Отбасы шырағын сөндіріп алмайық
Қазіргі уақытта түтіні түзу ұшқан, шаттықтың шамы жанған шаңырақтағы әрбір отбасының тірлігі жанға жағатын жақсы жаңалықтарға толы. Кімнің үйленіп, бесікке салу, сүндет той, сонымен бірге туған күнді өткізіп жатқанын әлеуметтік желіден көруге болатын мүмкіндік туды. Шын мәніндегі отбасылық бақыт дегеніміз осы шығар деп іштей ел-жұрттың қуанышына ортақтасып, қосыла тілек жазуды әдетке айналдырдық. Бұл да құптарлық жағдай, себебі өзгеге тілекші болу да – жақсылықтың нышаны.
Бірде әлеуметтік желіден мерейлі жасын атап өтіп жатқан анамыздың арнайы әкелінген торттың айналасында жанып тұрған шырақты үрлеп өшірген сәтін көрген едім. Торт бетіндегі жанған шырақты үрлеп өшіруін өтінген немере-шөберелерінің тілектерін орындаған әжей де балаша мәз-мейрам болуда. Сол сәтте үбірлі-шүбірлі кейуанаға отты үрлеп сөндірткен ырымға жаман емес пе деген ой туындады. Бұл көрініс арқылы оқырманмен ой бөліскім келген еді...
Соңғы уақытта асыл аналарымыз ғана емес, кей жағдайда тойда қалыңдық пен күйеу жігіттің торт үстіндегі отты үрлеп өшіруі жаман ырым екені айтылып қалып жүр. Үлкен тойларда, отбасы, ошақ қасында өтіп жүрген туған күндерде де осы рәсім сәнге айналған. Кішкентайлар торт үстіндегі отты сөндіруге жапатармағай жүгіріп, таласып қалады. Көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ дастарқан басына жиналған сәтте торт бетіндегі шырақты сөндіруге айналдырған баланы да, қарияны да кездестіресің. Мұндай сәтте балаңыздың не немереңіздің жүзіне бір нұрлы шуақ ұялағанын байқайсыз. Бұл кешті кейін қалай бағаласаңыз да сіз де өзіңіздің біреулер үшін маңыздығылын сезінесіз.
Адам баласының жан-жүрегіне жайлылық әкелетін жылы ұясы – отбасы. «Оттың өшпеуі», «шырақтың сөнбеуі» – отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Сонымен қатар көшпенді қазақ елі үшін оттың өшпеуі тәжірибелік мәнге де ие болған. Отбасы азаматынан айырылып қалған жағдайда да өмірінің соңына дейін шаңырағының отын өшірмеуге тырысқан. Бұрын үнемі оттық табыла бермейтін, шақпақ таспен от тұтата алмай қиналатын көшпенді бабаларымыз түнгі оттың қоламтасын күлге көміп, таң атқанша сөніп қалмауын қамдаған. Таңертең оты өшпеген үйдің жылуы кетпейді, от тұтата алмай қиналмайды, дәрет суы дайын тұрады, ас-суын да жылдам даярлайды, яғни от – әр ісінің берекесі болады. Оты өшіп қалғандар әдетте таң атпай асығып-үсігіп, көрші үйлерді мазалап, қоламта сұрап жүреді. Қазақтың асығыс жүрген адамға «от ала келдің бе?» дейтіні осыдан шыққан. Осы тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құю үрдісінде жинақталған. Бұл ғұрыптың астарында «отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмірі де солай жайнай берсін» деген ырым да жатыр.
Негізінде «Шырақ» сөзі – халқымыз үшін қасиетті де киелі ұғым болған. Өйткені, «шырақ» сөзі – «жарық», «нұр», «сәуле», «үміт оты» деген сөздермен мағыналас. Аталарымыздың: «шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін», «жақсыдан жаман туса, шамшырағының өш- кені» деп айтқан ұғымдар да жетерлік.
Ертеде бір данагөй би өмірден өтер алдында бар жиған қазына-мүлкін ұлдарына қалдыру үшін оларды шақырып алып, «үйімнің ішін қажетті бір затқа толтырғандарыңа бар жиған қазына-мүлкімді қалдырамын» деген екен. Сонда тұңғыш ұлы қап-қап сабан әкеліп, үйдің ішін сабанмен толтырса, ортаншы ұлы үйдің ішін құстың мамығымен толтырыпты. Ал, кенже ұлы бір шырақ әкеліп, оны жағып, шырақтың жарығымен үйдің ішін толтырған екен. Сонда дана би кенже ұлының тапқырлығына тәнті болып, өзінің жиған қазына-мүлкін соған қалдырған екен дегенді білуші едік аңыз әңгімелерден. Айтар болсақ, негізге алып айтар жәйттер көп-ақ. Солардың тағы бір дәлелі – ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен май- ға табынғандықтан емес, ата-баба дәстүрін құрметтегендіктен «бұрынғы-соңғының жолы» деп жасайды. Яғни қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен отқа май құяды.
Ата-анамыз: «Ойға алғаныңды айта білсең, ғұмыр жолыңды әрі қарай алысқа алып барар ұрпағыңды тәрбиелейсің. Ал, енді көпке үлгілі болсаңыз – бұл үлкен абырой» деп өсірді бізге. Сол үшін де білгенімізбен бөлісу әрбір жанның міндеті.
Иә, өмірде оп-оңай дүние болмайды. Қандай нәрсе болмасын ойланып-толғануды, оқып білгендері мен түйгендерін жүзеге асыруды талап етеді. Сол арқылы салт-дәстүрді сақтай білуіне жол ашылады. Мұндай жағдайда осындай жәйттерді бірге ақылдасып шешу – перзентерімізді өмірге дайындаудың ең оңтайлы тәсілдердің бірі деп санаймын. Ендеше, мына өмірдің шамшырағын сөндіріп алмайықшы дегім келеді. Ол үшін өзгенің қаңсығын таңсық көріп, от өшіру сынды әдеттерден аулақ болғанымыз абзал.
К. ӨТЕПБЕРГЕН