Заманауи мұғалім қандай болуы керек?
Мұғалім ол – ұлы мамандық иесі. Ұлағатты ұстаздардың еңбегі мәңгі есте сақталады. Себебі ол бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, оның екінші ата-анасына айналады.
Ұстаз баланы тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатады. Дегенмен бізді қоршаған әлем үнемі өзгеріп отырады. Біз де өзгереміз. Мұндай өзгеріске балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер де дайын болуы керек. Жас ұрпақпен жұмыс істей отырып, мұғалімдер оқушылармен байланыс орнатуға және олардың тікелей жұмыс міндеттерін мүмкіндігінше тиімді орындауға көмектесетін белгілі бір жеке және кәсіби қасиеттерге ие болуы тиіс.
XXI ғасыр мұғалімінің портреті
Бәріміз білетіндей, ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның және ғылымның дамыған заманы. Заман кез келген адамнан әмбебеп болуды талап етеді. Оның ішінде мұғалімдер де заман ағымымен бірге өзгеруі керек.
Мұғалім заман ағымына ілесуі керек: өз жұмысында инновацияларды, әр түрлі әдістерді қолданып, материалды еркін меңгеруі керек. Негативті мектепке кірерде табалдырықта қалдырып, балаларға мейірімділік пен жылулық сыйлауы тиіс. Болашақ осы мұғалімдерге тікелей байланысты.
Қазіргі мұғалім қандай? Ол – шығармашылық қабілеттерді дамытуға жағдай жасай алатын, оқушылардың білімді қабылдауға деген құштарлығын дамыта алатын, өз бетінше ойлауға үйрететін, материалды оқыту барысында өз бетінше сұрақтар құрастыра алатын, өз білімін толығырақ іске асыра алатын адам. Сонымен қатар пәндерді оқуға деген ынтасын арттырып, олардың жеке бейімділігі мен талантын көтермелейтін тұлға. Қазіргі мұғалім үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді, олар «Мектеп оқушыларына не үйрету керек?» деген өзекті проблемалық сұраққа жауап іздеуде. Қазіргі заманауи мұғалім кәсібіне және оқушыларға деген сүйіспеншілікті біріктіреді, олар балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, сонымен бірге өз оқушыларынан да үйрене алатынын маман иелері. Қазіргі заманғы мұғалім әр баланың жан дүниесіндегі ең жақсы қасиеттерді анықтап, балаларды алған білімін ұнатуға ынталандыруы керек, сонда ғана оқушылар мектепті бітіргеннен кейін өздерінің қоғамдағы орнын анық түсініп, оның пайдасына жұмыс істей алады.
Қазіргі мұғалім – ол кәсіби маман. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі оның кәсіби қажеттілігімен анықталады. Қазіргі мұғалімнің, ұстаздың айрықша ерекшеліктері – оның үнемі өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі сынауы, эрудициясы және жоғары жұмыс мәдениеті. Өзін-өзі тәрбиелеу қажеттілігінсіз мұғалімнің кәсіби өсуі мүмкін емес. Қазіргі мұғалім қол жеткізген нәрсеге ешқашан қанағаттанбауы керек. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ алға ұмтылу да өте маңызды, өйткені мұғалімнің жұмысы – шексіз шығармашылықтың көзі.
Бүгінгі таңда мұғалім білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы керек. Мұғалімнің міндеті – әр баланы оқу процесіне қатыстырып, оны тыңдай білу, көмекшісіне айналдыру, оқушының көзімен оны мазалайтын мәселеге үңілу. Әдісті жақсы меңгерген мұғалім ғана педагогикалық әрекетті дұрыс ұйымдастыра алады, сабаққа дайындалады.
Талдықорған қаласындағы Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің директоры Айман Қабдығалиеваның ойынша, заманауи мұғалім білім саласындағы барлық өзгерістерге бейім және дайын болу керек. Ақпараттар ағымының толассыз өзгеруіне байланысты, сол ақпарат легімен уақытылы танысып, заман ағымына ілесіп отыру керек. Бір орнында отырып қалу – бүгінгі өзгермелі заман мұғаліміне тән қасиет емес.
Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң, артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, мұғалім – үлкен білімнің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың нышаны. Ұстаз – үлкен құрметке лайық маман иесі. Себебі адам баласы өмірге келгеннен кейін өз орнын өмірден адаспай табу үшін тәрбие мен білімді қажет ететіні сөзсіз. Осы екі ұғымды бала бойына дарыту – ұлағатты ұстаздың еншісінде. Сол себепті болашағымызды тәрбиелейтін мұғалім – баланың екінші ата-анасы, жол сілтер ақылшысы. Осы тұста Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген өлең жолдарын еске түсіргеніміз абзал. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, жылдар бойы төккен тер мен адал еңбектің ақталғанын көреміз. Ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді ұстаз.
