Түйе байлап, шұбат баптаған

Бізде шұбат бар. Себебі түйе ұстаған шаруа шұбат ішеді. Бірақ өнім өзіне ғана. Оны сұранысқа сай баптап, арнайы құтыға құйып, сауда сөрелеріне жіберіп отырғандар санаулы ғана. Содан да болар бізде кәсіптің бұл түрі кенжелеп тұр. Десе де осындай қадамға бел буып, мемлекеттік бағдарлама арқылы шұбат өндірісін қолға алған сексеуілдік кәсіпкер жайында білесіз бе? Біз сол шұбат өндіретін нәзік жанды Нұрсұлу Жолмахан жайында айтамыз.

– Алғашында бұл қадамға бару біз үшін жай ғана ой болды. Өйткені көп жерде қаржының жетімсіздігі қолбайлау болып жатады ғой. Алайда мемлекеттік бағдарлама арқылы бұл кәсіпті жүзеге асыру идеясын жолдасым Дәулет айтып, үміт сыйлады. Сонымен арада көп уақыт өтпей бұл кәсіпті жандандыру ісі бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қатысып, өз жобамды ұсындым. Алғашында сенімсіздеу болғанмен, менің қолымнан бұл кәсіпті алып кету келетініне көз жеткізген соң мамандар жобамды қайтарымсыз грантқа ұсынды. Алла сәтін салып, өткен жылы 3 млн теңге грантқа қол жеткіздік. Оған арнайы шұбат өнімін құятын, сүтті сақтайтын және дайын өнімдерді қаптамалайтын құрылғы сатып алдық. Бүгінде біздің жоба бойынша 4 қызметкер жұмыс істейді. Жергілікті өнім болған соң сұраныс та бар, – дейді кәсіпкер Н.Жолмахан.
Иә, мемлекет берген мүмкіндіктің арқасында күнкөрісін кәсіпке айналдырып, Аралдың ақ шұбатын сапалы өнімдер қатарына қосуды көздеген кәсіпкердің бұл бастамасына жерлестері де дән риза. Бастысы –сапа. Осыған баса мән беретін ерлі-зайыптылардың ендігі арманы – Сексеуіл кентінен таза, сапа сұранысына жауап беретін шұбат өндірісін кәсіпорын деңгейіне дейін көтеру. Жас кәсіпкер мемлекеттен қолдау ұдайы беріліп тұрса, бұл мақсаттың да орындаларына сенеді.
А. БИСЕНОВ