Көпшілікке көже үлестірген кәсіпкер
Ел үшін жасалған істің бәрі жақсы. Тіпті жай ғана біреуге айтылған жылы сөз немесе демеп жіберу сынды әрекеттердің әдетте сауабы сансыз. Ал елге жасалған жақсылықтың жөні бөлек, әрине. Осы тұста көзіміз көрген, өзіміз куә болған көрініс жайында айтсақ.
Самарқанның көк тасы еріген Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында қаладағы орталық базар маңы адамға лық толды. Яғни жергілікті кәсіпкер Ерлан Ибраевтың жасаған игі ісі көз сүйсіндірді. Мереке қарсаңында елжанды азамат халыққа тегін көже үлестірді. Сол маңда жүрген барлық қала тұрғындары, сауда жасап тұрғандар, керек-жарақ алуға келгендер және такси жүргізушілері осы бір дәмі тіл үйірер ұлттық тағамнан тоя ішіп, мәре-сәре күйге енгенін көзіміз көрді. Сол күні көпшілікке көже үлестірген кәсіпкер Ерлан Нұржанұлы бас-аяғы 7 қазан көжені өз қаржысына астырып, жұртшылық алғысына бөленді.
– Мұндай игі іске баруымның басты себебі ел үшін. Біз де осы елдің баласымыз, осы елден өсіп-өніп, өз кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Сондықтан жақсылықты неге әуелі өз еліме, өз жерлестеріме жасамасқа?! Оның үстіне мерекелік мәзірге халық та сүйсіне бас қоятыны түсінікті. Бұл негізі жылдағы дәстүрге айналған іс деуге болады. Былтыр еліміздегі жағдайға байланысты Наурыз мерекесін лайықты деңгейде тойлай алмадық. Шектеулер қатты болды. Ал алдыңғы жылы 2 қазан көже дайындалып, жерлестер одан дәм татты. Биыл 7 қазан көже дайындалды. Оның төртеуі орталық базарда, үшеуі «Тайқазан» отбасылық кофесінің алдында. Отбасымыздың атынан дайындалған ұлттық астан көпшілік дәм татты деген ойдамыз. Жалпы, мұндай сарындағы жақсы бастамаларды өз басым ұдайы қолдаймын. Себебі елге жасалған жақсылықтың сауабы мол деп ойлаймын, – дейді жас кәсіпкер Ерлан.
«Тайқазан» отбасылық кафесінің алдында дайындалған көжеге аудандық орталық мешіттің жамағаты және аудандағы спорт саласының өкілдері негізгі қонақ ретінде шақырылған. Одан бөлек, сол маңдағы өзге де аралдықтар мерекелік астан дәм татқан. Көз сүйсіндірер мұндай көріністердің көп болғаны жақсы. Мұндай бастамаларға «бәрекелді» деуден өзге айтарымыз жоқ.
А. БИСЕНОВ