Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кодекс заңдылықты нығайтады

Кодекс заңдылықты нығайтады

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымыздың жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынын, олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін атап өткен болатын. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында Президент дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс келтірді.Жолдауда қойылған міндеттерді орындау мақсатында 2020 жылы 29 маусымда Жаңа кодекс Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданды.
Жаңа Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Әкімшілік рәсімдердің міндеттері – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария- құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде азаматтардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу.
Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Әрбір тұлға өзінің бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін жаңа Кодексте белгіленген тәртіп бойынша әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Дегенмен, егер нақты заңда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі белгіленсе, сотқа осы тәртіп сақталғаннан кейін жүгінуге жататынын ескеруіміз қажет.
Азамат немесе оның мүддесі үшін прокурор сотқа талап қоюшы ретінде адамның жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған құқықтарын, бостандықтары, заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік талап қоюмен (талап қою) жүгіне алады.
Жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-рәсімдік процестік Кодексі азаматтардың құқығын қорғаумен қатар мемлекеттік орган мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған.
Себебі әкімшілік рәсімдердің міндеттерінің бірі жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу болып табылады. Кодекс талабына сәйкес дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығы талап қоюшыға емес, ауыртпалық түсіретін актіні қабылдаған органға, яғни жауапкерге жүктеледі.
Сондай-ақ егер, әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды, ал тараптар сотқа істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдемдесуге міндетті.
Прокурор өзіне заңда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында салықтық, кедендік, бюджеттік қатынастардан, табиғи ресурстарды пайдалануға және қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану және молайту саласындағы қатынастардан туындайтын әкімшілік істер бойынша, мемлекеттен және мемлекет кіріс іне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы әкімшілік істер бойынша қорытынды беру үшін, сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғап, сондай-ақ әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетс іздік) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін өзі дербес қорғауды жүзеге асыра алмайтын адамдардың немесе шектелмеген тұлғалар тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеуі мүмкін болғанда не прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда процеске кіріседі.
Өз кезегінде жаңа заңнама жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруына ықпал
етіп, осы саладағы заңдылықты нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз.
А. ЖАНЕСЕНОВА,
аудандық прокуратураның аға прокуроры, 1 сыныпты заңгер
25 қыркүйек 2021 ж. 402 0