Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаңшылық қаупі сейілді

Қуаңшылық қаупі сейілді

Көктем басында аудан халқы табиғаттың тосын мінезіне тап болды. Алдымен жауын-шашынның аз болуы кейіннен күннің шамадан тыс ысуы құрғақшылыққа алып келді. Қырды кезген төрт түлік жерге шөп таппай қырылып жатты. Мұның бәрі төрт түліктен нәпақа тапқан халықтың тұрмысын күйретіп жіберді. Арал халқының басына түскен осы бір нәубет елдің назарын тағы да Аралға қарай бұрғызды.
Күн жылынса шалғайдағы шаруаның қысқа деп жинаған мал азығы таусылып, қыстың аязынан қалжырап шыққан малдың аузы көкке тиіп, қоң жинай бастайтын уақыты еді. Бірақ жылдағы құбылыс биылғы жылы өз арнасын өзгеше өзгертті. Қуаңшылықтың салдарынан малдар ішерге су, жерге шөп таппай жапан түзде қырылып жатты. Төрт түлікпен күнелтіп отырған халықтың бұл жағдай мазасын қашырды. Осылайша аудан халқының қиын халі атқарушы билік тарапынан қолдауға ие болды. Алғашқы кезде елдегі еріктілердің қолдауымен көршілес аудандар шөп жеткізе бастады. Мұнан соң жомарт жандардың арқасында халық тегін жем-шөпке ие болды. Бұдан бөлек, қыстан қиналмай шығу үшін мал азығының бағасын арзандатып халыққа ұсынуда. Осының арқасында қазіргі күні қуаңшылықтың қаупі сейіліп келеді. Халықтың қорасы қайта шөпке толып, қыстың қамын ерте қыла бастады. Мұның бәрі халыққа жасалған үлкен қолдаудың арқасы деп білемін.
Сол себепті осы жұмыстардың басында болып, күн-түн демей халықтың қамы үшін тер төккен сала басшыларына алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің арқаларыңызда шаруалар күнкөрісінен айырылмай, төрт түлігін сақтап қалды. Осындай еңбектен-ақ басшының елге болыса білген азамат екендігін анық аңғардық. Қуаңшылықтан уайым шеккен халықтың ендігі қайғысы сейіле бастады. Сол үшін сіздерге зор ризашылық білдіремін.

Т. НҰРАШЕВ,
"Серік" шаруа қожалығының төрағасы
29 қыркүйек 2021 ж. 625 0