Елімен бірге есейген

Кеңестің империя құлап, қарамағындағы елдер өз алдына Тәуелсіздігін жариялап жатқан сол 1991 жылы күзде Көбейсін әкейдің қызы жарық дүние есігін ашқан. Ал еліміз шынайы түрде Тәуелсіздігін жариялап, жұрт бөркін аспанға атып қуанып жатқан кезде кейіпкеріміз Гүлдана небәрі 4 айлық құндақтаулы сәби. Бүгінде сол бала Гүлдана Тәуелсіздікпен тетелес өсіп, арада өткен 30 жыл ішінде мықты маманға айналды. Осы уақыт ішінде еліміз де аяғына нық тұрып, әлемдік қауымдастық алдында атарлықтай жетістікке жеткен елдер санатына енді.
Кейіпкерімізге оралайық. Гүлдана Арзмағамбетова осыдан 30 жыл бұрын Арал қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң әкесі салған сара жолмен 2016 жылы Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін «қаржыгер» мамандығы бойынша бітіреді. Негізгі еңбек жолы 2011 жылы басталған. Есеп-қисап жағында тәжірибе жинақтап, арада өткен он жылға жуық уақыттың ішінде қаржы саласын жетік меңгерген мамандар қатарына қосылды. Сол тәжірибесі Гүлдананы 2016 жылы Арал аудандық қазынашылық басқармасына алып келді. Бүгінде ол сол бөлімде бас маман, бас қазынашы болып қызмет етеді. Соған дейінгі аралықта Арал қаласы әкімдігінің бас есепшісі, Ақирек ауылдық округі әкімдігінің бас маман – бас есепшісі болып еңбек етті.
Иә, осы Аралдың өзінде 30 жасқа жеткен қаншама жастар бар. Сол азаматтардың қатары, Тәуелсіздікпен түйедей құрдас Гүлдана өзіне осындай сәйкестік серік болғанын мақтаныш етеді.
– Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын! Осы 30 жасымды торқалы тоймен қатар өткергенім үшін қуаныштымын. Жаһандық көшке сеніммен қадам басып, бүгінде дамыған елдер санатына енген Қазақстанымды мен әрқашан мақтан етемін. Мен қандай жетістікке жетсем де алдымен Отаным Тәуелсіз Қазақстанымның арқасы. Мен өз Отанымда бақыттымын, - дейді Г.Көбейсінқызы.
А. БИСЕНОВ