Қысқа дайындық: мал азығын дайындау маңызды
Арал ауданындағы қуаңшылық жағдайына байланысты жергілікті шаруаларға жем-шөп жеткізіле бастады.
Қуаңшылық кезеңінде мал жағдайы нашарлай бастады. Уақытылы жем-шөбін беріп, жайылымға шығармасаң да бағудағы мал салмағын жоя бастайды. Мал арық болған соң ауру-сырқау да көп. Қуаңшылық, жайылымның тозуы, мал ауруларының көбеюі – барлығы бір-біріне байланысты нәрсе. Жем-шөпті алуға шамасы жетпеген шаруа қолдағы малын азайтуға мәжбүр болды. Сол сәтте мал бағасы түсіп кеткенін де жасыра алмаймыз. Осындай сәтте біз тұратын елді мекен тұрғындарына да, қайырымдылық көмек ретінде тұрмысы төмен отбасыларға да жем-шөп тегін таратылып берілді. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы осы болды.
Иә, құрғақшылық малдың азығының тапшылығына әкеліп тірегені рас. Мал азығын қажет етіп отырған тұрғындар үшін Б.Өтемұратов қорынан бөлінген қаржыға алынған жем-шөп осындай қиын кезеңде мал жағдайының бір жолға түсіп кеткенінше көп көмек болды. Ауыл тұрғындары қиналған сәтте көмек көрсеткен жанашыр азаматтарға айтар алғысы шексіз.
Енді алдағы уақытта мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу, оның ішінде малды аман сақтау, мал өнімдерін өндіру көлемін арттыру – барлық жергілікті тұрғындардың басты міндеті болып тұр.
М. ӘЗІЛХАНҰЛЫ,
ауыл тұрғыны