Дәрігерлер әулетінің бастауында тұрған жан

Негізгі кәсібі, табысы көл-көсір тайдай тулаған, балығы мен төрт түлігі маңыраған мал шаруашылығынан тұратын, Сыр бойындағы іргелі ауданның орталық ауруханасындағы қызметін емдеуші дәрігерден бастаған жас маман араға жылдар сала келіп, өз кәсібінің шынайы білгірі, білімді де білікті кадр екендігін тындырымды еңбегімен, жарқын іс-қызметімен дәлелдей білді. Екінің бірінің тісі батпайтын, қолы жетпейтін мамандығының қыр-сырын жетілдіруден, білімін ұштаудан жалықпады. Әр жылдары Алматы мен Ақтөбе, Қазан, Павлодар қалаларында медициналық институтының жанындағы кәсіби білімін жетілдіру, санаттық дәрежесін арттыру курстарына үзбей барып отырды. Аурухана басшылығының өзіне сенім артып, жұмсаған бөлімшеге тосырқамай барып, өзін тек жақсы қырынан көрсетті. Аудандық емханада, Абай атындағы дәрігерлік амбулаторияда, тіпті сол тұста атағы дүркіреген балық комбинаты жанындағы дәрігерлік пунктте, қыл аяғы жедел жәрдем саласында мінсіз қызмет атқарды. Басшылық пен ел-жұрт тарапынан алған алғысы да жетіп артылады.
Қызметтес әріптестері сияқты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасындағы елде жаппай белең алған нарықтық қатынастарға көшу тұсындағы туындаған экономикалық-әлеуметтік қиындықтар тұсында да абыржымай, табандылық көрсетті. Ай сайынғы берілетін жалақының мардымсыздығы мен оның мерзімінен кешіктіріліп берілгеніне қарамастан, жүрек қалауымен таңдаған мамандығын бәзбіреулер секілді тұқыртпады. Барынша адалдық әрі жанкештілік танытты. Ауыртпашылық атаулыны елмен бірге көрді. Ел қатарлы су ішсе су, у ішсе у ішті. Ел дегеннен шығады, бірде аудан әкімдігі мен аурухана басшылығының ұйғарымымен құрылған шалғай ауыл тұрғындарына әлеуметтік дәрігерлік, мәдени қызмет көрсету бригадасының құрамына еніп, қиыр жайлайтын малшы ағайындарды аралағаны бар. Сол топта республикаға есімі танымал сазгер, күйші Мұрат Сыдықов ағасы да болды. Кезекті бір сапарда тұрғындарға өздеріне тиесілі қызметті атқарған соң, бетке ұстар азаматтың жайған дастарқаны басында жадырап, жаймашуақ күй кешкен Мұрат ағасы ақпейілділік танытқан үй иесіне рақметін айта келіп, жанындағы сапарлас қыз-жігіттер туралы мынадай жақсы лебіз білдірді:
– Қазіргідей туындаған тұрмыстық қиындықты уақытша деп білемін. Түбінде бәрі жақсарады. Тұрмыс түзеледі. Осы орайда мына ортамыздағы Төлеген сияқты ақ халатты дәрігерлердің жанкештілігіне дән ризамын. Айталық, біздер, өнер адамдары үшін біреудің тойы мен қуанышына қатысу арқылы нәпақа тауып, күн көруіне әбден болады. Ал дәрігер ағайынның суырылып шығып, нақ осындай қосалқы қызмет көрсетуге мүлдем мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қай-қайсысымыз да дәрігер жолдастарға көрсетер елдік сый-құрметіміз ерекше болуы тиіс. Кезінде ардақты ақынымыз Серік Сейітмағамбетов «Дәрігер досыма» деген өлеңінде «Ардақтысың мәпелеген халқыңа, сөзің демеу, қолың шипа жаның от. Келіп жатыр қайғы мұңдар алдыңа, қайтып жатыр қуаныш пен бақыт боп»,– деп ағынан ақтарылғаны бар. Сол айтқандай сөзі демеу, қолы шипа, жаны от дәрігер ағайындардың халыққа деген іс-қызметі алдағы уақытта да мінсіз бола берсін», – дегені бар болатын. Кейін де бізге жеткен асыл ағаның осы игі лебізіне біз де тәнті әрі риза болғанымыз бар.
