"Айналайын" сөзінің мағынасы қандай?

Қазақ – қай заманда да ырымшыл халық. Сондай көнеден келе жатқан ғұрыптардың бірі адамды аластағанда да, ыдыс сынғанда да бастан айналдырады. Бұрындары қазақ отбасында кішкене бала, яки жас жеткіншек сырқатқа шалдығып ауырғанда әкесі, анасы немесе егде жастағы адам сол жастың сауығып, дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін осы ырымды жасайтын болған. Оның бізге жеткен 2 түрі бар. Алғашқысы, баласы ауырғанда әкесі киімін теріс аударып киіп, мойнына белдік іліп, оның «төменгі әлемге түскенін» білдіріп, баласын айнала бастаса, екінші жағдайда қарияларымыз киіз үйдің дәл ортасына науқасты жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте «айналайын» деп дауыстайды екен. Бұл ырымнан кейін, ең қызығы, жас сауығып, сол ырымы жасаған қарт ауруға шалдығып немесе жан тәсілім ететін болыпты.
Қазақ содан бері бұл асыл сөзді ұмытпай, балаларына «Айналайын» деп еміренеді екен. Ондағысы «Сенің жолыңда менің жаным құрбан», «сенің мұңыңды маған берсін» дегені екен. Ойлаңызшы, қазағымның бір ғана сөзінде қаншама тылсым, жанашырлық, мейірімділік пен балаға деген шексіз махаббат жатыр.
Айналдыру — ежелгі дәстүрдің сарқыншағы болғанымен, мұның артында түркі дәуірінен келе жатқан сенім тұр. Осы тұста сөз қадірін жетік түсіне білген ақын Кәкімбек Салықовтың:
«Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде,
«Айналайын» деген сөзді сақтармыз» деген өлең жолдарының түпкі ұғымын енді ұққандаймын. Ойланып қарасақ, «айналайын» сөзі ешбір өзге тілге аудара да, өзге ұлтқа түсіндіре алмайды да екенбіз. Яғни, ол – тек біздікі. Бұл жайлы қазақтың біртуары Олжас Сүлейменов атамыздың:
«Айналайын – чудесное слово,
Жаль, что русский его не поймет.
Объяснить я готов ему снова,
Только бедно звучит перевод» деген өлең жолдары сөзімнің астарын айшықтап тұрғандай.
Бүгінде бұл ырым жиі қолданылмайтын болса да, айналамызда «айналайын» сөзі өз мәнін жоғалтпақ емес. Міне, әрбір ісі мен айтылған сөздің астарына мол мағына сыйғызған халқымыздың осындай әдемі сөзінің негізгі шығу мағынасы осындай болған деседі дерек көздерінде.
Дайындаған Н. МАРАТ