Көліктен келер қауіп көп, неге?
Егемендік алғалы бері жаңашылдыққа бет бұрған Қазақстанның бүгінгі деңгейі әлем елдеріне белгілі. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Мәселен, автокөлік санының жыл санап артып келе жатқаны да соның айқын дәлелі.
Бірақ бүгінде көлік жүргізушілердің салғырттығынан туындап келе жатқан мәселелер де аз емес. Әсіресе ең өкініштісі, жол-көлік оқиғаларының салдарынан адам шығынының көптеп тіркелуі. Осы жайтты күн тәртібіне қойған Мемлекет басшысы: «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады. Мұндай адам шығынын ірі қарулы қақтығысты соғыспен салыстыруға болады» деген еді.
Иә, расында The World Bank-тың деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 100000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8 пайызды құрайды екен. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Мәселен, әлемдік банк келтірген мәліметке сай, Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны – 2,9 адам. Бұл көрсеткіш Германияда – 4,2, Францияда – 5,1, Нидерландта – 3,1, Швецияда 2,9-ды құрайды.
Бұл ретте аудан көлемінде де жол-көлік оқиғасының орын алып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Жылдың алғашқы айында көршілес Қазалы ауданынан Аралға бет алған көліктегі жолаушылардың барлығы оқиға орнында қаза тапқаны естір құлаққа да, ойлауға да ауыр. Осы мақаланы әзірлеу барысында мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін нендей жұмыстар атқарылып жатқанын білмек болып аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрбек Шегебаевпен сөйлескен болатынбыз. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселелердің бірі екенін айта келе:
– Өткен жылдың мәліметі бойынша жол-көлік оқиғасы санының артқанын айтты. Яғни бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 31-ден 39-ға өскен. Ал қайтыс болғандар саны 50,0 пайызға, яғни 12 адамнан 18 адамға жеткен. Ал жарақат алғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 88,9%-ға артқан. Бұл ретте жол-көлік оқиғаларының көпшілігі үлкен жолдарда болатыны анықталып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, Самара-Шымкент тас жолында – 18, аудан орталығында – 12, Сексеуіл кентінде – 3, Бөген ауылында – 2, ал Ақеспе, Қамыстыбас, Ақбай, Аманөткел ауылдарында 1 деректен тіркелген, – дейді.
Сәйкесінше, жол қозғалысы құқық бұзушылығының алдын алу бағытында2877 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, онда 1980 жүргізушіге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 31 млн 348 мың 572 теңге айыппұл рәсімделіп, 26 млн 346мың 202 теңге өндірілгенін де айтып өтті. Тағы бір айта кетерлігі, қараусыз жүрген үй жануарларының да көлік оқиғасының тіркелуіне әсері көп. Соның нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша ауыл шаруашылық малдарын жаю қағидаларын бұзуәрекеті бойынша571әкімшілік шара қабылданды. Бұл тіркелген деректердің барлығы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде екені анық. Арал ауданы бойынша 6777 жеңіл көлік, 1111 жүк көлігі, 128 автобус пен 143 мотокөлік тіркелген. Осы көліктер қозғалысының қауіпсіздігін бақылау да – үлкен жұмыс.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін тұрақты тасымалдау маршрутын ұйымдастырып отырған жауапты адамдардың да жұмысы аса маңызды дейді. Осы ретте ауданаралық, аймақаралық жолаушылар тасымалдау қызметін ұйымдастырып отырған кәсіпкер Ләйла Мәмитановамен тілдесіп көрдік.
– Жолаушылар тасымалы бағытында жұмыс жасап, оны ұйымдастыру айтарлық жеңіл шаруа емес. Себебі бір емес, бірнеше адамның өмірі қолыңда болады. Жауапкершілік жүгі өте жоғары. Бірін үйінде анасы, бірін баласы асығып күтіп отырады. Сондықтан барынша талапқа сай жұмыс жасаймыз. Әр жүргізушіге ескертіп отырамын сақ болу қажеттігін. Кім білсін, өзің қанша жерден сақтанғанмен, өзгенің қатесі кедергі болуы да мүмкін ғой. Ондай жағдай да жиі кездеседі түзу жолдың бойында. Оның бетін әрмен қылсын.
