Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заңнама – жаңа талаптар

Жаңа заңнама – жаңа талаптар

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде  еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандырылған жаңа заңнама – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енді.
Жаңа заң құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, мемлекеттік құрылымда, қоғамда бетбұрыс жасайтын тың заңнама. Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Екі бөліктен тұратын кодекстің алғашқысы - әкімшілік рәсімдер туралы болса, екіншісі - сот ісін жүргізу жайында.
Ондағы әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртіптері бекітілген. Әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Сотқа төрт түрлі талап қоюмен жүгінуге болады, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлар.
Бұған дейін жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар Азаматтық процестік кодексі аясында қаралып келді. Азаматтар мемлекеттік органдарға қарсы талап бойынша өз шағымын дәлелдеуге міндетті болатын.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқығы мен бостандығын әкімшілік талап арыз беру және кейіннен соттың әкімшілік істі қарауы және шешуі арқылы қалпына келтірудің құқықтық режимін қалыптастыруда Әкімшілік іс жүргізу заңнамасының рөлі өте жоғары болмақ.
Олай дейтініміз, жаңа заңнамаға сәйкес сотқа талап арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті. Сот бұл дәлелдерден бөлек қосымша мәліметтер сұратып, дәлелдемелер жинауға құқылы. Яғни, бұрын судья алдындағы іс материалдары мен дәлелдемелерге сүйенсе, енді әділетті шешім шығару үшін белсенді бола түседі.
Заңнаманың тағы бір жаңашылдығы, мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдану құқығын белгілеген.
Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Егер тиісті әкімшілік –аумақтық бірліктің аумағында мамандандырылған әкімшілік сот құрылмаса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді аудандық соттар қарайды.
Сонымен, 1 шілдеден бастап Арал аудандық сотының өндірісіне 2 талап арыз келіп түсті. Талап қоюшылар жеке тұлғалар, бірі мемлекеттік органның әрекетіне дау айтса, екіншісі мемлекеттік органды әрекет жасауға міндеттеу туралы талаппен жүгінген. Бүгінде аталмыш әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау тағайындалған.
Әкімшілік сот ісін жүргізу процесінің барлық кезеңдері Кодексте регламенттелген, сондықтан да оны қолдану барысы аса бір қиындық туғыза қоймайды деп санаймын.
Қорыта айтқанда, бұл Кодекс жария-құқықтық дау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтардың теңдей мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етпек.

Г. НҰРЫМБЕТОВА,
Арал аудандық сотының судьясы
16 тамыз 2021 ж. 733 0