Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға тұрақтылығы бақылауда

Баға тұрақтылығы бақылауда

Елімізде маңыздылығы жағынан ет наннан кейін екінші тұратындықтан, халық еттің, дәмді, сапалы әрі қолжетімді болғанын қалайды. «Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» деген сөз бүгінгі күнге дәл айтылғандай. Ал оның бағасы қандай? Өзге өнімдердің ше? Бұқараның қалтасына салмақ салмайды ма? Бағаны тұрақты түрде бақылап отыратын мамандар төмендегіше мәлімет берді.
Облыста белгіленген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түліктің бағасы бөлім тарапынан тұрақты түрде бақылауға алынып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және аудан әкімдігіне күнделікті жүргізілген мониторинг жолданып отырады.
Ауданға азық-түліктің басым бөлігін (ұн, күріш, қант, макарон өнімдері, өсімдік майы, картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат), тағы басқа өнімдерді кәсіпкерлер сыртан тасымалдап әкеліп сатуда.    Сол себепті бағаларда ауытқулар бар. Дегенмен азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлермен жеке сөйлесіліп, дүкендерде өнімдерге негізсіз баға өсірмеуі жөнінде айтылып, әкімшілік жауапкершілік қаралатындығы туралы ресми ескертпе хаттар берілуде. Ал әлеуметтік бағада халық тұтынатын өнімдерді қай жерден алуға болады деген мәселеге жеке кәсіпкер Т.Исаева 24 желтоқсанда «Жақсат» коммуналдық базарының жанындағы екі қабатты ғимарат ішінен «Әлеуметтік дүкені» ашып, аудан халқы қолжетімді бағада тұтынуына жұмыс жасалды. «Әлеуметтік дүкен» ішінде 19 түрлі негізгі азық-түлік өнімдері мен ет сатуды  үйлестіріп отыр. Әлеуметтік дүкеннен көп балалы, аз қамтылған отбасылары азық-түлік алуларына мүмкіндік жасалған.
Сонымен қатар аудан орталығындағы «Sulpak» сауда үйінің алдында 5 ақпанкүні өткізілген жәрмеңкеге Қызылорда өңірлік «Байқоңыр» Әлеуметтік-Кәсіпкерлік Корпорациясы» акционерлік қоғамының тұрақтандыру қорынан  20 тоннадан астам 14 түрлі өнім әкеліп, халыққа қолжетімді бағада сатылды. Мұндай жәрмеңкелерді ауданда тұрақты түрде іске асыру жолға қойылған.
Сондай-ақ көпшілікке белгілі ауданда дәнді дақылдар егілмейтіндіктен, бидай және ұн сырттан әкелініп отырғандығы нан бағасына да әсер етіп келеді. Десе де І сұрыпты ұнның бағасы бақылауға алынып, онан жасалған қалыпты нанның бағасын тұрақтандыру бағытында жыл сайын тұрақты жұмыстар жасалып отырады. Биыл жеке кәсіпкер С.Саянов Қызылорда қаласына барып, облыстық тұрақтандыру қоры «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен  келісімге отырып, Қостанай өңірінде өндірілген 80 тонна «Royal» әлеуметтік ұны қаңтар, ақпан айында әкелінді. Жеткізілген ұнның 1 қабы 7350 теңгеден аудандағы «Қамқор тұтыну» ЖШС З.Өтенов, «Ақбибі» Қ.Мусаева, «Береке» М.Шашауова, «Ыстық нан» Б.Қалниязова және жеке кәсіпкер А.Ербатырованың наубайханаларына беріліп,  бұдан дайындаған нан 85-90 теңгеден «Жақсат» коммуналдық базарында, жеке дүкендерде сатылды.
Бұдан бөлек, Сексеуіл, Жақсықылыш кентінің наубайханасында әлеуметтік ұннан пісірілген нан кент тұрғындарына тұрақты бағада сатылуына қол жеткізілді. Осы атқарылған шаралар өз кезегінде нан өнімін өндірушілерге тиімді болып, нан бағасын тұрақтандыруға септігін тигізді. Алдағы күндері барлық ауылдық округтердегі халықтың тұтынуына қажетті, үлкен көлемде әлеуметтік ұн әкелу жобаланып отыр.

О. ЖОЛДАСОВ
12 наурыз 2022 ж. 754 0