Үй жалдап тұратын жастарға жәрдемақы беріледі
Жастарды жұмысқа ынталандыру үшін заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымы енгізілмек, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағыты бойынша ақпараттық жүйелерді сараптау нәтижесінде әлеуметтік қолдауға және жұмыспен қамтуға мұқтаж азаматтарды «Ерте анықтау жүйесі» енгізілетін болады. Бұл ретте отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік мәртебесі жоқ, қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленеді және олардың нақты қажеттіліктері айқындалады», деп мәлімдеді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», түлектерге арналған «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары шеңберінде субсидиялаудың ұзақтығы мен мөлшері ұлғайтылатын болады.
Жастарды жұмысқа ынталандыру үшін заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден жұмысқа келген жастар үшін тұрғын үйді жалға алуға көтерме жәрдемақы енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Көпбалалы отбасылар (76,8 мың) және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін барлық өңірде әйелдерді қолдау орталықтарын құру жоспарлануда.