Бірлік пен татулық – Алланың берген нығметі
Ертеректе өмір сүрген атақты Құблиса жыраудан бізге: "...бақ, қайда барасың? – Елімен болған бірлігі, тағат, ғибадат тірлігі ұйымшыл елге барамын»– деп келетін аса құнды тәмсіл жеткен. Сол сияқты әз-Тәукенің заманында өмір сүрген дала данышпаны Әнет бабадан бата алуға келген жас бала Төле: «Баба, бірліктің белгісі қандай?» деп сұрайды. Қарт би жауап айтпас бұрын әуелі бір бума шыбықты алдырып «Балам, мынаны сындыр!» дейді. Төле жөргемдеп буылған бума шыбықты сындыра алмайды. Содан соң қарт баба шыбықтарды бумадан суырып, Төленің қолына бір-бірден ұстатады да «Ал енді сындыр» дейді. Төле түгел сындырады. Сонда Әнет баба: – Бұдан не түсіндің, балам? дейді. Сонда Төле бала:
– Бірлігі бекем жұртты жау алмайды,– дегеніңіз ғой.
–Бәрекелді, ұлым, ел билеу үшін алдымен елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.
Осындай бір мүдде, бір ынтымақта өмір сүріп жатқан халқымызға қаңтар оқиғасы 30 жылдық тәуелсіздігімізде мемлекетімізге төнген ең үлкен қауіп болды. Бейбіт шеруге шыққан азаматтарды «тірі қалқан» етіп пайдаланған арандатушылар мен ниеті бұзықтар жаппай бұзақылық жасап, шерудің соңын қан-төгіске айналдырды. Белгілі болғандай, бүлік ел бірлігіне, бейбіт өміріне орны толмас шығын, кесір, кесапат алып келгені анық. Бейбіт адамдар жараланды, қаза болды, мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандар қирады, өртенді. Билік құмар арамзалар халықтың атын жамылып, өздерінің арам ниеттерін іске асырғысы келді. Мемлекетіміздің тағдыры қыл үстінде тұрғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды позициясы, өткір шешімдері және Қазақстан халқына қайта-қайта жасаған үндеулерімен «Қандай жағдай болса да халқыммен бірге боламын» деген батыл сөзі көкірегімізге сенім ұялатты. Қаскөйлердің арам ойларын іске асыруға мүмкіндік бермей, өзінің нағыз кәсіби дипломат, білгір саясаткер, халықшыл екенін дәлелдеп шықты.
Бір ғұлама «Бір жамандықтың артында екі жақсылық бар» деген екен. Сол айтқандай, болған жағдай қоғамның тазалануының бастауы болар, еліміз жаңа бағытқа бет бұрды. Қаншама қылмыстың беті ашылып жатыр. Ел қазынасын тонаған жемқорлардың әрекеттерінен қарапайым халық зардап шекті. Жемқорлық індет барлық салаларда орын алған, миллиардтаған қаржылар шетелге асқан. Қазақстанның байлығының 55 пайызы 162 адамның қолында болған. Халықты сүліктей сорған тойымсыздар Құдайдан да қорықпаған.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев экономикалық және саяси реформалардың негізінде заманауи талаптарға сай Жаңа Қазақстан құрудың стратегиялық идеясын көрегенділікпен ұғынды Бұл халықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін, сондай-ақ әл-ауқат, гүлдену, тұрақтылық, адам құқықтарының маңызды негізгі болып табылатынын айқындайды. Әрине осындай ауқымды реформаларды іске асыру әрбір ауыл, аудан басшыларының халықтың үніне құлақ асып, халықпен қоян- қолтық араласып жұмыс атқарғанда ғана іске асатыны баршаға аян
Айтайын дегенім, Серік Сермағамбетов ауданның әкімі болып тағайындалғанына жыл толмаса да, халықтың қолдауына ие болып, ел Президентінің жаңа бастамаларын жүзеге асыру жолында елмен етене араласып, нәтижелі жұмыстар жасауда. Оның қолы да, жолы да таза деген жағымды сөздерді есітіп те жүрміз. Әрине бірінші басшының қолы да, жолы да таза болса, оның қосшыларының да лас нәрсеге қолын созбасы анық. Сыбайлас жемқорлықты жою Мемлекет басшысының жаңғыру мен жаңарудың алға қойған рухани құндылықтарының басты мақсаты екені белгілі.
