Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыс қыр астында, қарекет қалай?

Қыс қыр астында, қарекет қалай?

Қылышын сүйреп қыс та келеді. Қаһарына мінсе жолындағысын қоғадай жапыратын жайсыз мезгілдің биылғы қарқыны қалай болары бір Аллаға аян. Әзірге ауа райын болжаушылар мен құдіреттің күшімен тылсымнан хабар алып, келешекті болжайтын жандар да биылғы қыс жайында жайсыз хабар айтып отырған жоқ. Десе де төрт түлік малына иек артып, ертеңіне сеніммен қараған шаруалар үшін қыстың қамын жасау жылдағыдан маңызды болып тұр. Себебі аудан төңірегінде орын алған қуаңшылық жағдайы мал басын айтарлықтай шығынға ұшыратты. Сондықтан биыл қысқа түсетін малға аса сақтықпен қарау маңызды. Қазірден қыстың қамын жасамасақ, шаруалар үшін мал басын аман алып шығу қиындай түспек. Қазгидрометтің болжамынша, бет қаратпас аязды күндердің уақыты қаңтар, ақпан айларында аптадан аптаға жалғаспақ. Демек біз бұл мәселеде аса ұқыптылық танытуымыз керек.
Айталық, Қазгидромет 2021 жылғы қараша мен 2022 жылғы наурыз айлары аралығына жасаған болжамдарына сәйкес келер айдың бірінші жартысы жылы болады деп күтілуде. Ал, бірінші онкүндіктің соңында республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында екпінді желмен жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) күтіледі. Бұл айдың екінші жартысында жиілейді. Көктайғақ пен тұман бір ай бойы жиі байқалады. Айдың екінші жартысының ең суық күндері түнде 30 градусқа дейін төмендейді деген болжам күтілуде.
Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранды күндер саны артып, оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ жиі байқалады. Бұл айда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз, елдің солтүстік жартысы мен шығысында орташа мөлшерде түседі деген болжам айтылған.
Қыс мезгіліне тән қаңтар мен ақпан айларында елдің шығыс беткейінен антициклонның табы күтіледі. Бұл айлардағы түнгі ауа райы -35-40°С-қа дейін төмендейді деп күтілген. Дегенмен оңтүстік аймақтардағы ауа райы -25-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Мұндай ауа райы әрине қыс мезгіліне тән. Десе де, шаруалар биылғы қыстың беталысын қазірден бағамдап, қысқы мал азығындық жем-шөп қорын мол алуы керек деген кеңес айтар едік. Бұл мәселеге қатысты аудан көлемінде ауылдарға жеткілікті мөлшерде мал азығы үлестірілді деп айтуға болады. Аудан аумағында биылғы көктем, жаз мезгілдерінде жауын-шашын мөлшері аз түсуіне байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Жағдайға байланысты жан-жақтан жеткен көмек те елдің көз алдында. Ауданға қарасты ауылдарға мұндай көмектер лайықты деңгейде үлестірілді. Тіпті, аудан жастары бұл жағдайда белсенділік танытып, бір сәт шабындық алқаптарда еңбек етіп, шабылған шөптерді ауыл тұрғындарына үлестірді. Бұдан бөлек Қазақстанға белгілі мецинат Болат Өтемұратов қоры арқылы ауданның көптеген тұрғынына қажетті көмек көрсетілді. Бүгінде жағдай қалыпқа келе бастаған. Десе де қыстың қамын жаз ойлаған шаруалар ерте бастан қимылдады. Бұл мәселеде аудан қамсыз қалмады десек болады. Яғни, 1 шілдедегі биылғы төлді қоса есептегенде және алдағы қыста даладағы барлық малды қолға ұстау қауіпін ескере отырып ауданға қажетті шөптің көлемі төрт түлік бас, яғни 205 мың 822 бас малға 180  күнге 184 640 тонна шөп қажет екендігі есептеліп нақтыланған. Төтенше жағдай аясында аудандағы аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларына 899,5 тонна бидай кебегі жемін алып беруге 98 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда, мұның 899,5 тоннасы Қостанай, Ақтөбе облыстарынан тасымалданып, жергілікті жердегі қоғамдық кеңестің шешімімен күтімінде 5-6 ірі қара және 10 басқа дейінгі уақ малы бар тұрғындарға берілді. Бұл бағытта қосымша жем тасымалдауға 46 млн. 144 мың 160 теңге қаржы қайта бөлініп, 431,5 тонна бидай кебегі жемі жеткізілген. Жалпы аудан бойынша барлық елді мекендегі қолында малы бар тұрғындарға 9-10 қап мөлшерінде жем тегін берілген. Бүгінде жергілікті жердегі тұрғындарға көрсетілген көмектің арқасында қолындағы малын аман сақтап қалған тұрғындар баршылық. Олардың ендігі жұмысы қысқа түсетін малына қажетті жем-шөп қорын қамтамасыз ету. Бүгінде осындай қам-қарекеттің басында жүрген Аманөткел ауылының тұрғыны Б.Махамбетжан ауылға келіп жатқан арзандатылған шөптен қолындағы малына қажетті жем-шөпті біршама жинақтаған. Шама келсе артығымен алғанды жөн көреді. Алайда өз есебі бойынша қорасындағы мал азығының мөлшері бір қыстан алып шығардай.
