Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау кезінде не істеуге болмайды?

Тұмау кезінде не істеуге болмайды?

Күн салқындағандықтан, тұмау мерзімі де басталады. Айналаңыздан түшкіріп және жөтеліп жүрген адамдарды жиі көре бастайсыз. Көп ұзамай олардың қатарына өзіңіз де қосылуыңыз мүмкін. Адамдар жылдам жазылу үшін емделу кезінде бірнеше қателіктер жібереді. 

1-қателік. Емделу кезіндегі қателіктердің бірі – екі аяқта жүру. Тұмаудың бастапқы белгілерін байқасаңыз, мүмкіндік болса, жатып демалуға тырысыңыз. Біріншіден, ауырып жүріп, шаруаларыңызды бітіру үшін жүре берсеңіз, оны ұлғайтып алуыңыз мүмкін. Екіншіден, басқаларға жұқтырасыз. 

2-қателік. Жылдам жазылу үшін көпшілік бірден антибиотиктердің көмегіне жүгінеді. Бірақ антибиотиктер бактериялық жұқпа кезінде қолданылады. Ол тұмау мен салқын тиюдің вирусін емдемейді. Керісінше, бақылаусыз антибиотик қабылдау иммунитетті әлсіретеді, сондықтан ағза вируспен күресе алмайды. Сонымен қатар, антибиотиктер ішектер жұмысын бұзады, сондықтан іш қату немесе іш өту болады. 

3-қателік. Аздап температура көтерілсе, жылдам оны қалпына келтіруге тырысамыз. Сол үшін бірден ыстық түсіретін құралдар іше бастаймыз. Негізінде, ауырған кезде температураның көтерілуі – ағзаның қалыпты реакциясы. Дене температурасы 38 градустан аспай, ыстық түсіруші дәрілерді ішпеген жөн. Әйтпесе, ағзаның вируспен күресуіне кедергі келтіресіз. 

4-қателік. Көпшілік адамдар тұмау кезінде жылы бөлмеде қалың киініп алып, қабат-қабат көрпенің астында жату керек деп ойлайды. Ал шындығында ондай ортада вирус өзін жақсы сезінгендіктен, ағзамен күштірек күреседі. Ауру жатқан бөлмені уақытылы желдетіп тұру керек, яғни бөлмеге таза әрі ылғал ауа кіру керек. Бұл – сау адамдардың аурудың алдын алуына арналған тәсілдердің бірі. 

5-қателік. Тұмаудың бір белгісі – жөтел. Жөтелден арылу үшін оған арналған дәрі аламыз, бірақ оның әсер ету механизміне мән бере қоймаймыз. Алайда, жөтелдің түрін айыра білу керек. Қақырық шығаратын шәрбаттар немесе құрғақ жөтелді басатын шәрбаттар болады. Мысалы, ылғал жөтел кезінде құрғақ жөтелге арналған дәрі ішсеңіз, қақырық бронхта жинала береді. Нәтижесінде ауыр ауруға әкелуі мүмкін.

massaget.kz
07 қазан 2018 ж. 1 615 0