Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болғай

Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болғай

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі.  Отыз жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қаншама жұмыстар жүзеге асырылды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жолында экономиканы индустриялық- инновациялық дамыту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде елімізді дүние жүзі мойындады, Елбасының ерен еңбегінің, сарабдал саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткіздік.
Ата Заңымыз – тәуелсіздік нышандарының бірі. Қазақстанның өз мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар. Рәміздер егемендік пен бостандықтың, дәстүрлер мен тәуелсіздіктің айқын көрінісі. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды.
Желтоқсанда жарқ еткен, күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытқан жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартты. Осылайша. тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткен күндер дәлелдеп берді. Қазір елімізде тыныштық, бейбіт заман орнады. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі уақытта көптеген елеулі табысқа қол жеткіздік. Бұл – Президенттің жүргізіп отырған парасатты әрі көреген саясатының нәтижесі, көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығының арқасы.
Ел тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтың қаһармандық өмір жолына тағзым ету – бүгінгі жас ұрпақтың парызы. Қоғамдық өмір сабақтары мен еліміздің мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.
         Елімізде болып жатқан оң өзгерістер біздің ауданда да көрініс тауып отырғанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Бүгінде аудан бюджеті өсіп, әлеуметтік-экономикалық дамуы артып, барлық салада жылдан-жылға берекелі тірліктер жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Осындай тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан етеміз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын!
С. Махсұтқызы,
№283 орта мектебінің мұғалімі
28 желтоқсан 2021 ж. 549 0