Аралдың ажарын ашқан көше

Мәдениет атаудан басталады. Біз қайбір жерге кімнің есімін берсек те, ол жер соған лайықты болуы керек. Қаланың кіреберіс қақпасынан темір жолға келіп тұйықталатын кең көшенің аты Ұлы Абайдың есімімен аталады. Оны жиырмаға жуық көше қиып өтеді. Кіреберіс пен орталықтың арасын жалғайтын көше бүгінде аудан орталығындағы ең көрікті жердің біріне айналды.
«2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан 33 көшенің автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқан болса, соның басым көпшілігі Абай көшесімен қиылысып жатыр. Сол көшелердің барлығына асфальт жабындысы төселіп, жаңа кейіпке енді.Тақтайдай тегіс жолмен автокөліктер емін-еркін жүйіткуде. Бұрынғыдай шаң көтерілмейді. Бұл әсіресе көктем, күз айларында тұрғындар қатынасына қолайлы болмақ. Сондай-ақ Арал қаласындағы Абай көшесін абаттандыруға байланысты бордюр орнату, брусчатка төсеу, басқа да безендіру жұмыстары жүргізілуде. Көше бойына арнайы темір қоршаулар орнатылуда. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары барысында қоршауларға әр маусым сайын әдемі гүл отырғызылатын болады. Арнайы қоршау ішінен қызыл-жасылды гүлдер мен ағаш көшеттері бой көтергенде, кең көшеге ерекше сән беріп, келісті келбетін айшықтай түсері сөзсіз. Сондай-ақ жарық бағаналарына сырға пішіндес түрлі жарықшамдар ілінді. Міне, көшеге жасалып жатқан осындай жұмыстар биылғы жылда ұлы тұлғаға көрсетілген құрметтің бір парасындай болары анық. Бұл көшенің бойымен жүрген адам ерекше әсер алады. Таза әрі мұнтаздай жол жиегіндегі бордюрлер мен брусчаткалар, бірнеше жерге қойылған LED экрандар қала қонақтарын ерекше бір әсерге бөлейтіндей. Бұл көшенің бойымен жаяу жүретін тұрғындардың да қарасы қалың. Мұның бәрі – көзге ұрар үйлесімділік пен табиғат суреттегендей көрнекіліктің арқасы.
Иә, кемел ойдың иесі, хакім Абай – біздің бағдаршамымыз. Аудан орталығына алыс-жақын аудан, облыстардан келген қонақтар қаладағы Абай көшесімен жүргенде ерекше әсерге бөленіп, бұл көшенің атауына қарап жақсы бағасын беріп жатса, бабаға деген құрметіміздің бірі болмай ма?! Ұлы тұлғаның биыл 175 жылдығына мемлекеттік деңгейде мән берілуде. Біз де бұл бастамадан шет қалмақ емеспіз. Жыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар соған дәлел.
"Толқын" ақпарат