Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалыққа жүрдім-бардым қарамаған жөн

Тазалыққа жүрдім-бардым қарамаған жөн

Қалада екі жүздің үстінде көше бар. Сол көшелердің барлығында болмағанмен, бірлі-жарымында кезінде белді қызмет атқарған, өз ортасына сыйлы зиялы қауым өкілдері бары түсінікті. Өзі тұрған жерге жанашырлықпен қарап, көрші-көлемге қажет кезінде ақыл-кеңесін айтып, көшенің тыныштығын қамтамасыз етіп жүретін жандардың дені бүгінде қала бойынша көше комитеті төрағалығына ұсынылған. Өзіміз де сол аға буынның қатарындамыз. Жақсы болсын, жаман болсын, шамамыз келгенше мойындағы жауапкершілікті сезініп, қызмет етіп келеміз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенмен, бұл жұмыста да сезіне білгенге үлкен жауапкершілік бар. Әлі күнге өзіміз тұратын көшеде әлдебір елдің тынышын алатын келеңсіз жағдай бола қалса, алаңдап боламыз. Сол көшелердің тазалығы тағы бар. Бүгінде мұндай жұмысты жақсы атқарып отырған төрағалардың көшесі таза әрі тыныш. Десе де қалаға ортақ мәселенің ең өзектісі – тазалық жайында болып тұр.
Жақында ауданға қызметке келген аудан әкімі Серік Сермағамбетовпен кездестік. Еркін форматта өткен кездесуде бірнеше көше комитетінің төрағалары болды. Онда елге ортақ көптеген мәселелер тақырыпқа арқау болды. Шыны керек, бүгінде күл-қоқыстар кез келген жерге тасталды. Бұл мәселеге қатысты жұмыстар осы кезге дейін атқарылып келсе де, қала тұрғындарының немқұрайлылығы кесірінен ретсіз тасталған коқыстарды көп аңғаратын болдық. Ол өз алдына. Аудан әкімінің айтуы бойынша тұрғындар бағудағы малдарын көшеге қараусыз жібере салады. Ал сол төрт түліктердің күтіп-баптап өсірген талдар мен гүлдерге тигізер зиянын ескере бермейміз. Көшені ластауы тағы бар. Қараусыз малды ұрлауға да оңай. Егер көшеде қараусыз жүрген мал ұсталса, арнаулы орынға қамалып, айыппұл төленеді екен. Бұл тұрғыда заңға жүгінер болсақ, қараусыз мал иесіз мал екенін айта кету керек. Демек малды бақташыға бақтыру керек. Иесіз мал ұрлық жасаушыларға оңай олжа екені түсінікті.
Аудан әкімінің қала тазалығына байланысты айтары күл-қоқыстар кез келген жерде шашылуда. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші,  өзіміз өмір сүріп отырған қаламыздың тазалығына мән беру керек. Екі күнде бір көтерілетін желдің экологиялық ахуалы өршітетіні даусыз. Қоқысты кез келген жерге шашып, өзімізге өзіміз кереғар әрекет жасаудың қажеті жоқ екені айтылды. Басқа да түйткілді мәселелер туралы қамтылған сұраққа тұшымды жауап алдық. Көтеріліп отырған мәселелер маңызды екенін қала тұрғындары да қалыс қалмайды деп тарастық. Айтқандай, бұл мәселеде аудан басшысы қаладағы өзгеге үлгі болатындай таза әрі тыныш көшелердің үздігін анықтап, «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» аталымдары бойынша үздіктерді анықтап, анықталған көшелерді асфальттап, жарықтандыру жұмыстарын бірінші кезекте жүргізетіндігі айтылды. Бұл мәселе қала бойынша тазалықтың шын мәнінде бір қалыпқа келетінін көрсетеді. Мұндай бастамаларды біз шын мәнінде қолдаймыз.
Шын мәнінде қала тазалығына зор мән беруіміз қажет. Қазір есептеуімізше мыңға жуық қоқыс салатын жәшік әр үйде бос тұр, яғни айналымда жоқ деген сөз. Тағы да сол жәшікке толған қоқысты өртеу бар. Ол дұрыс емес. Оның түтіні айналадағы тұрғындарға зияны тисе, ол от жанған темір жәшіктің тез тозатынын айтқан жөн.  Бір сөзбен айтқанда, қоқыс жәшіктегі қоқысты өртеуге қатаң шара қолдану да керек шығар.
Қазақ кездескенде «Мал-жаның аман ба» деп амандасады ғой. Сондай- ақ қолымызға ұстап отырған бір-жар малымызға ие болғанымыз дұрыс.  Биыл қуаңшылық етектен алып жатқаны да белгілі. Аудан басшысы С.Сермағамбетов аудан халқын жем-шөппен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатқанынан хабардармыз.
Айтайын дегенім, "Жарбол" бейітінің қоршауы бірнеше жерден ойып тасталған.  Бәріміздің бабаларымыз, асқар таудай әкелеріміз, алтын құрсақты аналарымыз,  қимас бауырларымыз, бауыр еттен жаралған балаларымыз да жатыр ғой. Кез келген жер тесілсе, мал да, ит-құс та ішіне кіреді ғой. Ата-баба әруағын сыйлайық, ағайын. Бұл біздің тазалыққа қатысты мәдениетіміздің қандай екенін байқатады. Әруақтардың тиышын алу бізге жараспас.
Қаладағы көше комитеті төрағалары бұрында да қоғамдағы болып жатқан игі істердің басында жүретінін жақсы білемін.  Халықпен етене бірге болып қазіргі төтенше жағдайды қуаңшылықты да, басқа да қиын кезеңдерді бастан өткізген. Арал халқы ауызбіршілікпен, сабырлылықпен бұл өткінші кезеңнен де есен-сау өтетінімізге сенемін. Бастысы, халқымыз аман, заманымыз тыныш болсын.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
қаладағы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы
17 тамыз 2021 ж. 765 0