Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйелі жұмыс, сапалы қызмет

Жүйелі жұмыс, сапалы қызмет

Қай сала болсын қоғам өмірінің қалыпты жұмысы үшін қызмет етеді. Аты елеусіз болса да, оның атқарған жұмысы экономикаға үлкен демеу болуы мүмкін. Десе де сол салада қызмет атқаратын қызметкерлердің жұмысы жұрт көзімен қарағанда сондай жағымды әрі ұғынықты болуы мүмкін. Ондай бірлескен ұжымда жұмыс та нәтижелі болмақ. Бүгін біздің айтпағымыз, аудандық ветеринария бөлімінде қызмет ететін қыз-жігіттер жайында.

Әдеттегі жұмыс күні. Кеңсемізге Жанұзақ есімді орта жастағы ер кісі келді. Есен-саулық сұрасқан соң бірден шаруасына көшті. Өзі кәсіпкер екен. Орталық базар маңында отбасылық ет дүкені бар. Әрине оған жеткізілетін еттің аспаннан түспейтіні белгілі. Ол үшін кәсіпкер өзге шаруадан ірі қара алады. Оны өзге аймақтан елге жеткізерде малдың құжаты және де аудандық ветеринариялық есепте бар-жоғы туралы анықтамасы қажет болады. Оны союға келгенде де бұрын өзге аурумен ауырмағандығы жайында анықтама алыну керек болады. Әрине кәсіпкер үшін бұл жұмыстар оңай шаруа емес. Сол құжаттардың барлығын рәсімдегеннен кейін барып, әлгі малды сойып ет қылады. Сол ет базар арқылы сіз бен біздің қазанымызда қайнап, дастарқанға келеді. Әңгімеміздің әлқиссасын түсініп отырған боларсыз. Сөздің төркіні кәсіпкердің жұмысы сол аудандық ветеринария арқылы бітеді емес пе?! Жалпы, бұл бөлімге қатысты бұған дейін бірнеше азаматтардан жылы пікір естігенбіз. Ойды ой қозғайды. Осы саланың жұмысы жайында жазбақ болып отырғанда Жанұзақ ағамыздың ойы бізді сол ветеринариялық бөлімге қарай жетеледі.
Басшысы Қалыбай Жұмашевпен тілдестік. Бірнеше сұрағымызға жауап берген соң, салаға қатысты жан-жақты мәліметті Арал қаласының ветеринариялық пунктінен алатынымызды айтты. «Іздегенге сұраған». Сол мекемеде кәсіпкер Жанұзақ ағамызбен жолымыз түйісті. Шаруасы соятын малына анықтама алу екен. Мен іздеген кеңсеге ере кірді. Сырттай бақылап тұрған мен үшін кеңсе қызметкерлерінің жұмысы расында өте үйлесімді әрі жылдам жүзеге асуда. Келген азаматтардың шаруасы заңдылығына сай реттеліп жатыр. Ветпункт меңгерушісі Әлімжан Мамаевтың айтуынша, бұл кеңсе арқылы аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, диагностикалық тексерулер, малдарды тасымалдау жөніндегі анықтамалар да осы кеңсе арқылы жүзеге асады. Малды есепке алу және есептен шығару жұмыстары тағы бар.
– Біз атқаратын жұмыс бір қарағанда көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда экономиканың негізгі дарайвері мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан біз арқылы қанша шаруа өз жұмыстарын мүлтіксіз атқарып жатыр. Біз расында әр шаруаның қолына ұстатқан бір жапырақ қағаз үшін жауап береміз. Егер оның бізден алған анықтамасы арқылы сойған малы өзгеге зиян болып жатса, таяқтың бір ұшы бізге келіп тиеді. Сондықтан біз өзімізге қарасты әр ауылдық округтегі мамандар арқылы мал басына қатысты деректерді қайта жинақтап, тиісті құжат рәсімдейміз. Сондықтан бізге жүктеліп тұрған жауапкершілік жоғары. Қасымдағы қыз-жігіттер осындай жұмыстарды атқаруда жан-жақты жұмыс істейді. Бастысы, қателесуге немесе өзгенің көңіліне қарап кесім айтуға болмайды, – дейді ветпункт меңгерушісі Ә.Мамаев.
Қала тұрғындарының өтініштері бойынша мал ауруларына қарсы жұмыс жүргізу де осы кеңсенің құзырына кіреді. Бүгінде сол бір аядай бөлмеде аянбай еңбек ететін Арал қаласының ветфельдшері Гүлмира Өтегенова мен Жанар Берсүгірова қай уақытта болмасын азаматтардың сұранысына сай жұмыс істеуді өз міндеттеріне айналдырған. Өткен жылдың соңына дейінгі мәлімет бойынша Арал қаласында 5618 бас мүйізді ірі қара, 7353 бас уақ мал, екі мыңға жуық түйе және мың жарымға жуық жылқы малы тіркелген. Одан бөлек, екі жарым мыңға жуық құс тіркеуде тұр. Міне, осы жан-жануарларға лайықты қызмет көрсетуде жүйелі жұмыс істеп келе жатқан ветстанция қызметі расында қайнаған қызу тірліктік нақ ортасы. Гүлмира мен Жанар да сол жұмыстың нақ ортасында жүрген жандар.
Бұл кеңседе тонның ішкі бауындай бірлесе қызмет атқаратын төрт қызметкердің қай-қайсысы болмасын мекеме құрылғалы жұмыс істеп келеді. Алды 10 жылдан аса еңбек еткен әріптестердің кішісі Мәлік Орынбасаров. Жұмысы шапшаң әрі тыңғылықты ветсанитардың әріптес аға-әпкелеріне болысып, қажет кезде құжат дайындау ісінде қолғабыс болатыны сырттай жылы қарым-қатынастың жарқын үлгісіндей. Бұл да өзара түсіністік пен әріптестік байланыстың нақ үлгісі бола алады.
Иә, қай істе, қай салада болсын өзара сыйластық пен ортақ тіл табысу белгілі бір нәтиже көрсетеді. Бір мекемеден нәпақа айырып, бір кеңседе бірлесіп іс қылатын аудандық ветеринария бөлімінің қызметкерлері жайлы расында жұрт оң пікірде. Біз осындай білікті әрі тәжірибелі мамандарды көпке үлгі етуіміз керек.

А. БИСЕНОВ
25 қаңтар 2022 ж. 569 0