Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ-2022: Тестілеу нәтижесі маңызды

ҰБТ-2022: Тестілеу нәтижесі маңызды

Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір түлектің өз білім деңгейін көрсететін кезі, яғни он бір жылдық білімінің жемісі. Тестілеу мектеп түлектерінің келешек өмірі мен болашақ мамандығына алар жолдамасы іспетті. Міне, биыл елімізде мектептердің жұмысы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері бойынша бағаланатын болады. ҰБТ-ға қатысты жаңа өзгерістерде енді тестілеу нәтижесімен тақырыптар мен пәндер бойынша талдау жасалатыны айтылған.
Осы жылға дейін ҰБТ қорытындысы бойынша мектептердің білім деңгейін анықтауға тыйым салынған және мектептер шәкірттерді ҰБТ-ға тіркеу мен өтініштерін қабылдаудан босатылған болатын. Бұл шешімнің өзіндік себебі де болды, яғни оқу үлгірімі төмен оқушыларды тестілеуден шеттету және әр өңірдің орташа балды көбейтуге тырысуы түрткі болған.
Жуырда Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өзгерістерді айта келе: «ҰБТ-ның орташа балы диагностикалық функцияны орындай алмады. Тек орташа балды білу пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етілгенін ғана білдірмейді. Ал егер тақырыптар мен пәндер бойынша талдау болса, бұл бас­қарушылық шешімдерді қа­был­дау­ға мүмкіндік береді. Қа­зір қабыл­данған шешім өз рөлін атқар­­ғанын, педагогтер мен мек­­тептерге түсетін жүктемені азай­т­­қанын көріп отырмыз. Яғни оқу­шылар ҰБТ-ға электронды форматта өз бетінше өтініш берді және оларды ҰБТ-дан шеттету, сондай-ақ тек тест ар­қы­лы ғана дайындау және әкімдіктердің облыс рейтингіне ықпал ету әре­кеттері тоқтатылды. Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бо­­йын­­ша талдау жасап, оны мек­­теп­­­тердің жұмысын ба­ғалау үшін пайдалануға шешім шы­ғар­­дық. Электронды фор­мат­қа көшу енді тестілеуге тақы­рып­­тық талдау жасауға мүм­кін­­дік береді. Мұндай жаңа­лық­ты біз наурыз айындағы ҰБТ кезінде қанатқақты жоба ре­­тін­де енгіздік»,– деді.
Министр А.Аймағамбетовтің пайымдауынша, бұдан былай тестке қатысушы тестті аяқ­таған соң жинаған ұпай­­ын ғана біліп қоймай, қандай тақы­­рыптарды білетіні және қай­сысына назар аудару қажеттігі туралы қосымша талдау алады. Осындай талдау аудан, облыс және жалпы республика бойынша мектепке де, нақты пәнге қатысты да жасалады. Осы талдау арқылы талапкер қандай тақы­рып­тарға баса мән беру керектігін көруге мүмкіндік болады. Яғни тестке қатысушылар өздерінің кемшін тұстарын біліп, сол тақы­рып­тар­ға көбірек уақыт бөліп, қателіктерін түзете алады.
Білім және ғылым министрінің айтуынша, мұғалімдер де оқу­шы­лардың қандай тақырып­тар­да қиналғанын көреді. Мыса­лы, математика пәні мұғаліміне өз оқушыларының ішінде кейбіреуінің бір есептерді нашар шығаратынын байқауға болады. Талдау соның себептерін анық­тауға септігін тигізеді. Нақты айтқанда, мұғалімнің өзі түсіндіруде қиналатыны неме­се бағдарламада уақыт жеткі­лік­сіздігі, оқулықтағы сұрақ­тар мәселесі секілді себептерді біле алады. Тиі­сін­ше, талдауға байланысты оқу бағдарламаларын пысықтау, мұғалімдердің мақсатты түрде біліктілігін арттыру, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өз­гер­­ту бойынша шешімдер қа­был­дай алады. Жазғы ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір мектеп, облыс, мұғалім және түлек осындай талдау алады.
Жақында республика бас ұстазы А.Аймағамбетов Facebook желісі арқылы  мектеп бітіруші түлектерге ашық хат жолдаған еді. Ашық хатта  Министр Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты бірнеше жаңалықты атап өткен. Мәселен, тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етілетінін, биыл түлектер ҰБТ тапсырып, екі рет грантқа түсуге мүмкіндік алатынын хабарлады. Сонымен бірге осы жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сондай-ақ тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілмек. Одан бөлек, министр биыл елімізде бөлінетін қосымша грант саны да артқанын, Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып, қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15 пайызға өскенін мәлімдеді. Айта кетерлігі, бұған дейін министр елімізде қандай мамандықтардың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, түлектерге жоғары оқу орнын таңдауға қатысты да кеңес берген болатын.
К. МАХСҰТ
05 сәуір 2022 ж. 2 000 0