Тәуелсіздік құрдастары тал екті

Осыған орай облыстық кәсіподақ комитеті Ұлы Жеңістің 76 жылдығына және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай майдангерлердің ерен еңбегі мен өшпес ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында аймақ көлемінде жаппай акция өткізді. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастар санасына сіңіріп, өткен күнді ұмытпай, бейбіт заманның құндылығын биік тұтуды бір сәт естен шығармауды көздейтін білім саласының жастары әркез елдің ертеңін нұрлы етуге дайын екенін тағы бір көрсетті. Соның бір көрінісі ретінде кеше аудандағы 1991 жылы туған тәуелсіздік құрдастарынан құралған белсенді жас ұстаздар тал егу акциясына қатысты.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Жұмабай Мирманов, "Жас толқын" жастар кеңесінің жетекшісі Алтынбек Қыстаубаев қатысқан шара жайлы қаладағы №220 орта мектебінің мұғалімі Ақбота Ешниязова:
– Бүгін аудандағы жас ұстаздар, тәуелсіздіктің құрдастары, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай алаңға 30 түп тал егіп жатырмыз. Мұндай берекелі жұмыстар ауданымызда бұрындары да жасалып жүр. Аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірігуімен жасалып жатқан осындай берекелі ісіміз оңынан болсын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, – дейді.
Ел ертеңін, ұлт болашағын тәрбиелеп отырған ұстаздың игі тілегі қабыл болып, туымыз тұғырлы, тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Оңталап ЖОЛДАСОВ