Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аяулым, самға ғарышта!

Аяулым, самға ғарышта!

Биылғы Наурыз мерекесі қаланың орталық алаңында өтті. Халық көп жиналды. Күн жылы. Құттықтау сөздер айтылды. Барыс жылы береке-бірлік әкелсін, құрғақшылық, індет – бәрі өткен жылмен кетсін дедік.
Бір кезде іс-шараны жүргізушінің дауысы саңқ етті:
– Жас сәбидің тұсауын кесуге Шәкірат атаны шақырамыз, – деді.
Нәрестенің тұсауын  кесу дәстүрі бұрыннан бар-ды. Ол өмірлі бол, жолың болсын, еш сүрінбе, жығылма, еліңе қызмет жаса деген ақ тілік-ті.
– Баланың аты кім? – деп сұрадым анасы Назгүлден.
– Есімі Аяулым, ата!– деді ол шырайлана күліп.
– Дұрыс екен, – деп тұсауын кестім де, бөбектің құлағына: "Арал қызы Аяулым, көкте самға!" деген ақ батамды бердім.
Иә, спортшы Құрманбекқызы Аяулымның  ғарышта самғамайтын несі бар?! Кешегі қан майданда бүкіл шығыстан шыққан Кеңес Одағының батырлары Мәншүк пен Әлия, көкте ұшақпен жауды кері қуған Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова осы Аяулымдардың әпке-әжелері емес пе?!
Тарихқа көз жіберсек, 2015 жылдың қыркүйек айында отандасымыз Айдын Айымбетов ғарыштан оралған соң, «Қазақстаннан ұшатын келесі ғарышкер әйел болмақ» деген әңгіме тарады. Ал әлемде ғарышкер әйелдер аз ба? Аз емес. Қазіргі уақытқа дейін 9 мемлекеттің қыздары ғарышқа ұшыпты. Олардың жалпы саны – 68. 53-і – америкалық, бесеуі – Ресейден. Дәл бүгіндері қытайлық Ван Япин мен америкалық Кейла Бэррон есімді қыздар ғарыш сапарын жалғастыруда.
«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов:
– Қазақ қыздарының ғарышқа ұшар күні алыс емес. Олардың дене дайындығы, білім-ғылым тұрғысынан әзірлігі өте жоғары деңгейде. Жігіттерден  әсте кем емес. Сондықтан болашақта біздің елден  әйел ғарышкерлер шығарына сенімдімін, – депті баспасөзге берген бір сұбхатында.
Осы жолды таңдап, дайындық үстінде жүрген бұрымды қыздарымыз баршылық. Мәселен, елордадағы оқушылар сарайында жас ғарышкерлер мектебі бар. Оған жазылғандар арасында қыздар да жетерлік. Келешек солардың сапында теңіз шуылын есітіп, саф ауасын жұтқан қыздарымыздың болатыны да күмәнсіз!
Аралдық Аяулым, самға ғарышта!
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Қызылорда облысының "Құрметті ардагері",  Арал қаласы
05 сәуір 2022 ж. 291 0