Тазалық мәселесі басты назарда

Жиын барысында әрбір сектордағы тазаланған орындарға қайта қоқыс тасталған жағдайлар слайд арқылы көрсетілді. Аудан басшысы бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарды тыңдап шыққан сектор жетекшілеріне тазаланған жерлерді осы күйінде ұстап тұру үшін рейд шараларын үздіксіз жүргізу қажеттігін айтты. Халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін күнделікті белгіленген аймақты аралап, тұрғындарға үнемі ескерту жасап отыруды тапсырды. Мұнымен қоса қоқыс жәшігі жоқ тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтарды жинақтап, бір жерден қаптармен алып кету жұмыстарын үйлестіруді жауапты мамандарға жүктеді. Сондай-ақ, аудан әкімі сенбілік уақыты аяқталғанымен көшелердің түнгі жарықшамдарының толық жануын, әр аймақтағы ойын алаңдары мен аллеяларды қадағалау, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді «Қуанышбек» ЖШС-мен толықтай келісімшартқа отырғызу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізу, негізгі міндеттер болып қала беретінін айтты.
Штаб отырысында аудан басшысы қала әкіміне жөндеуді қажет ететін барлық бейне камералардың толық іске қосуды, аудандық полиция бөліміне қаланың әсемдігі үшін безендірілген заттардың бүлінбей сақталуын бақылау, тәртіпті қадағалау және жауапты сала басшыларына бағдаршамдардың тұрақты жұмыс жасауын бақылау тапсырылды. Және де халықты тазалық сақтауға шақыратын мақалалар мен посттар және белгіленбеген орындарға қоқыс қалдықтарын тастау дерегімен заң талаптарын бұзған тұлғаларды әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялау, күзгі мезгілде өткізілген тал егу акцияларының нәтижесі туралы хабарлау жүктелді.
«Толқын» ақпарат