Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ораза 2022: Білу керек деректер

Ораза 2022: Білу керек деректер

2022 жылы Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 2 мамырда аяқталады. Оразаны 30 күн ұстайды. 

2 мамырда Ораза айт басталады. Ал 27-нен 28-не қараған түні – Қадір түні.

Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 500 теңге болып бекітілді.  Пітір садақа мөлшері елдегі 2 кг ұн мөлшеріне сәйкес есептеледі.

Оразаны не бұзбайды? 

1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
2. Ұйқыдан жүніп болып ояну;
3. Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
4. Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;
5. Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;
6. Аузына келген қақырықты жұту;
7. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
8. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
9. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
10. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
11. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
12. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
13. Көзге дәрі тамызу;
14. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;
15. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
16. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
17. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Оразаны не бұзады?
1. Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;
2. Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
3. Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: "Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес".
4. Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
5. Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат – рамазан айының оразасын себепсіз, біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады. 

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат? 
- Жолаушылық; (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).
- Жүктілік пен бала емізу; (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).
- Ауру-сырқау; (сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады).
- Кәрілік; (қартайып оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді).
- Хайыз (етеккір) бен нифас; (бір әйел ораза кезінде етеккір көрсе немесе босанса ораза бұзылады. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді).  

Ауыз бекітерде қандай дұға оқиды?
"Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә. Уа би сауми ғадин науайту мин шахри рамадан".

"Таңертеннен кешке дейін Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім".

 Ауызашарда оқылатын дұға:
"Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә‘аләйкә тәуәккәлту уә‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мә аххарту".

"Я, Аллам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күнінде де ауыз бекітуге ниет еттім. Менің өткен және келешек күнәларымды кешір гөр!".

massaget.kz
26 наурыз 2022 ж. 847 0