Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық талабын бұзғандар жазасыз қалмауы тиіс

Тазалық талабын бұзғандар жазасыз қалмауы тиіс

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен кезекті санитарлық штабтың отырысы өткізілді.

Аудандағы санитарлық штаб және мобильді топ мүшелерінің, бірқатар дербес бөлім басшыларының және қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің басын қосқан отырыстың күн тәртібінде Арал қаласы және Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері бойынша жүргізіліп жатқан санитарлық тазалық жұмыстарының барысы қаралды.

Еске сала кетейік, қала тазалығын сақтау мен тұрғындардың рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс қалдықтарын тастау жағдайларына тосқауыл қою мақсатында Арал қаласы 7 секторлық аймаққа бөлініп, жауапты топ басшылары бекітілген болатын. Бүгінгі басқосуда 5 және 6 секторға жауапты мобильді топ басшылары өздеріне бөлінген аймақ бойынша жүргізілген жұмыстардың жай-күйін баяндады.

Алдымен 5 сектор бойынша сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекенов Арал қаласының солтүстік аумағы бойынша жүргізілген тазалық шараларына кеңінен тоқталып, рейд жұмыстары барысында 21 тұрғынға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505 бабына сәйкес ескерту шарасы берілгенін атап өтті. Ескерту алған тұлғалар белгіленген уақыт аралығында абаттандыру шараларын қайта қалпына келтірмеген жағдайда айыппұл салынатындығы ескертілген.

Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев 6 сектор бойынша жүргізілген тазалық жұмыстарының барысын тарқатып өтті. Атап өту қажет, аталған сектор бойынша тұрғындар қоқыс тастауды әдетке айналдырған аумақтар анықталып, тиісінше тазартылып, 8 қала тұрғынына тазылық талаптарын бұзғаны үшін заң аясында шара көрілген.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінің әкімдері де сөз алып, тазалық мәселесі бойынша кент аумағында жүргізілген жұмыстарды баяндады.
Осы ретте аудан басшысы алдын ала зерделеу жұмыстары бойынша екі кенттегі тазалық мәселесі сын көтермей тұрғандығын айтып, аталған кемшіліктерді ретке келтіру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бөлек тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында көше комитеттері мен жауапты тұлғалардың бірлесе отырып жүргізетін жұмыстарының маңыздылығына тоқталған аудан әкімі тұрғындар мен мекемелерге қала тазалығына жауапты «Қуанышбек» ЖШС-мен келісім-шартқа отыру жөнінде түсіндірме жұмыстарын және құқық қорғау қызметкерлерімен тексеру шараларын үздіксіз жүргізуді тапсырды.

Бұған қоса тазалық талаптарын өрескел бұзған тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялап, тұрғындар арасында мәселеге немқұрайлық танытпау қажеттігін тереңінен түсіндіру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттегін ескертті.

Сонымен қатар алдағы сенбі күні ауданымызда жалпы республикалық "Таза Қазақстан" акциясы өтетіндігін ескертіп, тазалық шарасына жұмыла үлек қосуға шақырды.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 қыркүйек 2021 ж. 421 0