Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазықсыз төгілген қан

Жазықсыз төгілген қан

2000 жылдың жаз айы. Мен ол кезде Арал  аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы кезім. Төменгі қабаттан кезекші полиция қызметкері жүгіріп келіп: "бастық мырза, облыстық ішкі істер басқармасынан өкіл келді" деп хабарлады. Іле-шала Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы, қылмысты ідестіру басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Есмағамбетов Серік келіп, амандасып болғасын көңілсіз, шаршаңқы күйде орындыққа сылқ етіп отыра кетті.  Серік екеуміз осы басқармада, ол – облыс орталығында, мен ауданда социалистік меншікті талан-таражға салушылармен күресу (ОБХСС) басқармасында көп жылдар бойы бірге жұмыстас болғанбыз. Оның үстіне құрдастығымыз, өзара сыйластығымыз да бар болатын. 1988 жылы экономистік жоғары білімі барлар, біздер заңгерлік білім алмақшы болып сырттай оқуға Қарағанды жоғарғы милиция мектебіне де бірге барғанбыз. Барсақ, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасынан келген он жеті үміткердің ішінен жалғыз мені екінші курсқа емтихансыз қабылдапты. Сөйтсек, сол жылы бұрын жоғарғы оқу  орнын  үздік бітіргендерден еліміз бойынша 54 адамды эксперимент ретінде емтихансыз екінші курсқа қабылдапты. Қызылорда облысынан сол сынаққа менің  құжаттарым сәйкес келіп, жолым болды. Сөйтіп мен бақытқа кенеліп, қалған үміткерлерді Қарағанды қаласына жақын жердегі Долинка қыстағына кортоп қазуға шығарып салғанмын. Сөйткен Серік құрдасым ауыр күрсінгесін, өзімсініп "не болды, жолдан шаршадың ба?"  деп сұрадым. Ол: "жоқ, жолдан шаршағаным жоқ, мына сен айналысып жатқан Сексеуілдегі екі адамды өлтірген қылмысты қалай ашамыз деп уайымдап келе жатырмын. Сезікті бір адамды әкелді деп естідім, бастық Тастемір Сауранбайұлы "осы қылмысты ашпай қайтпа" деп тапсырды",– деп уайымын айтты. Мен: "ол қылмыс ашылды, кеше Атырау облысы, Қызылқоға ауданынан осы қылмысқа сезікті бір адамды алып келдік, ол істеген қылмысын мойындап отыр, тек түс қайта Сексеуіл кентіне барып, оқиға болған жерде күдіктінің жауабын тексеру және оны бейнетаспаға түсіру ғана қалып тұр" дедім. Серік қуанғаннан орнынан атып тұрып: "бағанадан соны айтпайсың ба, мен кіріп келе жатып саған қарасам, қағаз жазып төмен қарап, көңілсіз отырған  сияқтысың. Бар ойым жаңағы қылмысты ашу болып келе жатқасын, ол қылмыс ашылмаған екен  деген ойда едім", – деп екі алқанын ысқылап қуанып, жайнап сала берді.
Ол осыдан екі жылдай уақыт бұрын Арал  ауданы, Сексеуіл кентінде болған оқиға еді. Сол жолы екі адамның өлімі болып, уақытында ашылмай қалған аса ауыр қылмысты айтып отырған болатын. Орын алған оқиға 1997 жылдың сәуір айының аяқ кезінде болыпты. Мен сол жылдың мамыр айының аяқ кезінде Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Бұл орынға тағайындалуым да қызық болды. Мен мемлекеттік тергеу комитетінің Төретам және Ақай қыстағы бойынша бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқарып жүргенімде бұл қызмет түрі қысқарып, қайтадан полицияға қосылған кезіміз еді. Бірде облыстық ішкі істер басқармасының генерал Е.Демесіновтің орнына жаңадан тағайындалған бастығы Тастемір Рахимов шақырып жатыр дегенді естіп, қабылдауына барған кезімде: "сені осы жаққа алғым келіп отыр, Аралда мен прокурор болып тұрғаннан сені білемін. Ол жерде бірталай жыл қызмет еттің ғой, ана қала шетіндегі Ақсай бөлімшесінің бастықтығын қабылда, қарамағыңда 37 полиция болады", – деді.  Бастықтан мұндай тез ұсыныс болады деп ойламаған мен абдырап қалдым. Іле-шала "ойлануға уақыт берсеңіз" дедім. Бастық: "ойлануға он минут беремін, тез келіп шешіміңді айт" деді. Мен ойласатын адам іздеп ғимараттың екінші қабатын араладым. Есігі ашық тұрған облыстық қылмысты іздестіру басқармасының бастығы, құрдасым Алмас Ибраевты көріп, қуанып кеттім. Осылайда осылай, "маған не ақыл бересің" дедім. Алмас қысқа да нұсқа: "Қалтаңды ойласаң бар, абыройыңды ойласаң барма" деді.  Мен Алмастың соңғы сөзіне тоқтап, бастыққа әйтеуір бірнәрсені сылтау етіп, ол қызметке бара алмайтынымды айттым.  "Онда Тасбөгетке тергеу жөнінде орынбасар болып бар. Сенің бұрынғы бастығың Арыстан Әшіров сол жерде, келесі жылы зейнетке шығады. Сол кезде сені бастық етемін" деді. Оған да ойлануға мерзім сұрап Тасбөгетке барсам, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентіне ауысып, Тасбөгет полициясы Қызылорда қалалық полиция басқармасына бағынышты болып қалады екен. Осыны көрген мен бастыққа қайтып келіп, ол жерге де барғым келмейтінін айттым. Т.Рахимов менің шешімімді естіп, көп ренжімей, өзінің тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковниігі Бақыт Көпенованы және сол кездегі кадр жөніндегі орынбасары Ғалымжан Ахметовты шақырып алып, әзілдеп: «Құл қашса Қоңыраттан шығады» деген. Мына Байтаққа екі қызмет ұсынып едім, бармады, аңсары Аралға ауып тұрған болу керек, сол жаққа бастықтың тергеу жөніндегі орынбасары болып барады, соған бұйрық дайындаңдар" деді. Мен бұл шешімге қуанып, тез келісімімді бердім. Мен осылайша өзімнің туған ауылыма, көп жыл қызмет істеген ұжымыма қайтып келген едім.
 Сөйтіп, әлгінде айтқандай, 1997 жылдың сәуір айының аяқ кезінде Сексеуіл кентінде аналы-балалы екі адамның өлімі тіркеліп, қылмыс болған жерге аудандық полиция бөлімінің сол кездегі бастығы Д.Айбосынов оперативтік топты бастап барып, із кесуді бастаған. Дәлірек айтсақ, 1997 жылдың 24 сәуірі күні Сексеуіл кентінің тұрғындары аналы-балалы Ж. Г. мен оның 1982 жылы туған баласы И. Ә. мәйіті өздерінің үйінен табылып, екеуінің де өлу себептері кісі қолынан болғаны белгілі болды.
Үй иесі З.И. айтуы бойынша, ол жұмыстан келген кезінде үйінде жақында Атырау облысынан келіп, уақытша тұрып жатқан апасының баласы, жиені Куандық Декеев қана болған. Ол әйелі Г. мен баласы Ә. ертеңгілік пойызбен шаруасы болып Қазалы жаққа туыстарына кеткенін айтқан. Алдында әйелі сол жаққа "төркін жұртыма барып қайтамын" деп айтып жүргесін, сол жаққа кетсе кеткен шығар деген де қойған. Содан ешнәрседен сезіктенбеген үй иесі жиен інісінің дайындаған тамағын  ішіп-жеп ерте жатып қалады. Жиені, жеңгем шай-шекер аларсың деп аздаған ақша тастап кетіп еді, соларды  алып келейін деп тысқа беттейді. Таңертең тұрса үйде жиені жоқ. Оны сыртта жүрген шығар деп ойлаған нағашысы ешнәрсеге мән бермей, үйді кілттеп, кілтті өздері білетін  жерге жасырып, жұмысына кетеді. Кешкісін жұмыстан келсе үйінде жиені жоқ, өзі тамақ дайындамақшы болып азық-түлік тұратын бөлмені ашып қалғанда, денелері бұзыла бастаған  әйелі мен баласының қан болған мәйіттерін көріп, есінен танып қалады.
  Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Т.Рахимов оның оперативтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғ.Ахметов бұл істі өздерінің бақылауына алып, қылмысты ашуға тәжірибелі қызметкерлеріді оқиға болған Сексеуіл кентіне аттандырды. Тергеу тобы құрылып, білікті, тәжірибелі сарапшы криминалистер тартылды. Қылмысты ашуға жұмылдырылған топ жиналған дәйектерді екшей келіп, әйелі мен баласын өлтірген үй иесінің өзі деген қорытындыға келіп, оны қамауға алды. Бұл негізсіз де емес еді.Үй иесі Зәуірдің әр кезеңдерде істеген теріс істері туралы көршілер мен ауыл арасында небір қаңқу сөздер желдей есіп тұрған-ды.
З.И-ді қамауын қамағанмен, оның қылмысын дәлелдейтін бірде-бір дерек не айғақтар табылмады.  Жылжып күндер өтіп жатты. Ал З.И. болса "әйелі мен баласын өлтірген жиені Қуандық Декеев" дегеннен жазбады. Ал К.Декеевтің өлі-тірісі белгісіз, іздегенмен ешқандай дерегі анықталмады. Бәрінің ойы – үй иесі З.И. баласы мен әйелін өзі өлтіргеннен кейін қылмысын  жиеніне жабу үшін оны өлтіріп, денесін бір жерге жасырып тастады дегенге келіп саяды. Енді оперативтік топ К.Декеевтің мәйітін іздеуге кірісті. Кент жанындағы корымдар, шұңқырлар мен сайлар, қуыстар, тіпті темір жол депосының ішіндегі канализация ішіне дейін қаралып, сүзгіден өтті. Бірақ қаншама адамның еңбегі зая кетіп, К.Декеевтің денесі табылмады. Ол табылмағасын, екі адамның өлімі жайлы қылмыстық іс тұйыққа тіреліп, тоқтауға айналды. Тергеу тобы осы қылмысқа күдікті З.И-ді бостандыққа шығаруға мәжбүр болды. Босатты деу оңай ғой, бірнеше ай бойы тар қапаста қамауда жату, дүниедегі ең жақын адамдарынан қапияда айырылып, қайғы жұтқан кезінде, оларды өзің өлтірдің деп, қамауға алу – ол айтуға жеңіл. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін.
Сөйтіп жүргенде жаз, күз өтіп, қыс келді.Тергеу уақытша тоқтатылып, жылды қорытындылап, істің соңы сиырқұйымшақтанып, ашылмауға айналды.
Жаңа 1998 жыл келді. Сол жылдың мамыр айында мен Арал аудандық полиция бөліміне басшылыққа тағайындалдым. Кезекті облыстық ішкі істер басқармасының оперативтік жиынына барған сайын басқарма бастығы Т.Рахимов: "осы қылмыс уақытында ашылмай қалды. Сен осымен айналыссаң ашар едің" деп маған жігер берумен болды. Ол кезде аудан көлемінде болып жатқан қылмысты ашуда, қылмыскерлерді анықтауда жақсы көрсеткіштерге жетіп, тізгінді мықтап қолға алып тұрған кезіміз болатын. Содан оперативтік жұмыстар жөніндегі орынбасарым Нұрбай Жұмашев пен қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы Жалдыбай Жаңабаев үшеуміз ақылдасып, басқарманың қылмысты ашудағы іс-жоспарынан бөлек, өзіміздің жоспарымызды бөлек жасап, жоғарғы жаққа хабарламай әрекет етуге көштік. Ондағы ойымыз "қылмыс ашылмай қалса жоғарғы жаққа ұятты болармыз" деген қауіп болатын.
Бірінші біздің алдымызға қойған мақсатымыз – Қуандық Декеев тірі ме, соны анықтау болды. Ол үшін К.Декеевтің туыстары тұратын Атырау, Ақтөбе облысындағы жақындарын анықтау үшін оперативтік қызметкерлерді жіберіп, іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп К.Декеев барады-ау деген туыстарының тізімін жасап, адрестерін белгіледік. Соның нәтижесінде қайтыс болған Ж.Г. Ақтөбе қаласында оқып жатқан студент қызымен байланыс орнаттым.
1999 жылдың мамыр айының ішінде кабинетімдегі қалааралық телефоннан сол қыз бала байланысқа шығып: "маған полицияның бастығы Байтақ Сүлейменов ағай керек еді, сол кісіге айтатын өте шұғыл хабар бар" деді. Мен жауап беріп, мен екеніме көзі жеткесін: "Ағай, мен бүгін Ақтөбе қаласының көшесінен Қуандық Декеевті көрдім" дегені. Мен  сеніңкіремей «соған ұқсайтын басқа адам шығар» дедім. Қыз жұлып алғандай: "жоқ, ағай, ол маған кездесіп, шамалы әңгімелесіп тұрдық. Мамам мен ініме қайыр айтты. іОнда неге қашып жүрсің?" деп едім, «сенің папаң заң орнына оларды өлтірген мен деп көрсетіпті, енді полиция менен көрер деп қашып жүрмін, болмаса олардың өліміне менің қатысым жоқ» деді.
Осылайша аталған қылмысқа сезікті К.Декеевтің тірі екені белгілі болғаннан кейін, оны құрықтау үшін Н.Жұмашев бастаған топты Ақтөбе облысына, Ж.Жаңабаев бастаған топты Атырау облысына жібердім. Олармен үнемі байланыста болып К.Декеевтің Атырау облысы, Қызылқоға ауданының тумасы екені, сонда кеңшар орнындағы ауылда бірге туған апасының тұратынын анықтадық. Апасының үйі күндіз-түні бақылауға алынып, үшінші күні таң алдында К.Декеевті апасының үйіне сыбдырсыз кіріп бара жатқан кезде оперативтік қызметкерлер Жалдыбай Жаңабаев пен Еркін Рзағазиев қолға түсіреді. Сезіктіні қолға түсірген оперативтік топ оны Қызылқоға ауданының орталығына полиция бөліміне алып келіп, қамауға алайын десе, оны қамауға алу туралы прокурордың санкциясы жоқ. К.Декеевтің өлі-тірісі белгісіз болғасын, оған санкция ала алмағанбыз. Енді не істемек керек, әбден шаршаған, неше күннен бері ұйқы көрмеген қызметкерлер полицияның уақытша ұстау изоляторына қауіпті қылмыскерді "уақытша қамай тұр" деген өтініштерін ол жердегілер қабылдамай тастаған. Не істерлерін білмей абдырап отырғанда, Ж.Жаңабаев полицияның бастығына кіріп жағдайларын айтпақшы болады. Сонымен бастыққа кіріп жай-жағдайын айтқасын, бастық бұлардың Қызылорда облысынан келгенін біліп: "менің сол облыста Байтақ деген досым бар еді, білесіңдер ме?" дейді ғой. Бұлар жамырап, "ойбай ол кісі біздің бастығымыз ғой, сол кісінің тапсырмасымен жүрміз" деп шулап қоя береді. Ол кезде мобильді телефонның жоқ кезі. Менің телефон нөмірімді  қызметкерлерімнен алғасын, милиция жоғарғы мектебінде бірге оқыған досым, Атырау облысы, Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Бектеміров маған телефон шалып: "сенің адамдарың менде отыр, бар көмекті  жасап жатырмын" деді. Мен өз кезегінде оған жүрекжарды алғасымды айтып, пойызға отырғызып жіберуін өтіндім.
Сөйтіп күдікті Қуандық М ауылға жеткізілді. Екі бірдей адамның өлімін мойнына алу оңай ма?! Декеев бұлтаққа салып бақты. Алайда сауатты да пәрменді жүргізілген тергеу барысында ол қылмысын ішінара мойындай бастады. Қылмысты мойындау бар да, оны баянды етіп дәлелдеу бар. Бұл –тергеудің бұлжымас қағидасы. Кейбір кәнігі қылмыскерлер қылмысын мойындап отырып, сотқа барған кезде айтқанынан айнып түсетіндері бар. Соны нақтылау үшін күдіктінің жауабын оқиға болған жерде көз  жеткізіп, хаттамаға түсіру үлкен жауапкершілікті қажет ететін тергеудің іс-шарасы.
...Жас кезінде шатақтау болып өскен Қуандықтың өмірі жігіт болған кезінде де оңынан туа қойған жоқ. Бір рет темір тордың ар жағында болып, ол жақтың да дәмін татып қайтқанымен, одан тиісті қорытынды шығара қоймаған Қуандық ащы суға үйір болып, Қызылқоғадағы отбасы мен ауыл-аймаққа «шіркін» болғасын, Сексеуілдегі нағашысын сағалап келген беті болатын. Нағашысы салқындау қарсы алғанмен, бірге туған апасының баласы болғасын  үйінде тұруға қарсы болмады. Бұл олардың көңілін табу үшін күндіз-түні нағашысының үйінің «отымен кіріп, күлімен шықты». Бірде нағашысы мен жеңгесінің ас бөлмеде күбірлесіп сөйлесіп, мотоцикл алмақшы болып сатқан  түйенің ақшасын пештің қуысына тығып жатқанын көріп, ішіне түйіп қойды. Нағашысы мен жеңгесі бұның үйлерінде жүргеніне сыр білдірмегенмен, көресіні нағашысының ер баласынан көрді. Қит етсе «қаңғып келген қаңғыбас, тамақ таба алмай келген» деп намысына тиюмен болды. Ата-анасына баласының айтқанын айтып шағымданғанмен, олар баласына ешнәрсе дей қоймады. Бұл жоқ кезде үлкендердің де өз араларында  бұны осылай атайтынын түсініп, ішіне кек сақтады.
  Сондай бір күні ауызғы бөлмеде, мал қораға керек ағаш қазықты балтамен ұштап отырған кезінде, нағашы інісі тағы да тілінің бізін қадап, бұны қорлаумен болды. Үйде екеуінен басқа ешкім жоқ, қаны басына шауып, ойы жамандыққа кетті. Өзінен кіші боқмұрын баладан сөз есту, бұдан өткен қорлық болмас. Орнынан тұрып кері айнала берген Ә.И-дің қарақұсы тұсынан қолында тұрған  балтамен қалай сілтегенін білмей қалды. Ә.И-дің басынан қарақошқыл қан ағып, жантәсілім еткенде ешқандай қобалжыған жоқ. Сол кезде кіріп келіп, баласының өлігінің бас жағында тұрған бұны көріп анасы бас салған кезде де қолы қалтырамастан оны жығып салып, сол жерде тұрған қауға шелектің жібімен де буындырып өлтіргенде де шімірікпеді. Өліктерді азық-түлік тұратын бөлмеге сүйреп кіргізіп, есігін кілттеп, едендегі шашыранды қан іздерін жуып тазартып, нағашысы жұмыстан келемін дегенше үйді тап-тұйнақтай жинап қоюды ұмытпады.
Осыдан кейін Қуандық пеш қуысында тығулы тұрған қомақты ақшаны алып, қалтаға басты. Сезік тудырмас үшін жеңгесі мен Әзізбектің Қазалы жаққа кеткенін айтып, әзірге нан-сүт ала  тұрсын деп жеңгесінің азын-аулақ ақша тастап кеткенін деп айтуды ұмытпады. Сол түні нағашысы ұйқыға кеткесін түнгі пойызға мініп, Атырауға тартып отырды.
Тергеу амалдарын жүргізген кезде оның осы жауаптары оқиға болған жерде әбден тексеріліп,  қылмысты оның бір өзі жасағаны анық болды. Сөйтіп екі жылға жуық жазадан қашып жүрген қанішер ұсталып, екі бірдей адамды өлтірген қылмысы толық дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот Қуандық Декеевті аса қатыгездікпен екі адамды өлтірген қылмысы үшін 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасына үкім етті.
   Осыдан бірнеше күн өткенде Зәуір мен оның қарт әкесі келіп, әділдік орнап, қанішердің ұсталып, ел арасында баласы мен әйелін өлтірді деген жаладан құтқарғаныма рақмет айтып, қазақтың «арық малды асырасаң, аузы-басыңды май етер, арық адамды асырасаң, қан етер» деген мақалын айтып, баталарын беріп кеткен еді.
 Б. СҮЛЕЙМЕНОВ,
отставкадағы полиция полковнигі
05 ақпан 2022 ж. 477 0