызығушылығын тудырған әлемнің жетінші кереметін зерттеу жұмыстары өте жоғары деңгейде жүрді. Түрткі болған нәрсе – қазынаға қол жеткізу. ХХ ғасырдың басында басталған зерттеу жұмыстары аясында Мысырдан Гиза, Абу-Сир және Саккару арқылы Дашур алқабына дейін созылып жатқан пирамидаларды зерттеушілер алдымен перғауындардың моласындағы қазынаны табуға тырысты.
Перғауындар биліктің басында болды. Бірақ оның елдің саяси ахуалын ретке келтірушілер абыздар еді деп жазылады деректерде. Себебі мысырлықтардың танымында аспан мен жерді Осирис пен Серапис, Изида билеп тұрған. Олардың танымында жер мен ғарыш тұтас тіршілік, бір-біріне байланысып жатқан құбылыс. Амон-Ра – күн құдайы болса, перғауын – оның жердегі ұлы, жердің патшасы. Ал абыздар осы екеуін байланыстырушы деген түсінік болған. Олай деуінің төркіні мынада жатыр. Олар ғарышпен байланыс орнатуды мақсат тұтқан. Ғарышпен байланыс жасауға бала күннен баулыған. Екінші жағынан, ғарышпен байланысу арқылы болашақты болжайтын болды.
Бұл жерде де дәлелдеме бар сияқты көрінеді. Белгілі мысыртанушы Девидсон пирамида ішіндегі жазбаларды оқып, сол жазбада екінші дүниежүзілік соғыстың боларын айтып кетіпті. Зерттеушінің күнделігінде абыздардың болашақты нақ болжайтыны жөнінде де жазба бар екен. Енді сенбей көріңіз.
Пирамидаларға байланысты тағы бір кереметті айтып өтейік. Олар жұлдыздың және өзге аспан денелерінің жердегі сұлбасындай екен. 1993 жылы бельгиялық ғалым Роберт Бьювелдің мына бір жаңалығы әлем халқы үшін тың, әрі елеулі жаңалық болды. Оның айтуынша, Мысырдағы пирамидалардың Орион шоқжұлдызындағы үш үлкен жұлдызға сай орналасқанын айтты. Алайда шоқжұлдыз Гиза аймағында орналасқан меридиан сызығына сай келуі тиіс. Айтпақшы, ғалымның пайымынша, Гиза аймағындағы ескерткіштердің бәрі осы шоқжұлдызға сәйкестендіріліп салынған. Демек ежелгі мысырлық абыздардың ғарышпен байланыс орнатқандығы айқындала түседі.

Әлемде қанша пирамида бар?
Қазіргі уақытта жер бетінде пирамидалар саны 2000-нан асатыны жайлы мәлімет бар. Тіпті мәңгілік мұз құрсауындағы құрлықта (Антарктида) да пирамида табылған. Бірақ бір таңғалатын жайт мынада. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын пирамидалар салынған уақытта құрылысын жүргізуге арналған техникалар мүлде болмаған. Бірақ осыдан 4000 жыл бұрын бой көтерген Хеопс пирамидасы – әлемдегі ең биік, ең көркем ғимараттардың бірі. Оның биіктігі – 146,6 метр, жалпы салмағы – 6,5 млн. тонна және 190 шаршы метр аймақты алып жатыр. Хеопстың негізі болған төрт бұрышты бөлшектердің салмағы әрқилы, 2,5 тоннадан бастап 400 тоннаға дейінгі салмақта. Осындай бөлшектің 2 миллионы құрылысқа жұмсалыпты. Әлгі бөлшектерді Гиза пирамидаларынан 1000 шақырым жерден таудан қашап әкелген. Жалпы, Мысырда 100-ге жуық пирамида бар. Биіктігі жөнінен Хеопстан кейінгі орынды Хефрена (143,6 метр), Микерина (66 метр) және биіктігі бірдей 7 кіші пирамидалар еншілейді.
