Ұлылықтың басында ұстаз тұрады

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мына өмірде аңсаған шыңыңа шығу үшін еңбектену маңызды. Биікке самғауға адал еңбегіңмен ғана қол жеткізу мүмкін екеніне көзім жетті. Сол үшін де ізденіспен еңбектенуге бекіндім. Осы сан тарау жолдың бұрмалаңына да, шатқалына да төземін деген сенімім мол болды.
Иә, ұстаздық салада еңбек ете жүріп шәкірттермен бірге мен де көп нәрсеге қанықтым. Қысқа ғана жасаған қадымымда көзім жеткені – болашақ ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті, халқымыздың асыл қазынасын, салт- дәстүрін, Отанын, ұлтын, халқын қадірлейтін елжанды, адамгершілікті мол, жамандыққа жаны қас, иманды етіп тәрбиелеудің негізгі іргетасы мектептен қаланады екен. Нағыз ұстаз болу үшін балалар өміріне өзіңнің балалық шағыңды ескере отырып, олардың жан дүниесіне кіре білу керек екен. Ұстаз оқушыға білім бере отырып балалардың досы, ақылшысы, рухани жетекшісі бола білуі тиіс. Әрбір оқушы сенің оқымаған кітабың екен, әр парағын ашқан сайын жаңалық табасың, таңырқайсың қызығасың.
Осындай асқан жауапкершілікті жүк еткен ұстаздық мен үшін әлемдегі мамандықтар арасындағы алғашқысы, құрметтісі, қадірлісі, сыйлысы, қасиеттісі, құдіреттісі, киелісі. Мен мектептің есігінің алдынан күлімдеп қарсы алған әрбір бүлдіршінімнен таңғы жігер аламын. Өйткені, менің таңдаған жолым өскелең өрен, адамдық келбет, рухани биіктік шыңға жетелейді.
Біздің осындай адал жолды таңдауымыздың өзіне себепкер ұстаздарымыздың адал, ақ жолының, солардың салған даңғыл жолының нәтижесі, адал еңбегі. Мен осы жолдың таңдағанымды және өзім секілді жас балаларға білім нәріммен сусындатып жатқанымды, білім берудегі жаңа табалдырығымды алтын ұя-мектептен бастағанымды мақтан етемін.
Эльмира СИДАҒҰЛОВА,
№60 орта мектеп мұғалімі