"Ұрының құдығы"
Кешегі Кеңес өкіметі дүрілдеп тұрған сонау бір жылдарда Атаншидегі мал ауылдарына кино қойып жүргенбіз. Біз үшеуміз. Шофер, киномеханик және мен -автоклуб меңгерушісі. Машинамыз фургонды ГАЗ-5. Түсте бір малшы ауылға кино қойып, енді келесі ауылға кеткелі жатқанымызда малшының әйелі: «Сіздерге арнап тамақ салып қойдым, жеп кетіңіздер» деді. Амал жоқ, тамақтың пісуін күтуге тура келді. Тамақты жеп, алдымыз кеш болса да келесі ауылға баруға жолға шықтық. Баратын жеріміз 20 шақырымдай. Айдың қараңғы кезі еді, кеш бату бойына бірден тастай қараңғы түсіп, жан-жақ түк көрінбей кетті. Бұйра-бұйра құмдардың арасындағы жазыққа түскен айқұш-ұйқыш жолдармен жүріп келеміз. Ауылға келетіндей уақыт болды, бірақ үй көрінбеді. Тағы да бір қыдыру жүрдік, үй жоқ. Адасқанымызды білдік. Бұл өңірдің жер жағдайына да, жолына да онша қанық емес едік, қайда тұрғанымызды білмедік. Босқа жүре бергенше осы тұрған жерімізде қонып, таң атуын күтейік деп шештік. Шофер кабинаға, киномеханик екеуміз фургонға жайғастық. Таң атып, жарық бола бастағанда жан-жағымызға қарадық. Бірақ, бұл жер бізге таныс болмай шықты. Амал жоқ, жүріп келе жатқан жолымызбен алға қарай жүре бердік. Едәуір жүргенде құм жиегіндегі аумағы бір ауыл сыятындай үлкен қазан шұңқырға тап болдық. Дәл үстінен түспесе, бұл жерде осындай үлкен шұңқыр барын ешкім білмейтіндей. Шұңқырда екі үй отыр екен. Бірі – малшыныкі, екіншісі көмекшісінікі болу керек. Үйдің біреуіне кірдік. Үйде бір қария кісі, бір әйел және екі-үш бала бар екен. Қарияның баласы мал жайып кетіпті. Жағдайымызды айтып, жөн сұрастық. Сұраса келе қария кісі маған нағашы болып шықты. Бұларда осы Атаншидің мал отарларының бірі екен.
– Нағашы, бұл жерді не дейді, – деп сұрадым қариядан.
– Бұл жер «Ұрының құдығы» деген жер,– деді қария.
– Ойпырмай, «Ұрының құдығы» деген аты жаман екен, неге олай атаған, - деп мен одан әрі қазбаладым.
– Ой, шырақтарым, бұл жердің өз тарихы бар, мен де жөнді білмеймін, бала кезімде әкемнен және әкем қатарлы кісілерден естігенім бар еді, – деп қария шай келем дегенше әңгімесін одан әрі жалғап кетті.
Бұл Қарақұм деген жарықтық, құт-береке дарыған жер ғой. Заманында бұл өңірді қазақтың көптеген байлары өздерінің қоңсыларымен бірге жайлапты. Соның бірі Жақып деген бай екен. Қарамағында бір қауым ел болса керек. Жақып бай аса қайырымды, жақсы адам екен. Өз малының есебінен қоңсыларының жігіттерін үйлендіріп, қыздарын жасаулатып ұзатып отырыпты. Оның ауылында кедей-кепшік деген болмапты. Бай болғасын баукеспе ұры ұстайтын әдеттері бар ғой. Жақып байдың да осындай Қожағұл деген ұрысы болыпты. Бірақ Жақып бай оны барымта ұрлыққа емес, өз малын басқа барымташылардан қорғау үшін ұстапты. Өңірде жаңа Кеңес өкіметінің орнап жатқан кезі. Бұлар осылай мамыражай отырғанда, бір күні кәмпеске деген науқан бұрқ ете қалады. Әдепкіде бұлар оған онша мән бермейді. Көп ұзамай жан-жақтағы байлар кәмпескеленіп, өздері итжеккенге (қазақтар Бурятия жақты итжеккен деген, өйткені олар шанаға ит жегеді) айдала бастағанын есітіп, абыржи бастайды.
– Бар малымды өз еркіммен жаңа өкіметке өткізсем де, мені аман қалдырады дейсін бе, мені де Іркітке (Иркутскіні қазақтар Іркіт деген) айдаса, сүйегім сонда қалады-ау, – деп Жақып қатты уайымдайды.
Әрі ойлап, бері ойлап өзге байлармен бірге бұл да шекара асуға бел буады. Бір түнде өзіне қараған мал-жанын ерітіп, ауа көшеді. Бірақ бір жағы туған жерін, бір жағы ата-баба зиратын қимай Қожағұл бұл көшке ермей, өзіне қараған екі-үш үйімен жұртта қалып қояды. Енді жұртта қалғандарға күн көру керек. Қолдағы бір-жар мал ештеңеге сеп болмайды. Қожағұл ара-тұра жан-жақтан мал ұрлап әкеліп тұрады. Әрине, әдепкіде ол жаңа өкіметке кіргісі де келеді, бірақ Жақып байдың жылқысын барымталауға келген бір барымташыны соққыға жыққаны бар еді, енді сол жігіт өкіметке кіріп, милиция болып жүр дегенді естіген. Өкіметке кірсе сол жігіт бірден ұстап, соттатып жібереді деп қорқады. Мына заман бір жағына шыққанша оңашалана тұруды жөн көреді. Сөйтіп, Қарақұмның қойнау-қойнауынан оңаша жер іздеп, осы қазан шұңқырды табады. Шұңқырдың түбінен құдық қазады, суы мол болып шығады. Бұлардың жағдайы бірте-бірте жақсарып, маңайындағы ауылдар қосылып, тіпті бір қауым ел болады. Құдықтың суы бәріне жетеді. Құдықты Қожағұл қазғандықтан «Ұрының құдығы» деп атала бастайды. Көп ұзамай Кеңес өкіметінің кедей шаруаларға жақсы қарайтынын біліп, бірте-бірте өкіметке кіре бастайды. Оларға Қожағұл да қосылады. Баяғы соққыға жыққан жігітпен тіл табысып, екеуі дос болады.
– Міне, содан бері қаншама жылдар өтті, талайлар бұл құдықтан су ішті, тіпті бір жылдары бұл құдықтың басында кеңшардың шөп ауылы да отырып, суын ішкен. Солардың жалғасы болып, міне, бүгін біз де осы құдықтан су ішіп, жеті жүз қойды суарып отырмыз. Құдық соншама жылдардан бері елге құт-береке сыйлап, суымен қандырса да, «Ұрының құдығы» деген аты қалып қойды. Жалғыз құдықтың өзі емес, осы төңіректің бәрін «Ұрының құдығы» деп атайды. Міне, шырақтарым, бұл жер жайлы бала кезімде үлкендерден естігенім осы еді, – деп қария әңгімесін аяқтады. Біз де шай-суымызды ішіп, киномызды қоюға кірістік.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері