Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам дамудың жаңа белесінде

Қоғам дамудың жаңа белесінде

Жақында ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың«Хабар» арнасына берген сұхбатына бұқаралық ақпарат құралдарынан қанық болдық. Онда елдігімізді мәңгі, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету мақсатында келелі ойлар айтылды. Меніңше, бұл сұхбатта ел көкейінде жүрген өзекті сауалдарға көңілге қонымды жауап берілді деп ойлаймын.
Президент айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз десек, ол үшін біріншіден, ашықтық саясаты қажет. Мемлекет басшысы қазіргі таңда қоғамның алаңдаушылығын тудырған "қасіретті қаңтар" оқиғасының себебі мен салдары, қоғамдағы әлеуметтік реформалар, елдің сыртқы саясаттағы серіктестерімен байланысы туралы сауалдарға ашық әрі тиянақты ойын жеткізді. Асылында, осындай емен-жарқын әңгімені халық күткен еді.
 Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың күрделі кезеңде бар жауапкершілікті өз мойнына алып, ұтымды шешім қабылдауының және елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында бұл қиындықты да еңсердік. Сұхбат аясында Қ.Тоқаевтың елдегі барлық жағдайды ел басшысы ретінде көріп-біліп және осы мәселелерді шешудің жолдарын да қарастырып отырғанын анық аңғардық.
Ашық әңгіме барысында ел Президенті елдік мұраттарды ұдайы биік қоятынын айта келе: "...Мен кәсіби дипломатпын. Мұның салдары қандай болатынын білдім. Бірақ мен үшін мемлекеттің мүддесі, азаматтарымыздың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды еді. Мен ол кезде Батыстың не дейтіні туралы емес, елімізде тәртіп орнатуды ғана ойладым", –  деп салиқалы пікірін білдірген еді.
Осы тұрғыда жуырда өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде Президент: ««Жаңа Қазақстан» жағдайында Nur Otan да жаңаруы керек. Бұл косметикалық өзгерістерді емес, партияның бүкіл жұмысын түбегейлі қайта құруды қажет етеді», – деді. Съезде Мемлекет басшысы  "Жаңа Қазақстанды" құру үшін өткенімізді еш уақытта ұмытпауымыз керектігіне баса назар аударып, ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор екендігін атап өткен болатын. 
Сұхбат кезінде Мемлекет басшысы ел келешегі жайлы және еліміз парламенттік республика болуы мүмкіндігіне қатысты да өз ойын жеткізді. "Демократиясы дамыған Еуропа елдерінде мемлекеттік басқарудың президенттікпен қатар парламенттік жүйесі де тиімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан бұған да дайын болуымыз керек" деді.
Сайып келгенде, Президент сұхбатынан кейін Қазақстанның келешегіне байланысты тұжырымды ой түйдік. Яғни, Мемлекет басшысы еліміздің болашағы сапалы білім алуда, ғылымды игеруде, жаңа технологияларды дамытуда және қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруында екендігін нақты айтты. Сондықтан ата-бабаларымыз аңсаған жаңа Қазақстанды құруда бұл дамудың бір белесі болары ақиқат.
С. МАХСҰТҚЫЗЫ,
№283 орта мектеп мұғалімі
04 ақпан 2022 ж. 675 0