Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Отбасы" банктің кепіл шартын ХҚО-ға бармай-ақ тіркеуге болады

"Отбасы" банктің кепіл шартын ХҚО-ға бармай-ақ тіркеуге болады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Отбасы банкпен («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп, жеке тұлғаларға арналған жылжымайтын мүлік кепілшартын тіркеу бойынша Мемлекеттік қызметке Blockchain технологиясын енгізді.
Енді ипотеканы ресімдейтін қазақстандықтар кепілшартымен baspana.otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетінде таныса отырып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қоя алады. Жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығын мемлекеттік тіркеу туралы нәтиже хабарлама түрінде банк сайтындағы жәнеeGovпорталындағы жеке кабинеттерге келіп түседі.
«Бұрын азаматтар кепілшартын тіркеу үшін банктен құжатталып, оны ХҚО-ға апаруы тиіс болатын. Халыққа қызмет көрсету орталығында ол шарт тіркелген соң, клиент ауыртпалық туралы анықтаманы алып, тіркелген шартпен бірге оны банкке ұсынатын. ЕндіBlockchain технологиясының арқасында бұл процесс автоматтандырылды. Банк пен ХҚО арасында жүрудің қажеті болмайды, қажетті құжаттарды банк ХҚО-ға өзі жібереді»–деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Әділ Қожықов.
Жылжымайтын мүлік кепілшартын онлайн тіркеу қызметін автоматтандыру – банк клиенттеріне бұл процесті 3 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Отбасы банк тарапынан жылжымайтын мүлік кепілінің шарттарына қол қоюға және тексеруге жұмсалатын операциялық шығындар да қысқарады.
«Отбасы банкінде Blockchain қолдану арқылы кепілді онлайн тіркеу мүмкіндігі екі апта бұрын қосылды. Клиенттеріміз бұл мүмкіндікті көптен бері күтті. Бұған қарыз алушының «несие тарихы» дәлел. Онлайн қызметті іске қосудың алғашқы күні банкте көпбалалы ананың «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кредит ресімдеуі өтті. Оның қосалқы қарыз алушысы – басқа қалада тұратын қызы. Ол келіп, қажетті құжаттарға қол қоя алмады. Сондықтан банк қызметкерлерінің жаңа қызметті бірінші болып сынап көру ұсынысына клиентіміз бірден келісе кетті. Қажет болғаны – тек электрондық цифрлық қолтаңба. Бүгінде біз осындай 100-ге жуық кепілшартын тіркедік», –деп түсіндірді "Отбасы" банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Blockchain жүйесі – бұл деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігін толығымен жоққа шығаратын жеке-жеке блоктардан тұратын тізбек жүйесі. Бұл жолданатын деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Азаматтарға арналған үкімет аталған инфрақұрылымды барлық банкке ұсынуға әзір. Қазір бірнеше банк тарапынан осы жобаға қосылу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Еркін АШЫҚБАЕВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бойынша Арал аудандық бөлімі басшысының орынбасары.
05 қазан 2021 ж. 369 0