Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңсіздікті жоюдың тиімді тәсілі

Теңсіздікті жоюдың тиімді тәсілі

Осы уақытқа дейін қоғамда қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып келсе, ағымдағы жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қолданысқа енуімен жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту мақсатында сот ісін жүргізудің жаңа институты пайда болды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы шықса – жаман қалар» дегеніндей, бүгінде жаңа заңнама көпшілікке кеңінен насихатталып, ондағы жаңашылдықтардың тиімділігі жайы басылым беттерінде, әлем желісінде аз айтылып жүрген жоқ. Десек те, жария-құқықтық дауларды қараудағы соттың белсенді рөлі қағидаты туралы ауыз толтыра мақтанышпен айтамыз.
Оның ерекшелігі - судьяға бұл салада істі бүге-шүгесіне дейін зерттеп, даудың мән-жайын анықтауға мол мүмкіндіктің берілуі.
Судья жария-құқықтық даулардан туындайтын әкімшілік істерді қарауда әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдемелермен және істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Сондай-ақ, өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Әділ істің арты игі демекші, соттың белсенді рөлі қағидаты судьяның істі әділ таразылап, бағасын беруіне, іске қатысушы тараптардың судья істі дұрыс зерттемеді, істі бір жақты қарады деген сынды көңілі толмау жағдайларын болдырмауға арқау болмақ.

К. СӘДУАҚАСОВА,
Арал аудандық сотының төрағасы
20 қазан 2021 ж. 423 0