– Биылғы жыл ауданымыз үшін оңайға соғып жатқан жоқ. Жерде мал аузына ілігер шөптің жоқтығы мен су айдындарының тартылып кетуі бізге біраз қиындық тудырды. Бірсыпыра малымыздан да айрылдық. Алайда «малым жанымның садақасы» деген халықпыз ғой. Қолдағы барға да шүкір. Малымыз өріске кетіп келмей қалып жатқан кезде де ауылдың азаматтары бір-біріне хабар айтып, сорға батқан, құлаған малдарға бірігіп көмектесіп жатты. Мұның барлығы ауылдағы ағайынның ұйымшылдығы мен бір-біріне деген жанашырлығының айқын көрінісі. Бастысы бұл мәселеге жергілікті билік уақытылы араласып, тиісті шешімді қабылдады. Халыққа легімен келіп жатқан көмектің барлығы соның нәтижесі деп ойлайымын. Осы уақытқа дейін ауылға кәсіпкер азаматтардың қолдауымен бірнеше мәрте арзандатылған жем-шөп келді. Әркім мүмкіндігіне қарай қажетті жем-шөбін алды. Бізге жасаған қолдауларына көп рахмет, – дейді ауыл тұрғыны Б.Махамбетжан.
Ата кәсіптің осы бір түріне ден қойып, шаруашылығын жүргізіп отырған шаруалар үшін де биылғы жыл басқалардан ерекшелеу екені белгілі. Себебі көптеген шараушылықта мал шығыны орын алды. Ермей қалған төлді есептемегенде мал басы да көптеп шығынға ұшырады. Осы жағдайларды ескерген жанашыр азаматтар мәселеге дер уағында мән беріп, дабыл қақты. Нәтижесінде жағдай ескеріліп, аудан бойынша табиғи сипаттағы қуаңшылық жағдайы орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Жаздың аптап ыстығында су мен шөптен қиындық көріп, мал басы санында шығын орын алған шаруалардың бірі – А. Есімов. Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны «Амангелді Есімов» шаруа қожалығында біршама шығын орын алғанын айтады. Десе де тіркеу бойынша тізімде тұрған ірі қара малына заңдылығына сәйкес үкіметтен сибсидия қарастырылған. Бүгінде сол қолдауларға сәйкес шаруашылығындағы малдарына қажетті жем-шөп қорын дайындаған.
Биылғы жаз шаруаларға қиын болды. Оны мойындау керек. Көз алдымызда көлбеңдеп жүрген малымыздан айрылдық. Тіпті мал басы шығыны жүздеп тіркелген шаруалар болды. Бұрын аталарымыз «қыстан сақтаныңдар, жұт келсе естеріңді жия алмай қаласыңдар, – деуші еді. Жұттың жазда келгенін де көрдік. Мұндайда не істеріңді білмейді екенсің. Күн жылыда малды қолға ұстаған жайсыз ғой. Ұстаған күннің өзінде оның барлығына беретін шөп те жоқ. Оның үстіне далада еркін жайылып өспеген мал қысқа түсе алмайды. Бәрібір арам өліп, еңбек еш кетеді. Бұл да бір Алланың сынағы шығар. Бастысы, басымыз аман. Қалғаны орнына келер. Дегенмен сенерің мал болған соң оның тірі болғаны әрі күйлі болғаны жақсы. Енді алда қыс келе жатыр. Кешегі қуаңшылықтан аман алып шыққан малды енді қыстан аман алып шығудың қамын жасау керек болып тұр. Ол үшін малға қажетті жем-шөп қорын жинақтадық. Мүмкіндік болып жатса әлі де аламыз. Себебі биылғы қысқа түскен малдың жағдайы мәз болмайын деп тұр. Тәуекел, не де болса бұйырған мал болса жүрер, – дейді.
Иә, «мал-жаның аман ба?» дейтін қазақ үшін малдан берекелі байлық жоқ. Төрт түлігін төскейге өргізіп, табан ет, маңдай терінің арқасында тіршілік етіп отырған жандар үшін биылғы қыстың салмағы ауыр болғалы тұр. Дегенмен бұл мәселеде жергілікті билік те қол қусырып қалмасы анық. Оған ауданға қажетті жем-шөп қорын әлі де молайту жұмыстарын қолға алып жатқаны дәлел бола алады. Бүгінде төбе-төбе шөп артқан көліктер ауылдарға да жол тартуда. Өз техникаммен өзіме де, елдегі ағайынға да шөп тасымалдаймын деген жандарға да қажетті жанармайы беріліп жатқанынан да хабардармыз. Мұның барлығы жергілікті биліктің қолға алған жоспарлы жұмыстардың бір парасы ғана. Жақсылыққа бастайтын осындай жұмыстардың арқасында біз биылғы қысты да қалыпты еңсереміз.

А. БИСЕНОВ
26 қазан 2021 ж. 531 0