Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір әріптесім алғысқа лайық

Әрбір әріптесім алғысқа лайық

Алғыс айту – бұл ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік және өзара сенімділік пен құрмет көрсету, яғни күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, сенің жан дүниеңде болып жатқан қиыншылығыңды бірге бөлісіп, бір сөзбен айтқанда «жайылсаң жастар жастық, көсілсең көлденең көрпе» бола білген барлық жандарға шын көңіліммен алғысымды білдіріп, жүрекжарды жылы лебіз сөзін жеткізуі деп білемін.
Адам баласы болғаннан кейін пендешілікке салынып біліп-білмей жақындарымыздың көңіліне қаяу салып жататынымыз да рас. Мен жақтан қандай да  бір қателік кетсе, осы орайды пайдалана отырып кешірім сұрауды жөн көрдім. Уақыттың көзді ашып-жұмғанша тез өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны да рас. Бірақ өмір бірақ рет беріледі деген баршамызға аян қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат.
Жанымызда және айналамызда жүрген жақсы жандардың қадірін білу керек деп ойлаймын. Сол себепті барынша айналамыздағылардың таңдай қағып сүйсінетіндей қасиеттерін өне бойыма сіңіре отырып, жағымсыз қылықтарына дұрыс шешім қабылдау арқылы түсіністікпен қарауға тырысамын.
Қазақстан халқы Ассамблеясы «1 наурыз – Алғыс айту күні» ризашылық пен алғыс, сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, үлкен-кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу мақсатында арнайы бір күнді бекітіп, жоғары деңгейде мерекелеуді үрдіске айналдырған елдердің біріміз.
«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деп А.Құнанбайұлы айтқандай, ең алдымен «жақсы адамдар» десе ойыма бірінші анам, бауырларым, туысқандарым және екінші әріптестерім түседі.
Анаға – өмір сыйлағаны үшін, екіншіден Ұжымға – жылы құшағы мен ыстығы мен суығында үнемі жанымда болып демеу көрсеткені үшін алғысым шексіз.
Өз ісінің мамандары, қоғамдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші маман қызметі. Күн сайын табиғи апат салдарынан туындайтын немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан орын алып жататын төтенше жағдайлармен бетпе-бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес.
Авариялық құтқару жұмыстары – адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды іздеу, төтенше жағдайлар аймағында қалған халыққа медициналық және психологиялық көмек көрсетіп, әскери іс-қимылдары кезінде қоршаған ортаны қорғап, оқшаулап, басып немесе оларға тән қауіпті факторлардың әсерін мүмкіндігінше ең төмен деңгейге жеткізу бойынша іс-қимылдарға аянбай қызмет етіп жүрген жандарға алғыс айтпау, дінімізге, тілімізге және салт-дәстүрімізге жат дүние.
Сондықтан «жанымда жүр жақсы адам» деп көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғалардың мерейінің үстем болуын шын жүрегіммен тілеймін. Мен үшін үлгі тұтарлық жандар облыс көлемінде төтенше жағдайлар департаментіне қарайтын барлық мекемелер онда қызмет атқаратын әрбір әріптестер. Олардың ел үшін атқаратын қызметтері мен маңызды міндеттерін мен әрқаша құрмет тұтамын. Мен үшін әрбір адам алғысқа лайық.
Н. ЖАНАЗАРОВ,
№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері

#Меналғысайтамын
01 наурыз 2022 ж. 493 0