"Туған жердей жер болмас, туған жерге туыңды тік" деген қанатты сөзді қатаң басшылыққа алған Төкең тас түскен жеріне ауыр дегендей, әлем назарына іліккен, құт-береке қонған жер, айдынды шалқар Аралынан бір қадам аттап шығып ұзамады. Жасыратын несі бар, кезінде институт қабырғасында бірге оқыған, лауазымды қызметке қолы жеткен достары бойындағы қабілет-қарымы мен біліктілігіне орай алды Алматыға, кейінгісі Қызылорда мен Қазалыға қызметке шықырды. Қабырғасымен кеңескен, туған жеріндей жер, сүйікті еліндей ел жоқтығын алға тартып, ата жұрттан қоныс аудармады. Тонның ішкі бауындай болып кеткен ұжымын, ағайын- туыс пен етене жақын болып кеткен көрші-көлемін қимады. "Бәйтерек бір орнында тұрып көгереді" дегендей, тамырын тереңге жіберді. Ұл- қыздарын, немере-шөберелерін тәрбиелеп, өсірді. Пайғамбар жасына толған сәтте «Жұмысты жастар істесін» деген ниетпен кідірместен зейнетке шықты. Ел қатарлы елуге, алпысқа,жетпіске толған мерейтойын дабыра-даңғазасыз атап өтті. Ең бастысы, кезінде Аралдың Қыз Жібегі мен Төлегені аталған жан серігі Зәуре екеуі аса қастерлі дәрігерлік мамандық пен көкжиегі кең білімге деген құштарлықты қыздары мен немересінің бойына сіңіре білді. Тұңғышы Қарлығаш ардақты әке жолымен жүріп медицина саласында ұзақ жылдан бері аудандық емханада медбике болып еңбек етуде. Одан кейінгі Қанат пен Дастан да қызметтерінен өз мамандықтары бойынша білім алып, несібелерін олжалауда. Ал кенжесі Әйгерімі Алматыдағы С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медициналық университетін үздік аяқтап, қаладағы дәрігерлік колледжде ұстаздық етіп сабақ береді. Күйеу баласы Димаш та кардиохирург дәрігер болып өз қызметтерін атқаруда. Төкеңнің немересінің үлкені Дастанның қызы Алина мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің механика және математика факультетінде мемлекеттік грантпен оқиды. Ортаншы немересі Тоғжан да үлгерімі жақсы оқушының бірі, қалғандары да өсіп жетілуде. "Адам ұрпағымен мың жасайды" демекші, өмірінің соңына дейін келіндері Самал мен Айгүлдің жасаған қызметтеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, разы болған Төкең, Алланың берген шексіз нығметінің арқасында үміт артқан, сенімін ақтаған Әділеттей немересінен, келіні Айткүлден Мансур мен Ақпейілдей шөбере сүйген, періште санатындағы олардың алақанынан су ішкен Төкең құдіреті күшті Алладан пәрмен жетіп, биылғы жылдың қаңтарының соңында бақилық болды. Арада зымырап қырық күн де өтіп шыққалы тұр. Көзінің тірісінде Арал жұртшылығына «Доктор Шалов» деген құрметті атаққа ие болған, елдің қадірмендісі атанған Төлеген Аянұлы Шаловтың жарқын бейнесі оны білетін дәм-тұздас болғандардың баршасының жүрегінде мәңгі сақталады деген сенімдеміз. Тегінде жақсының аты өшпес...
Қараша ҚАРАМАН,
журналист.
Алматы облысы