Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға берілетін жаңа жәрдемақы

I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға берілетін жаңа жәрдемақы

Қазақстан Республикасының "Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 3 маусымдағы №445 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасауды жүзеге асыратын адамға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жүргізілуде.
2021 жылдың қарашасынан бастап мүгедектіктің себебіне қарамастан I топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы енгізілді.
Бұл жеңілдіктің артықшылығы – олар ай сайын есеп бермейді, зейнеткерлікке шыққан кезде бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау уақыты еңбек өтіліне есептеледі және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді. 2022 жылы жәрдемақы мөлшері 50426 теңгені құрайды.
Анықтамалық:
I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар осы жәрдемақыны тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне өтініш жасап, оған мынадай құжаттарды қоса бере алады:
* жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, қандас куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат);
* I топтағы мүгедекке қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат (осындай факт болған жағдайда);
* күтім жасалатын адамның мүгедектігі туралы анықтама;
* сәйкестендіру үшін – жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат;
* психикалық денсаулық орталығында есепте тұру фактісінің жоқтығы туралы анықтама.
Күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адамның әрекет қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басын куәландыратын құжат бойынша ҚР Әділет министрлігінің жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорында тексеріледі.
Жәрдемақы қалай төленеді?
Күтім жасайтын адамға жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек өтініш жасаған күннен бастап бірінші топтағы мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге тағайындалады және төленеді. Бірінші топтағы мүгедек қайтыс болған жағдайда күтім жасайтын адамға жәрдемақы – қайтыс болған айды қоса алғанда, ал бірінші топтағы мүгедек немесе күтім жасайтын адам басқа елді мекенге не шетелге көшкен жағдайда, көшкен айды қоса алғанда төленеді.
Отбасында бірнеше мүгедек болса, жәрдемақы әр адамға жеке есептеле ме?
Иә, отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүгедек тұрса, күтім жасайтын адамға жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалады және төленеді. Бірінші топтағы мүгедекке күтімді бірнеше адам жасаса, жәрдемақы олардың біреуіне ғана тағайындалады. Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедек және күтімді жүзеге асыратын адам бір елді мекенде тұруға тиіс.
Күтім жасайтын адамға қандай жағдайда жәрдемақы тағайындалмайды?
Келесі себептер анықталса:
кәмелетке толмаса;
заңды күшіне енген сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылса;
психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрса;
бірінші топтағы мүгедек толық мемлекететтің қамтамасыз етуінде болса күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындалмайды.
 Жәрдемақы қандай жағдайда тоқтайды?
Келесі жағдайлар болса:
бірінші топтағы мүгедектің немесе күтім жасайтын адам өтініш жасаса;
бірінші топтағы мүгедек немесе күтім жасайтын адам қайтыс болса;
бірінші топтағы мүгедек немесе күтім жасайтын адам басқа елдімекенге не шетелге көшіп кетсе;
мүгедектің мүгедектік тобы өзгерсе, күтім жасайтын адамға жәрдемақы төлеу тоқтатылады.
Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедек күтім жасайтын адамды ауыстыру туралы Мемлекеттік корпорацияға өтініш бере алады.

Мүгедектер мәселелері жөніндегі заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулар

Жеке көмекші қызметі
Қызмет үшін ай сайынғы төлем мөлшері сағатына АЕК мөлшерінің 12 пайызы есебінен жүргізіледі, бірақ күніне сегіз сағаттан аспайды – айына 88219 теңге .
Ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей уәкілетті органға көрсетілетін қызметтер актісін, сүйемелдеу парағын ұсынады .
Жеке көмекші азаматтық-құқықтық шарттың тарапы болып табылады және онымен еңбек қатынастары туындамайды, осыған байланысты еңбек өтілі есептелмейді.
1 топтағы мүгедектің күтіміне байланысты жәрдемақы
Ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50426 теңге деңгейінде белгіленген.
Ай сайын есеп бермейді.
Зейнеткерлікке шыққан кезде бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты уақыт еңбек өтіліне есептеледі. Мемлекет есебінен медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіледі.


Н. БАЙНАЗАРОВА,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыру, кадр, ардагерлермен, мүгедектермен жұмыс және әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі
15 сәуір 2022 ж. 1 105 0