Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыттың бастауы

Бақыттың бастауы

Бейбітшілік пен амандықта өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі. Тарихқа зер салсақ, қазақ елі тағдырдың талай қатал сынын басынан өткерді. Әйтсе де, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан азат ету жолында аянбай күресті. Бүгінде сол ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де отыз жылдан асып барады. Ендігі тілейтініміз – тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуы.
«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Шындығында, елдің  ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды. Кешегі өткен бабалар өмірі де бізге сабақ болуда.
Бірде бала Төле би жасы жүзге келген Әнет бабамен жүздесіп, ел бірлігі жөнінде әңгіме қозғайды. Төле: «Қалай еткенде бір­лік болады, оның күші қандай бол­мақ?»  деп сұрақ қояды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума шыбықты алдырып: "балам, мынаны сындырып көрші" дейді. Төле әлгі буылған шыбықты қалай игенмен де сындыра алмайды. Әнет баба "енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы" дейді. Төле әлгі буылған шы­бықты шешіп, біртіндеп тез сындырып береді. Сонда баба: "Балам, бұдан не түсіндің? – дейді. Сонда Төле бала: "Бұл мыса­­лдан түсінгенім: ынтымағы, бір­лігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. Бірлігі, ынтымағы жоқ елді жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой", – деген екен. Сонда Әнет баба баланың тапқырлығына риза болып: "Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ, қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осында", – депті.
Міне, сонау ықылым заманнан бері халқымыз тату, бірлігі бекем, іргесі берік  ел бола білген. Өкініштісі, қазіргі кезеңде ел ынтымағын ыдыратқысы келетіндер, ел іргесін сөккісі келетіндер де аз емес. Ал Алла тағала қоғамның ты­ныштығын бұзып, ел арасына бүлік пен іріт­кі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» делінген хадисте. Үлкен­дер­­ге құрмет таныту, кішілерге мейірімді болу, ата-ананы қадірлеу, жақын-жуықпен жақсы қарым-қатынасты нығайту – асыл дініміз­дің басты қағидаты. Оны орындаған жан отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Ал отбасының аманды­ғын қалаған адам әлемнің де бейбіт­шілігін тілері ақиқат.
 «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» демекші, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде жасаған баяндамасында: «Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп қазақ халқының рухын одан әрі көтеріп, жігерлендіріп, бірлікке шақырды.
Кешегі сын сағатта еліміздің бар билігі мен жауапкершілігін өз қолына алған Мемлекет басшысының бұл сөзі әрбір қазақстандыққа күш-қуат беріп, тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне, экономикасының дамуына серпін береді, болашағымыздың жарқын боларына сенім ұялатады.

К. МАХСҰТ 
21 қаңтар 2022 ж. 706 0