Қаланы таза ұстау – өз қолымызда
Жұмыр жерді мекендейтін сан мыңдаған тіршілік атаулының ішінде Жер-Анаға адам баласынан артық қиянат жасайтын жан иесі жоқ шығар. Басқасын былай қойғанда, күнделікті өмір қажеттілігінен артылған тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстар ортақ планетамызды тұншықтырып барады. Оған зауыт-фабрикалардан шығатын улы химикаттарды қосыңыз. Түрлі нәжістер мен өлекселер тағы бар. Айта берсе сөз жетпейтін «қоқыстар» бүгінде жұмыр жерді мекендеген халықтың ортақ проблемасына айналды. Оның ішінде біз де бармыз. Нақтырақ, осы Арал өңірінің экологиялық ахуалы да мәз емес. Тап осы жылы жағдай жылдағыдан да нашарлады. Бізде тазалық мәселесі мықтап мән беретін жағдайға жетті. Бұрыш-бұрышқа көзіңіз түсе қалса, желмен көтерілген целлофандар мен қаудырлай ұшқан бос құтылар құтыңызды қашырар. Өтірік емес, өз басым осындай көріністерді жиі көретін болдым. Демек бізде жалпыға ортақ мәселе бар. Қайтпек керек?!
Қасиетті даласын көзінің қарашығындай аялайтын қазақ «ат аунаған жерде түк қалады» деп қастерлеуші еді. Бүгінгінің жастары бас қосып отыра кетсе, артында 3-4 келі қоқыс қалатын болды. Ал үйлерден шығып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар қаншама?! Қасіреті қалың қазақ даласында бүгінге дейін жиналған 25 млрд тоннаға жуық қалдықтың 100 миллиондай тоннасы қатты тұрмыстық қалдықтар екен. Бұл – арнайы есепке алынған күл-қоқыс алаңдарына төгілгені. Жауаптылар көзін ала бере қулыққа басып, көзден таса жерге тасталып жатқан қалта-дорбалар қаншама?! Ауданда осындай қалыпқа сыймайтын керағар әдеттерге тосқауыл қою мақсатында Арал қаласы 7 секторлық аймаққа бөлініп, жауапты топ басшылары бекітілді. Бүгінде олар өздеріне жүктелген міндетті адал орындап жүр деген сенімдеміз. Оған қоса қаланың қоғамдық орындары мен орталық маңызды аймақтарына орнатылған бейнекамералардың көмегіне жүгіну жұмыстары да жолға қойылуда. Бұған байланысты аудан әкімі С.Сермағамбетов кезекті бір штаб отырысында қала әкімі А.Тасқынбаевқа тапсырма берген болатын. Демек алдағы уақытта қала көшелеріндегі камералар да жақын күндері жан-жақты жұмысқа кірісетін болады. Осы тазалық мәселесі ауылдарға қарағанда, Арал қаласында өзекті болып тұр. Сондықтан жұмыстың басым көпшілігі қала әкімшілігінде. Нәтиже де қала әкімінен сұралады. Демек Тасқынбаев мырза тапсырмаларға тас-түйін дайын болуы керек.
Шындығында, тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бақылау да қатаң. Біз бұл мәселе жөнінде қала әкімінің орынбасары Р.Жанаевпен тілдестік. Жұмыс бар, бірақ заң шеңберінен шығып, тазалық мәселесіне жүрдім-бардым қарайтын тұрғындар мәселесі жауаптыларды шаршатып тұрған тәрізді. Өйткені көше бойы лас су және тұрмыстық қатты қалдықтар. Бұл қисынсыз әрекеттердің бәрі өзгенің емес, өз қолымызбен жасалып жатыр. Ойланатын кез келген сияқты.
Қазіргі таңда Арал қаласы бойынша әрбір мөлтек аудан 7 секторлық аймаққа бөлінді. Тазалыққа жауапты мобильді топ жұмыс жүргізіп келеді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жекелеген тұрғындарға әкімшілік хаттама да толтырылған. Шілде айынан бері есептегенде айыппұл арқалағандардың саны елудің үстіне шыққан. Алайда басына түспеген соң бұрынғы әдетіне басып жүргендер әлі де айылын жияр емес. «Қуанышбек» ЖШС қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен қоқыс тастайтын орындарды белгіленген мерзімде тазалап тұр. Тұрғындар осы тазалық мәселесі бойынша қоқыс жәшіктерін белсенді пайдалану керек. Немесе қоқысты жинап, қала сыртындағы полигонға төгуге қам жасауы керек. Алдағы уақытта аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес осы тазалық мәселесінде талап қатты болғалы тұр. Себебі бұл мәселеде босаңсу болатын болса, жұмыс нәтиже бермейді. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тазалық мәселесін табалдырықтан бастау керек. Жауаптылар жұмысқа білек сыбана кірісетін кез келді.
Бүгінде мобильді топ осы тазалық жұмыстары бойынша жұмыс жүргізуде. Әлгі толтырылған әкімшілік хаттамалар да осы группалардың көмегімен жүзеге асып келеді. Біз осы орайда Арал қаласының №4-ші сектор бойынша жұмыс істеп келе жатқан мобильді топтың жетекшісімен тілдестік. Жұмыс жоқ емес бар, бірақ алдымен қаланың тазалығы емес, сананың тазалығы басты орында сияқты.
