Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтық шараларына бей-жай қарамайық

Сақтық шараларына бей-жай қарамайық

Халқымызда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген тәмсіл бар ғой. Еліміздің тұтастығына қауіп төндіретін кешегідей оқиғаларды енді еңсеріп жатқан тұста әлемді жайлаған індеттің тағы бір түрі пайда болды. Жұғу қауіптілігі өте жоғары болып келетін бұл індет бүгінде әлем елдеріне өте үлкен жылдамдықпен тарап жатыр. Ритердің мәліметінше, омикрон штамы Францияда соңғы бес күн қатарынан 300 мыңдай адамнан анықталса, ал Иранда осы індеттен алғашқы адам өлімі тіркелді. Бір емес, бірнеше адам. Израильде де жағдай мәз емес көрінеді. Елде бүгінде ковид жұқтыру деректері жиі тіркеліп жатқан көрінеді. Бұл елде індеттің бесінші толқыны жүріп жатыр. Бұдан басқа Таяу Шығыстағы жағдайдың нашарлағаны себепті карантин талаптары күшейтіліп, ойын-сауық орталықтары мен адам көп шоғырланатын орындарға шектеу енгізілген. Тіпті адамдардың жүріп-тұруын шектейтін шаралар да қабылданып жатқанға ұқсайды.
Иә, ауру айтып келмейтінін дана халқымыз кезінде-ақ айтып кеткен ғой. Бұл күндері аты мәшһүр болса да затын зерттеуге мұрша бермей жатқан індеттің елімізде де тіркеліп жатқаны өкінішті. Бүгінде осы індетпен күрес шараларын күшейту жөнінде жер-жерде бас санитардың қаулысы жарияланып жатыр. Мәселе елді сақтық шараларын ұстанып, қауіпті індеттің құрығынан сақтануға шақыруда ғой. Мұның барлығы әрине елдегі жағдайды ушықтырып алмай, қалыпты өмір көшіне еркін ілесу үшін керек. Осы ретте еліміздегі деректерге де тоқталып өткен жөн. Айталық, 2020 жылдан бері коронавирус инфекциясымен Қызылорда облысында 21 278 науқас тіркеліп, 19 004 адам емделіп шықты.
Бүгінгі күні коронавирус инфекциясы бойынша аймақта 270 жағдай тіркеліп отыр. Ал 161 адам емделіп шыққан. Ауданымыз бойынша 15 адам қауіпті індет кеселінен айықты. Ал 2022 жылғы 17 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы енгізілген. Яғни, «қызыл» аймаққа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары енген. Демек бізге де арқаны кеңге салып, қалай болса солай жүруге болмайды.
Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 524 жағдай тіркелді. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 1 061 432-ге жетті. Ал жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында – 4 639, Алматы қаласында –1 578, Шымкент қаласында – 343, Ақмола облысында – 400, Ақтөбе облысында – 285, Алматы облысында – 410, Атырау облысында – 596, Шығыс Қазақстан облысында – 213, Жамбыл облысында – 257, Батыс Қазақстан облысында – 220, Қарағанды облысында – 1 356, Қостанай облысында – 214, Қызылорда облысында– 270, Маңғыстау облысында – 172, Павлодар облысында – 345, Солтүстік Қазақстан облысында – 101, Түркістан облысында  125 жағдай тіркелген.
Қазіргі таңда еліміздегі білім ошақтары қайтадан қашықтан оқыту режиміне көшті. Осы айдың 31-не дейін облыс және аудан орталықтарындағы мектептер онлайн форматта оқуға көшті. Ал ауыл мектептеріндегі оқушылар әдеттегідей дәстүрлі форматта оқи бермек. Сонымен қатар еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері де 6 ақпанға дейін қашықтан білім алу тәсілін қолданбақ. Міне, мұның барлығы бізге арқаны кеңге салып, бұрынғыдай жүре берудің қауіпті екенін ескертіп тұрғандай. Расында, енді бізге жай жату жарамас-ты. Жан-жақтан қыспаққа алған қиыншылықтарға қарамастан, еліміздің ертеңі үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдап, мемлекет айтқан маңызды міндеттердің тез нәтиже беруіне үлес қосуымыз шарт. Бұл мәселеде әлем елдеріне үлкен жылдамдықпен тарап жатқан аты жаман індеттен сақтану үшін қажетті шараларды өзіміз үшін қабылдауымыз керек. Ел тағдыры сынға түскен осы шақтарда бізге тас-түйін бірлік керек.

А. БИСЕНОВ
18 қаңтар 2022 ж. 333 0