Ұстаздың бойында болуы керек қасиеттер
Қай ғасырда болсын, ұстаз ұлы тұлға болып қала бермек. Ұстаздығынан жаңылмас үшін бұл маман иесінің бойында жеке ерекше қасиеттері болуы керек.
Қазіргі мұғалім бойында ең бастысы сабырлылық және ұстамдылық қасиеттері керек деген пікірді үнемі айтып отырамын. Қандай жағдай болмасын, мұғалім өзінің беделін түсірмеуі қажет. Мұғалім беделі әр ұстаздың өзіне байланысты. Қоғам өміріндегі кездесетін келеңсіз жайттарға да, әсіресе әлеуметтік желідегі саяси тақырыптарға ұстаз өзінің үлкен білім иесі екенін, зиялы қауым өкілі ретінде әр түрлі алып-қашпа әңгімелерге терең біліміне сүйене отырып, жауап беру керек деп ойлаймын. Бүгінгі қоғам алдында өзінің беделін әрқашан биіктен көрсете білуі қажет. Себебі ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға. Мектеп қабырғасында оқушылар өзінің ұстазына қарап бой түзейді, ұқсағысы келеді. Осыны естен шығармаған жөн, – деп айтты ұлағатты ұстаз сұхбатында.
Бүгінгі таңда мұғалім адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, өз елінің мәдениетін бағалай білетін және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін, әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, дені сау, зияткер, шығармашыл, табысты тұлғаны тәрбиелеуі керек.
Қазіргі мұғалім ең алдымен қарапайым адам болуы керек. Бұл оның жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болуы, белсенді позициясы болуы және қоғамдық өмірге қатысуы керек дегенді білдіреді.
Адамға тән қасиеттер жетерлік, ол – адамгершілік, белгілі бір руханилық, гуманизм. Жақсы мұғалім әрқашан өз қателіктерін мойындайды және оны түзетеді, оқушыларға құрметпен қарап, барлығымен бірдей байланыс орнатуға тырысады.
Одан бөлек, ХХІ ғасыр мұғалімның басты құндылығы – заманауи техниканы игеру, оны оқу процесінде қолдана білуі. Қазір қағаз бен қаламның дәуірі артта қалып, оны бәріміз компьютермен алмастырдық. Енді мұғалімдер жаңа заманға бейім жастардың көңілін алдандыра да, сабақты қызықты өткізе де алады. Ол үшін педагог үнемі өз білімін жетілдіріп, біліктілігін де арттырып отыруы керек.
Талдықорған қаласындағы Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің директоры Айман Қабдығалиеваның айтуынша, білім саласында біліктілікті арттыру мәселесі әрқашан да өзекті екені рас.
Бүгінгі күні ұстаздар өз біліктіліктерін үш жылда бір рет арттыру керек екені айтылуда. Әрине, бұл – құптарлық бастама. Дегенмен ұстаз білімнің биік шыңын бағындырғысы келсе, өз білім деңгейін күнделікті арттыру қажет деп есептеймін. Білім жетілдіру мәселесін ішкі және сыртқы фактор деп қарастыруға болады. Сыртқы деп отырғанымыз – белгілі бір біліктілікті арттыру курстарына немесе орталықтарына барып арттыру. Бұл да – керек үдеріс. Дегенмен де, ішкі фактор маңызды дер едім. Мектепішілік кәсіби қоғамдастық аясында, сабақтарға қатысу, бірлесе сабақты жоспарлау, бір-біріне кері байланыс беру арқылы біліктілікті жетілдіру әлдеқайда тиімді. Демек, оқыту үдерісіндегі кездесетін кедергілерді бірге талқылау, шешімін бірлесе шешу – біліктілікті арттырудың ең тиімді жолы. Бұл ғылыми дәлелденген. Мен өз мектебімде мұғалімдердің біліктілігін арттыруды осындай бірнеше қадамнан тұратын мектепті дамыту жоспарының басымдығы етіп алдым. Дана Абайдың он бесінші қара сөзіндегі «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген тағылымды сөзін басшылыққа алып, жұмыс істеп келеміз. Демек, мұғалімдердің рефлексиялық дағдысын дамыту маңызды, - деді ол.
Қазіргі таңдағы мұғалімдердің ерекшелігі – олар баланы заманауи, яғни бәсекеге қабілетті ету үшін жан-жақты болуына септігін тигізіп жатқан маман. Қазіргі күні келешек ұрпақтың саналы да, сапалы тәрбие алуы мұғалімге тікелей байланысты болып тұр. Өмірдің заңы – алға ұмтылу, озу.
ХХ ғасыр және ХХІ ғасыр ұстаздарының айырмашылығы бар ма?
