Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазықсыз жазаланған бір арыс

Жазықсыз жазаланған бір арыс

Біздің халық қандай да бір ауыр замандарды басынан көп өткерген. Кешегі кеңестік биліктің қан шеңгелі ел ардақтыларын қынадай қырды емес пе?! Сол қияметті кезеңде:
Қаптай көшкен қауымның,
Қорымы қалды-ау, о жалған.
Ардағы кетіп ауылдың,
Тобыры қалды-ау, о жалған, – деп халықтың зарлағанда көз жастары сайын сахараны толтырғандай болған. Мәңгілік басылмайтын шерлі зардың өксігі бүгінгі біздің төбе шашымызды тік тұрғызады. Қанды қол большевиктердің азабы мен тозағына түскен жандардың қиналған үндері жер-жаһанды күңірентіп тұрғандай.
         Жазу столымның бір шетінде «Аза» деген кітап тұрады. Қызылдар заманының қисапсыз төгілген қызыл қанын еске түсіретін қып-қызыл мұқабалы осы кітапты дақыл-дақыл қолыма алып парақтап отырамын. Жауыз биліктің тар қапасына түсіп тұншыққан қаншама тағдырлар... Жазықсыз, жала жабылып атылғандар... Ит жеккенге жер аударылып, өмір бойы қуғын-сүргін көріп қудаланғандар...
         Аты айтып тұрғандай кітаптың әр бетінен санаңа суық ызғар соғып, тұла бойың азынап қоя береді. Ауыр заман, қилы кезеңнің арыстарының талайлы тағдырларын қағаз бетіне түсіріп қайта тірілткің келеді. Сан тарапқа соқпақ салып, іздене бастайсың. Көне сүрлеуді адақтай отырып бүгінгілермен, ұрпақтарымен байланыстырар соны сораптар табасың. Өткен күндердің сүреңсіз саясатының құрбандарын қатал жала мен жақтым күйеден арашалауға кірісесің. Ең бастысы, тектен-текке өмірден кеткен тектілер тұқымдарының аман-саулығына тәубе етесің. Міне, сондай арыстың тағы бір тағдыры қолға қалам алдырды. Әуелі «Аза» кітабының 156-бетіндегі деректерге жүгінейік.
         «Саркеев Бөкеш Арал ауданының 8-ауылында 1896 жылы туған, кейін Қарақұм ауылында тұрған, бай-бандит (баскесер) болған, жұмыс істемеген, 1934 жылы 60 үй шаруашылығын көшіріп, қарақшылар тобын құрған, Кеңес өкіметіне қарсы басқа қарақшылар қатарына қосылып, адам тонау мен өлтіруге қатысады. Кейін қуғын-сүргіннен қашып, Қарақұм ауылына келіп контрреволюциялық үгіт жүргізеді, сол қылмыстары үшін Арал аудандық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 6 қазандағы қаулысымен ең жоғары жаза – ату жазасына сотталған. Үкім 1937 жылғы 23 қарашада орындалған.
1989 жылғы тамыздың 17-күні облыстық прокурор архивтік қылмысты істі қайта қарап, өзінің қорытындысымен Саркеев Бөкешті оның әрекетінде қылмыстың белгісі болмағандықтан мүлдем ақтаған». Жазықсыздың кеш те болса ақталғаны көңілге медеу. Демек «бай-бандит (баскесер)» болмаған. «Қарақшы» атануы негізсіз, олар Кеңес өкіметінің сұрқия саясатына көнбеген малшы ауылдар. «Контрреволюциялық үгіт жүргізеді» делінгені шындық болса керек. Өйткені Кеңес өкіметін мойындамай, оған қарсы болғандықтан да, қапыл ерді жау көріп атуға келіскені белгілі емес пе?!
Сонымен Саркеев Бөкеш кім болды екен деген сұрақ көкейге оралды, көңілге маза бермеді. Ажал оғына байланған арыс өмір сүрген Қарақұм  өңіріне қарай көз тастадық, дәйекті дерек іздедік. Сөйтсек, қазіргі Ерімбетжаға ауылының арғы жағында «Бөкеш бұлағы» деген жер аты бар екенін білдік. Бұл көне қыстаудың қай Бөкештің атымен аталғанына сұрау салдық. Бұнымыз – іздегенге сұраған боп шығып, тез таптық. Біздің кейіпкеріміз Саркеев (дұрысырағы Сәркеев) Бөкештің талай жыл мекен қылған атақонысы боп шықты.
Ең қызығы, Бөкештің немересі, қазір есімі елге танымал талантты суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Берік Бөкешов екендігін білдік. Біз үшін тағдыры бұлдыр болған арыстың ғұмыр баяны көз алдымызда жайылып қоя берді.
Бөкештің әкесі Сәрке Бейісұлы – қазіргі «Сәркежаға» деп аталатын, Ерімбетжаға ауылымен жалғасып кеп Қарақұм ауылына дейін ұбақ-шұбақ созылған құм төбелердің жағалауында өмір сүрген бақуатты, өз руының төресі болған адам. Сол кезеңдегі барымта – сыдырымтасы көп заманда ел арасында мал дауын, басқа да дау-шарларда сөзі өткір, айбатты әрі шешен болған деседі. Айтулы дауылдарда өз руының мүддесін қорғап, барымталанған мал-мүлікті туыстарының жағына шешіп беретін. Оның сыртынан сонау патша заманында да басқа ру басылары Қазалыдағы оязға көп арыз жазған екен. Арыздың көп түсуіне байланысты Қазалыдағы абақтыға қамалған кездері де болған. Алайда арыз дәлелсіз болғандықтан, абақтыда көп ұстамай, тез босатып отырған. Алайда әңгіме-қауға жата ма, ел ішінде оның аты баукеспе Сәрке атанып кеткен.
