Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті тайқазан көже жасалды

Жеті тайқазан көже жасалды

Самарқанның көк тасы еріген күн мен түн теңескен әз наурыз мейрамын бүкіл қазақстандықтармен бірге аралдықтар да жоғары дәрежеде атап өтті. Бұл жөнінде газетіміздің өткен санында «Төрлет, Наурыз, нұрға бөлеп әр таңды» деген тақырыппен арнайы шығарылымды ойлы оқырмандар назарына ұсынған едік.
Иә, бұл жолғы айтпағымыз өзін қайырлы ісімен көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жүрген Ерлан Нұржанұлы Ибраевтың жеті тайқазан көже жасағаны хақында-тұғын. Бүгінгідей нарықтық кезеңде елмен бірге болып, жұртшылықтың жайын ойлаған азаматтың берері мол бастамасына үлкен-кішінің ризашылығы шексіз екенін сол маңда болған біздердің көзіміз әбден жетті.
Нақтырақ тоқталсақ, аудан орталығындағы «Тайқазан» деп аталатын кәсіпкерлік нысан алды шадыман-шат халыққа толды. Олар «өткен жыл есірке, келер жыл жарылқа» деген риясыз пейілмен ақжарма лебіздің тиегін ағытып, бір-біріне жақсылық тілесті. Жас болса да бас бола біліп, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған кәсіпкер Ерлан келушілердің ықыласына бөленіп, өз қолымен дәмі тіл үйірер көже үлестіріп жатты.
         Жалпы, біз сөз еткен Ерланның сауапты ісі тек бұл ғана емес екенін оның талай мәрте қайырымдылығына куә жұртшылық жақсы біледі. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалған қолдауды тиімді пайдаланған азамат қай нәрседе де ел үшін тарылып қалған жоқ. Ұлыстың ұлы күнінде де солай болды. Кәсіпкердің жеті тайқазан көже жасаған сауапты ісіне қарттар ақ батасын беріп, замандастар ризашылығын білдірді.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
26 наурыз 2022 ж. 528 0