«Заманына қарай адамы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Әрине, екі заман мұғалімдерінің білім беру процесінде айтарлықтай алшақтық бар. Себебі өткен ғасыр қазіргі замандай болмады. Ғаламтор, компьютер, қашықтан оқыту, жаңа әдістемелік құралдар сияқты жаңа, тың дүниелер күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып үлгерді.
Қазір жаңа көзқарастағы, жаңа компьютерлік технологияларға ұмтылатын, сыни тұрғыдан ойлайтын жаңа ұрпақтың балалары өсіп келеді.
Әрине, ол заман мен қазіргі кезді салыстырсақ, екеуі – екі бөлек дүние. Бізді тәрбиелеген ұстаздарда еркіндік болды. Ең мықты тәрбие мектебі сол заманда болды. Себебі тәрбиенің қатал әдіс-тәселдерін пайдаланса да, ата-ана, оқушы тарапынан өкпе-реніш болмайтын. Олар солай болу керек деп түсінетін. Сол тәрбиені көрген балалар – бүгінгі күні ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар мен азаматшалар. Ал қазіргі ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімде бәрі шектеулі. Бала тәрбиелеу жолында бүгінгі мұғалімдерге ең бірінші, үлкен сабырлылық, ұстамдылық қасиеттері керек. Бүгінгі күннің балалары – әлеуметтік желіні, ғаламтор желісін, қашықтан оқуды меңгерген, індет кезеңін басынан өткеріп жатқан ұрпақ. Олардың зейіндері тұрақсыз, есте сақтау қабілеттері де қанағаттанарлық деңгейде емес. Мұғалімдерге де оңай тиіп жатқан жоқ. Аянбай бар білгендерін үйретіп жатыр, – деді мұғалім Айман Қабдығалиева.
Сонымен қатар жақсы ұстаздан білім алған оқушы есейгенде өмірден өз жолдарын тауып, табысты адамға айналатыны сөзсіз. Жұмысына адал адам оқудан, өзін-өзі жетілдіруден тынбайды, оның сабағында бүгінгі күннің жаңалығы, қазіргі заманның лебі есіп тұрады. Бұрынғы жақсы мұғалім өзінің өмірге деген жағымды көзқарасымен, ашық-жарқын мінезімен балалардың жүрегіне жол тауып, болашаққа деген сенімдерін нығайтып, жақсы істерге, бастаушы ниеттеріне жол аша білді.
Мұғалім өзінің білімін үздіксіз дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана сыйлы ұстаз бола алады. «Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі жойылады» деп Константин Ушинский айтқандай, педагогтар өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауы тиіс. Сол себепті іздену, даму, кәсіби өсу, біліктілігін арттыру – мамандардың кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі.
Жас мамандарға мектептің берері өте көп. Сонымен бірге тәжірибелі ұстаздар да өз көмектерін аяп қалған емес.
«Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол», – деп Ганди айтқандай, ағысы күшті қоғамның талабына сай болу – әр ұстаздың міндеті.
Педагогикалық мамандық адамды жас, белсенді және тынымсыз болуға міндеттейді. Оқушыларды зерттеу жұмысына үйрету, оларды адамзат жинаған тәжірибені құрметтеуге, қоршаған әлемге және өмірге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, олармен бірге оқу, білім алуға мұғалім міндетті болады.
Сонымен қатар қазіргі заманғы мектеп – бұл мейірімділік, өзара түсіністік, оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің ынтымақтастығы мектебі. Балаларды ассимиляцияланатындай емес, өздері қалайтындай дәрежеде оқыту керек деп ойлау мүлде орынсыз. Қазіргі мектептегі оқушы бұл – тек білім алатын адам ғана емес. Бұл – өзінің, ата-анасының, мектептің намысын қорғайтын адам. Оқушы сыныптастарының серігі, көмекшісі бола білуі керек.
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі педагогика ғылымы мен озат тәжірибелердің басты бағыты болары даусыз. XXI ғасыр мектебін көптеген қиындық, кедергіге қарамай, өркендету, оның сапасын арттыру мейлі қай дәуірдің болсын мұғаліміне байланысты.
Қорытындылай келе, қазіргі мұғалім – бұл ең алдымен, шебер мұғалім. Ол өзінің мамандығының басты міндетін жақсы атқарады. Шын мәнінде мұғалім үлкен күшке ие. Қазіргі қоғамда балалар білімнен бұрын, тәлім-тәрбиені қажет етеді. Ол – баламен қатар жүретін, бірақ қажет болған жағдайда жетекшілік ететін адам. Әлем туралы, қарым-қатынас туралы, түрлі құбылыстар туралы ойларын кеңейтетін, жаңа көкжиектерді ашатын адам. Баланы құрметтейтін және оған өзімен теңдей қарайтын адам.
baq.kz