Осы Сәркеден Киікбай, Бөкенбай, Үсенбай үш ағайынды жігіт туады. Бөкенбай бала кезінен іс-қимылы ширақ, біршама пысық, беті қайтпаған өжет болып өседі. Оны әке-шешесі «Бөкешім» деп еркелетіп, кейін құжатына Бөкеш деп жазылып кеткен.
Өмірдің ақ-қарасын көп көрген әкесі Бөкешті кішкентайынан зеректігін байқап, ауылдың молдасына тілін сындыруға берген. Осылайша ол көне әліпбимен хат танып, діни кітаптарды оқи білген. Кейін уезд орталығы Қазалы қаласында бастауыш мектеп-интернатта үш жылдық орысша білім алып, сол уақыттың өлшемімен алғанда әжептәуір білімді кісі болған.
Қазалыдағы мектеп-интернатта кейін қарасақал руының төресі болған азамат Бүркітбаймен бірге оқыған, екеуі айнымас дос болған. Бөкеш орта бойлы, аққұба бозбала болса, Бүркітбай еңселі, қарашодыр, әрі қайратты бала жігіт екен. Екеуі жергілікті сотанақтарға ешқашан дес бермеген деседі.
Бөкештің ағасы Киікбай сауда-саттықпен айналысып жүріп, алмағайып заман 1938 жылы отбасымен із-түзсіз жоғалып кеткен. Інісі Үсенбай 1941 жылы соғысқа аттанып, қайта оралмаған.
Бөкештің басынан түрлі-түрлі қиындықтар өткен. Бірақ сағы ешқашан сынбаған. Соның бірі үйлену оқиғасы. Бөкеш Қазалы жақтың жолшора руының Досманбет деген бақуатты адамының Қойсана деген сұлу қызына ғашық болады. Бас қосуға сөз байласады. Бірақ қыздың басы бос емес, атастырылып қойған. Уақыты келгенде әкесі ұзатып жібереді. Той тарқады деген күні Бөкеш Бүркітбай досымен басын бәйгеге тігіп, шымылдықтың ар жағында отырған келіншекті алып қашады.
Қыздың қатулы ағалары қуғын салады. Аттары болдырған үшеуі бір жерге келіп демалады. Бүркітбай: «Жақын ауылдан ат ауыстырып әкелейін» деп, екеуін қалдырып жүріп кетеді. Қуғыншылар үстерінен түсіп, Бөкешті ұлы таяқтың астына алады. Сол заматта Қойсана: «Өлтірсеңдер, мені де өлтіріп кетіңдер» деп үстіне құлайды. «Қайтып бармаймын. Бөкешпен қаламын» деп зар жылайды. Бір естиярлау ағасы: «Екеуінің қанын мойнымызға жүктемей-ақ қояйық» деп тоқтау айтады. Қуғыншылар оларды арам өлсін деп екеуін мойнына дейін құмға көміп кетеді. Көп ұзамай Бүркітбай келіп, кездейсоқ жолаушылар да кезігіп, елдеріне апарып, тәуір болған соң қайтарады.
Бөкеш кейін Қарақұм ауылында сағыз жинаушылар тобын ұйымдастырып, үкіметке сағыз өткізетін агент боп жұмыс жасаған. Сағыз жинайтын орталық қазіргі Ерімбетжаға елді мекені мен Қарақұм ауылының ортасындағы «Пәктөртабан» (орыстың счет-фактор деген сөзінен шыққан) деген жазықтықта болған. Бөкеш сөйтіп елдің табысты еңбек етуіне жағдай жасаған.
1932-1933 жылдардағы Кеңес өкіметі әдейі ұйымдастырған алапат ашаршылықтан ілдалап аман қалған ауыл тұрғындары естерін жиып, бірігіп шаруашылық қамына кіріскен уақытта сұрқия билік ел жақсыларын қуғындаған, жазықсыз жала жапқан репрессиялар легі басталып кетеді. Ел ішін бүліншілік жайлайды. Ауыл арасында, ағайын арасында дау-дамайлар өршіп кетеді. Кеңес өкіметін қаншалықты қаралағаны белгісіз, Бөкешке нақақтан нақақ жала жабылып, НКВД-ның қара тізіміне ілігеді. Адам айтса нанғысыз айыптаулармен туыс ағасы Өтепберген 10 жылға айдалып сотталса, Өтепберген деген кісімен бірге Бөкеш ату жазасына кесіледі де, 1937 жылы қараша айында қызыл империяның құрбаны болады.
Бөкештің артында бір қыз, бір ер бала және аяғы ауыр жары Қойсана жесір қалады. Одан кейін контрреволюционердің отбасы аталған олардың көрген азабы аз болмаған. Жат жерге, Қарақалпақ Республикасына үдере көшіп, аш-жалаңаш күй кешкен.
Бөкештің жалғыз ұлы Қосай кейін есепші мамандығын алып, "Қарақұм" кеңшарында қызмет істеген. Ал оның он баласының бірі – белгілі суретші Берік Бөкешов. Зобалаң жылдардың бір арысының біз білген қысқаша тарихы осы...
Ерғали АБДУЛЛА
26 ақпан 2022 ж. 377 0