Енді басты жұмысымызға тоқталайын. Бүгінде бұл жұмысты ұйымдастыруда тәжірибем жетерлік деп айта аламын. Қаншама жылдар бойы атқарып келемін. Қазірде белгілі уақытпен жүретін автобустардан гөрі такси қызметін сұраушылар көп. Бүгінде Арал қаласынан Ақтөбе, Қызылорда қалаларына, көршілес аудандарға такси қызметін ұйымдастырып келемін. Бірақ барлық такси біздің қызметімізді пайдаланып отыр деген ойдан аулақ болған жөн. Келісім-шарт жасасқан көлік жүргізушілер бар. Біз жолға шығар алдында оларды арнайы медициналық тексеруден өткіземіз. Денсаулығында күмән болса, жолға шықпайды. Сондай-ақ көліктері де механиктердің қарауынан өтеді. Бірақ жасыратыны жоқ, бүгінде заңсыз такси қызметін ұсынып келе жатқандар бар. Олар да жауапкершілікті сезінсе дейміз. Не дегенмен көліктен келер қатер көп қой қазір.
Ал жолаушылар кәсіпкер айтқан ақпаратты қаншалықты ақиқатқа балайды. Бұл жолы сауалымызға жауап берген Ж.Жолдас:
– Бірнеше жылдан бері вахталық әдіспен жұмыс жасап келемін. Барып-қайту үшін такси қызметіне жүгінетініміз жасырын емес. Өйткені бүгінде тиімдісі осы болып отыр. "Қате аяқ астында" дейді ғой. Бірақ Аллаға шүкір, әлі күнге дейін ешқандай қиындыққа жолыққан емеспіз. Жылы, жайлы көлік. Бастысы, қауіпсіз көлік қатынасын қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерге рақмет.
Осы ретте тағы бір жайтты айтып өтейін. Өткен екі жыл эпидахуалдың қиындығымен есте қалды ғой. Міне, осы кезеңде такси жүргізушілерінің қызметіне риза болдым. Карантин талабын барынша сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін бірінші кезекке қоя білді. Маскалы режимді бұзған емес. Тіпті жолаушыларға маска да ұсынатын жағдайларды кездестірдім, – дейді. Демек ұйымдастыру жағы мінсіз. Ал қатер қайдан келеді? Үнемі жолда жүріп, жол қиындығын көріп-біліп келе жатқан жүргізушілерден сұрап көрсек. "Шах такси" орталығының жүргізушісі Ербол Досжанов:
– Расында жолға шыққан кезде барлығымыздың мойнымызда үлкен жауапкершілік тұрады. "Шах такси" орталығы да медициналық тексеру, техникалық қараудан өткізіп жібереді. Бірақ техниканың аты – техника. Оның үстіне жол-көлік оқиғасының орын алуына басты себеп – жылдамдықтың шамадан тыс артуы. Бірақ бір жақты қарауға да болмайды. Біріншіден, жолдың қыс мезгілінде уақытылы тазаланбауы да бар. Ол да көліктің жолдан тайып кетуіне әкеліп соқтырады. Екіншіден, бақылаусыз малдардың жолға жиі шығып кетуі. Жолда арнайы белгілер бар. Бірақ десе де жол бойындағы мал иелері мойнына жарық шағылыстырғыш лента тақса жақсы болар еді. Сондай-ақ жолдың тарлығы. Жұмыс барысында Алматы, өзге де қалаларға шығып тұрамыз. Бірақ Қызылордадан бері қарай жол тар. Қарсы бағыттағы жолды өзге қалалардағыдай арнайы қоршаумен бөлінбеген. Бұл да қиындық тудырады. Десе де "сақтансаң – сақтаймын" дейді ғой, – деді.
Түйін: "Жол мұраты – жету" дейді қазақ. Расында барынша сақтық шараларын ұстанып, жауапкершілікті сезінсек, өкінішті жағдай да болмас еді. Ақын Жандарбек Бұлғақовтың:
Жылдамдықты асырып мастанасың,
Тоқтайсың соққанша тасқа басың.
Бұл дүниеде мінетін көліктерің,
О дүниеге апарып тастамасын, – деген өлең жолдарын әркез жадымызда ұстау – міндетіміз. Біз тек өзіміздің ғана емес, өзгенің де өміріне жауаптымыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