Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мінезі қайсар, жүрегі жұмсақ ару

Мінезі қайсар, жүрегі жұмсақ ару

Төтенше жағдай кезінде Арал ауданы аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерлермен бірге полиция қатарында арулар да қызмет етіп келеді. Шенді қыз-келіншектердің өздеріне жүктелген міндетті құлшыныспен орындап, өздері таңдаған мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, биік белестерді бағындырып жүргенін былайғы жұрт біле қоймас. Алайда нәзік жандылар да қару алып сапта тұрады. Керек болса қауіпті аймақта қызмет етіп, антына адалдық таныта алады.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау органында еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың бұл салаға келуінің өзі көзсіз батырлық емес пе?! Сондықтан бұл саланың әйел қызметкерлері қандай мақтауға болсын лайықты деп айта аламыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ақерке Сұлтанбекқызы – өз ісінің нағыз маманы, қыз табиғатына тән емес мамандықты игеріп, сол жолда табандылықпен қызмет етіп жүрген ару.
Полиция капитаны А.Сұлтанбекқызы ҚР ІІО-ғы қызметін 2016 жылдан бастаған, сол уақыттан бері қазіргі лауазымын атқарып келеді. Қызметпен қатар ол ауданның тұрмысы төмен отбасылар балаларына, қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық көмек көрсетумен айналысып, бөлімнің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады.
Полиция капитаны А.Сұлтанбекқызы пандемияда аудан халқын сақтыққа шақырып, темірдей тәртіпті күзетіп, халық сақтығы үшін қызмет етіп, карантин кезінде және қаңтар айында елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде, күннің ыстығы мен суығына қарамастан Арал қаласының шығыс бетіндегі кіреберісте құрылған «Арал-Арка» блок бекетінде тәулік бойы кезекшілікке түсіп, ер азаматтармен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан нәзік жанды полиция қызметкері. Арал қаласына кіреберістегі ең үлкен бекет болғандықтан, көлік қозғалысы күндіз-түні тыйылмайды, сондықтан қырағылық танытып әрбір көлікті мұқият тексеріп барып  өткізу аса жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Бұл жұмыста Ақерке сыр алдырмады. Өзіне жүктелген жауапершілікті лайықты түрде атқарып шықты.
– Ішкі істер саласы ер-азаматтарға арналған мамандық деп жатады. Мүлде келіспеймін. Осы салада мінсіз қызмет етіп жүрген қазақтың арулары жетерлік. Өзімнің қызмет саласы жайлы айтатын болсам,бекітілген аймағым бойынша кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды ұдайы жүргізіп, қылмыстардың алдын аламыз. Полиция қызметкері мамандығын таңдап, оны өміріме серік еткелі бері тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне перзенттік үлесімді қосып келе жатқанымды мақтан етемін, – дейді Ақерке Сұлтанбекқызы.
Еңбек қоғамында бәсекелестік белең алғалы қызметте әйел мен ердің мойнына артылар жүк теңдей екені белгілі. Бұл істе Ақеркені де өз ісінің маманы деуге әбден лайықты. Осындай жандарға арнайы мерекеде ғана емес, жылдың қай мезгілінде болмасын құрмет көрсетуге болады.
А. ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Арал АПб-нің  кадр саясаты тобының
инспекторы, полиция капитаны
07 наурыз 2022 ж. 1 226 0