Айтпақшы, пирамидалар Мексикада, Тибетте, Қытайда, Суданда, Боснияда, Англияда, Қырым мен Бермуд үштағанында, Корея мен Перуде, Жапония мен Ява аралдарында, Италия мен Канар аралдарында, Маврекий аралдары мен Франция, Греция, Алжир, Камбоджа, Месопотомия, Непалда бар. Бір қызығы, бұл пирамидалардың салыну уақыты сәйкес келеді. Мексикадағы үшбұрышты ғимараттар – Майа тайпасының туындысы. Оның ішінде Теотиукане қаласындағы Күн пирамидасы мен Ай пирамидасы ең танымалы. Қос алып ғимараттардың биіктігі шамалас, бірі – 72 метр болса, екіншісі – 69 метр. Олар 20 тонналық бөлшектерден құрастырылған. Сондай-ақ Юкатан түбегіндегі Чечен-Ица қалашығындағы Кукульхан пирамидасы да туристердің арқасында танымал болып қалды.
Ұқсастық пен ерекшелігі қандай?
Солардың арасында ерекшелігімен елді елең еткізгені – Тибеттегі пирамидалар. Аса ерекше құрылымы қасиетті Кайлас тауын қоршай орналасқан. Таулы аймақтағы алып құрылыстарды 1999 жылы орыс ғалымдары тапқан. Бір қызығы, күннің шығуы мен батуы күннің пирамидалардың үстінде айналып тұрғандай әсер қалдырады. Сондай-ақ әлемнің басқа аймағындағы пирамидалар да ерекше бір құбылысқа негізделіп салынғанын ғалымдар айтып жүргенмен, нақты қандай құбылыс екенін дөп басып айтқан емес. Олар әлі құпия.
Ал әйгілі көріпкел Эдгар Кейси Сфинкс пен пирамидалар біздің заманымызға дейінгі 10450 жылы салыныпты, әлгі Сфинкс Орион шоқжұлдызындағы белгілі нүктеге қаратыла орнатылған. Кейсидің жазбаларында Сфинкстің оң жақ аяғында жерасты жолы бары дәйектелген. Сол жерасты жолы адамзаттың құпиясын ашуға жәрдемдеседі екен. Кейін бұл құпия жол табылды. Сейсмикалық қондырғы арқылы ғалымдар арыстан денелі адамның оң аяғының астынан қуыс аймақты тапты, ал біршама уақыт өткеннен кейін пирамидалар аймағындағы бір құдықтан әлгі жерасты жолының қақпасы да табылды. Құдықтың тереңдігі 32 метр екенін ескерсек, көптен бері қақпаның көзге көрінбеу себебі де белгілі. Бір қызығы, жерасты жолынан граниттен соғылған саркофаг шыққан. Бірақ «болашаққа жолдау капсуласында» ешқандай жазба жоқ. Алайда ғалымдар базынасын айтып жатпады, құпияны арши түсу үшін жан-жақты зерттеуге көшті. Нәтижесін жерасты жолының қабырғаларында жұмбақ суреттер табылды. Егер әлгі суреттердің жұмбағын шешу мүмкін болса, болашақтың бағдары белгілі болады деген сөз.
Ал Майа пирамидаларының құпиясы Мысыр пирамидаларынан кенде емес. Бір қызығы, Мексика ғажайыптарын 4000 мың жыл бұрын атланттар тұрғызды деген гипотеза бар. Шынында жиырма тонналық қесектерді алып көтергіш құрылғы мен тасымалдаушы көлік болмаған шақта кім тұрғызуы мүмкін?
Теотиуакане атауын біздің жатық тілге аударғанда – Құдайлар қаласы деген мағына береді. Мұндағы Күн және Ай пирамидаларының арасын «өлім жолы» жалғап тұр. Майалықтардың нағыз матиматик болғанын оқып-біліп жүрміз, бірақ шектен тыс арифметик, астроном болды дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ шындығы сол, олар күн жүйесі мен аспан денелеріне орай ғарыштық сағатты ойлап тапқан. Мұндағы уақыт пен жүйе біздің кәдуілгі сағатымыздан да тым нақты.
Пирамидалар әлі күнге құпиясын ашқан жоқ. Ғалымдардың бір тобы ежелгі жұрттың ғарышпен байланыс құралы болған дегенді айтса, бір тобы бұл тіптен адамзаттың салмаған ғимараты дегенді алға тартады. Кім білсін?

Дайындаған Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 тамыз 2021 ж. 386 0