– Қаланың №4-ші секторында 2 апталық қорытынды бойынша бей-берекет төгілген қоқыстар күнделікті қоғамдық орындарға, көшелерге абаттандыру, көгалдандыру және санитариялық тазалық жұмыстары жүргізілді. Қаланың Бөріқұлақов пен Сапақ би көшелерінің қиылысына, С.Мұқанов көшесі мен Ж.Тәжімбетов көшесінің бас жағы және темір жол жиегіне, аудандық өрт сөндіру мекемесінің айналасы мен Арал қаласының Мергенсай ауылдық округіне баратын жол бойы мен қалаға кіреберіс қақпа маңына тасталған лас-қоқыстар «Қуанышбек» ЖШС арқылы тазартылды. Сондай-ақ қала әкімінің өкімімен құрылған мобильді топ мүшелері 4-ші сектор бойынша тазалыққа байланысты рейдтік жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары тарапынан қолданыстағы заң аясында соңғы 1 аптада рұқсат етілмеген аймаққа лас-қоқыс тастаған 3 тұрғынға хаттама толтырылып, 43 мың 755 теңге көлемінде айыппұл салынды. Және де ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру қағидасын бұзған 6 тұлғаға хаттама толтыру арқылы ескерту шарасы қолданылды. Бұдан бөлек, қоқыс тастаған жағдайда айыппұл салынатындығы жөнінде ескертілген тақтайшалар жасалып, қоқыс көп тасталатын жерлерге және сорлы аймақ маңдарына орналастырылуда. Сонымен қатар өзімізге тиесілі аумақтағы көше бойынша орналасқан екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары мен қала кәсіпкерлеріне тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын арнайы субъектілерімен келісімшартқа отырып, қаламыздың көркеюіне, санитарлық жағынан таза қалаға айналдыруға шақыратын ескерту парақтары таратылды, – дейді мобильді топ жетекшісі Р.Жанаев.
Шындығына келгенде, тазалық әр адамның өзі үшін және отбасы үшін керек екені белгілі. Аула таза болса, қала таза болады. Оны бәрі жақсы біледі және мойындайды. Дей тұрғанмен, сөзі мен ісі қабыспайтын тұрғындардың бұл қылығы қазіргі таңда қала келбетін қашырып-ақ тұр. Көпке ортақ тазалық мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын қала тұрғыны С.Елеусізқызы бүгінде балаларын тазалықты сақтауға ұдайы шақырып отырады. Немерелерін де өз ауласын таза ұстауға баулуда.
– Тазалық – бәрімізге ортақ. Біз негізі көп нәрсеге көз жұмып қараймыз. Бірақ соның зияны айналып келгенде өзімізге тиеді. Үйден шыққан қоқысты көзден таса жерге тастай салуды мен де білемін. Бірақ оның ауаны ластайтыны белгілі. Лас ауа айналып келгенде денсаулыққа кесірін тигізеді. Одан бөлек қаланың көркін қашырады. Сондықтан мен ондайға жол бергізбеуге тырысамын. Күнделікті тұрмыстан артылған қалдықтарды арнайы көлік тіркемесіне жинатамын. Жеуге келетін жуындылар болса малға бергізем немесе итке тастаймыз. Ал қалған қалдықтарды тіркеме толған кезде қала сыртындағы арнайы қоқыс тастайтын орындарға төккіземін. Бұған үлкен жауапкершіліктің керегі жоқ сияқты. Қарапайым қағида, өзіміз үшін оңтайлы шешім. Сондықтан тазалық мәселесінде біз алдымен өзімізге жауап беруіміз керек. Сонда барып аула тазарады. Ал ауланың тазалығы қаланың тазалығы, қаланың тазалығы – сананың тазалығы, – дейді зейнеткер С.Елеусізқызы.
Расында, тазалық мәселесін сақтауда анағұрлым мәселе тудырудың қажеті шамалы. Бар болғаны өзіміз тұратын ауланы таза ұстау. Біз осыны әбден санамызға тоқымайынша, бұл мәселе билік назарынан түспек емес.
Түйін: Иә, «тазалықты сақтау маңызды», «сана тазарса қала тазарар» деп ұран тастағаннан ұтқанымыз шамалы. Оған мән беріп, нәтиже шығарып жатқандар да шамалы. Демек бұл мәселеге басқаша көзқараспен қарау керек сияқты. Бәлкім, айыппұлдың мөлшерін арттырып, белгіленбеген жерге қоқыс тастаған тұрғынның өзіне әлгі аумақты барлығын тазарттыру тетіктерін қарастырған жөн шығар. Бәлкім, оны әкімшілік құқық бұзушылықтың бір тармағы ретінде заң шеңберімен бекітіп, қолданысқа енгізсек. Өйткені талап қатты болмаса, тәртіпке бағынбайтындармен осы алысқанымыз алысқан. Мұндай немқұрайлылық бұдан әрі де жалғаса береді. Сондықтан тазалық сақтамайтындарға талап күшті болу керек шығар. Сонда барып істен нәтиже күту керек. Бұл өзіміз үшін керек.
А. БИСЕНОВ