Мына бір әңгімеге де құлақ түре кетсек. Тұрлыбек деген болыс күні түскен байдан параға бір ақ түйе алып келе жатып, жол-жөнекей кедейдің үйіне түседі. Салғаннан ол әлгі кедейге «Мына Ойсыл қараны сынап көрші» депті. Сонда кедей кісі тұрып:
Аты шықпаған таудан, аты әйгілі төбе артық.
Бәйге алмаған тұлпардан, белі берік бесті артық.
Байламы жоқ шешеннен,үндемеген есті артық.
Мұнарлаған күндізден, жарық жұлдыз мың артық.
Параға алған түйеңнен, адалдан алған ешкі артық,– деп параға тойынған болыстың көңілін осылайша пәс етіпті
Осы айтқандай, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылса, қарапайым халықтың «мәселені шешу үшін пара бермесем болмайды» деген көкірегімізге жатталып қалған қасаң, теріс пікірден арылсақ деген әркімнің айтар тілегі дер едім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдың алдында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жайлы айтып: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын тұжырымдаманы іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деген болатын. Осы орайда Құмбазар елді мекенінде мешіт имамы жұмыссыз, жанұялы. Сол ауылдың Өмірзақ, Уәли, Аралбай, Қуандық сынды ақсақалдары ойласа отырып, аудандық білім басшысының қабылдауында болды. Айтайын деген мақсаттары мешіт имамына мектеп жанынан жұмыс көзін қарастырып, жұмысқа орналастыру еді. Білім бөлімінің басшылығы ойласа отырып, мешіт имамына мектеп қарауылдығына қосымша штат ашып, жұмысқа орналастырды. Сол кездегі ауыл ақсақалдарының қуанышы мен білім бөлімінің басшыларына деген ризашылығына куәгер болғаным бар. Сол сияқты Құмбазар елді мекенінде Арыстанбаевтың жанұясында тепсе темір үзетін ағайынды төрт жігіт тұрады. Ешқайсысы жұмыста жоқ. Әке-шешесінің зейнетақысына ортақ. Биыл Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қарасты елді мекендерде ауыз су айдайтын насос стансасының қарауылдық жұмысына тендер өткізген. Өтініш бойынша жоғарыда аталған 4 жігіттің біреуі қарауылдық жұмысқа қабылданды. Мекеме басшысына қариялардың айтар алғысы шексіз. "Ауыл – елдің айнасы" демекші, ауылдық жерде жұмыссыздық баршылық екені белгілі. Осы орайда халық сайлаған ауыл әкімдеріне де артылар жүк жеңіл емес екені белгілі. Әрине жоғарыда айтқандай, халық үніне құлақ асып, өтініш-тілектері орындалып жатса, халықтың билікке деген сенімі арта түсетіні анық.
Биыл Барыс жылы. «Барыс жылы – намыс жылы» деген бабалар сөзінде айрықша мән бар. Бұрынғы бабаларымыз Барыс жылын бірлік жылы деген екен. Барысты кие тұтып, қастерлеген. Қаңтар айында қар барысы таудан түсті дегенді теледидардан көргеніміз бар. Таудан қар барысының түскені елдің еңсесі көтеріледі, қасиет қонады, елге ырыс келеді, айбарымыз артады деп топшылаған. Бұл толғақты кезеңнің түйткілді мәселелері тарқатылады деген сенімге ұласады. Жаңа Қазақстанның бағыт алған жарқын жолы қайырлы болғай. Бір байрақтың астындағы біртұтас байтақ елдің бірлігін сақтап, бір жұдырықтай жұмылып Президентіміздің айналасына топтасайық дегім келеді, ағайын
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
ардагер ұстаз