Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ән – халықтың ажары

Ән – халықтың ажары

Ұлы ақын Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» демекші, байырғы заманнан бері көптің көңілін тапқан халық әндеріміздің мазмұны тыңдарман үшін ерекше орын алған. Қазақ әуен арасындағы сөз ұйқасы мен олардың әрбірінің  мағынасына аса мән берген халық.
Көшпенді халқымыздың басынан өткен қаншама күрделі тарихи оқиғалары да халық әнінің мазмұнынан көрініс тапқан. Сонымен бірге халық әндерінің тағы бір ерекшелігі – ұрпақтан-ұрпаққа, елден елге тарап, ауызша үйретіліп, дәстүрлі түрде орындалып келеді. Расымен де сәби дүниеге келген сәтте «бесік жырымен әлдиленіп, адамзат баласы дүниеден өткен шақта «жоқтау» айтып ақтық сапарға шығарып саламыз. Иә, бұл дәстүрлер жыл өткен сайын жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ қазіргі уақытта жаңа отау құрып жатқан екі жастың тойында «жар-жар» және «беташармен» өтетіні ежелден келе жатқан салтымыз. Орыс ғалымы Г.Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» демекші, табиғатымыздан бастап, тұрмыс-тіршілігімізге дейін тұнып тұрған өнер.
Халық арасынан өзіндік орны бар ән өнерін шарықтатуға Абай атамыздан бастап, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Естай, Әсет секілді халық композиторлары шексіз үлес қосып, бұл өнерді жоғары деңгейде таныта білген. Ән өнеріне өшпес із қалдырған тұлғалардың шығармашылық еңбектері бүгінгі күні қазақ сахнасы төрінен әлі де орын алып келеді.
Абай айтқандай: «Әннің де естісі бар, есері бар»  демекші, бүгінгі қазақ қоғамында сахна төрінен орын алып жүрген әндеріміз жас өскінге қандай тәрбие беріп жатыр? Мәні мен мағынасы келіспейтін әндеріміз де жоқ емес. Тіпті кейде көгілдір экранда орындалып жатқан әуезді әуендердің сөзін түсінбей қалып жатамыз. Мәселен, «Опмай-опмай, опмай-опмай, Мыналарың қайтеді? Ал біреулер Астанада жоқ дейді. Ал біреулер Алматыда бар дейді. Шымкенттің қыздары «зың» дейді» деген сынды мағынасы жоқ әндеріміз сахна төрінен орын алып келеді. Тіпті, 91 тобының мүлде түсініксіз әуендері көбіне жасөспірім көңілінен шыққан болатын. Әрине мұндай әуендердің балаға берер пайдасы жетіп артылады деуіміз қате болар.
Белгілі жырау Алмас Алматов: «Адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады» дегендей, бүгінгі көп әндеріміздің кескіні осы тауып айтылған сөз секілді. Бүгінгі қоғам бейнесінде жастардың өмірі қыршыннан қиылып кетіп жатқанына жалаң сөз, болмайтын ырғаққа құрылған түсініксіз әуендердің де әсері бар секілді. Себебі «не деген бітпейді, айтпашы өкпеңді, саған не жетпейді?», «Сен мені іздеме», «қателіктерімді менің түсіне алсаң кешір» деген секілді түкке жарамсыз сөздер жастардың психологиясына кері әсер етіп, түйсіктерін тұмшалап тастап отыр. Бір ырғақпен бір сөзді қайталай беретін әндер олардың ойлау санасына да кері әсерін тигізеді. Яғни, баланың ойлау қабілетін шектеп, белгілі бір дәрежеге дейін ғана өз ойын еркін айта алмайтын күйге түсіреді.
Көріп отырғанымыздай, ескі әндеріміз бен бүгінгі әндеріміздің арасы жер мен көктей болып отыр. Ескі әндеріміз есті сөздерге толы еді. Бүгінгі таңда дамып келе жатқан музыка өнерінде әннің әуеніне ғана емес, мәтініне де аса назар аударғаны дұрыс секілді. Келешек ұрпақ тәрбиесінде де өнер саласының алар орны бір төбе. Әр ұлт пен халықтың өзіндік дәстүрлі әндері мен мәдениеті болады. Қазақ халқының да ән өнері жоғары деңгейде дамыған. Сол үшін көнеден қалған асыл мұраға толы әуендерімізді ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып, көпке үлгі ретінде мақтанышпен көрсете білгеніміз абзал.
Айсәуле НҰРЛАНОВА
05 сәуір 2022 ж. 1 042 0