Атыраудағы Шектілер ауылы
Жол адамды талайлармен табыстырады, талайлармен таныстырады. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дейді халқымыз. Шынымен де алыс-жақын жолға шықсаң, өзің үшін де, өзгелер үшін де тың дүниелерге кездесесің. Ал қолға қалам алған адам үшін жол жүру – бір олжа. Жол сапарда көргенің мен білгенің ақ қағазға түсуге сұранып тұрады. Өйткені ол оқырмандар үшін қызық болатынын іштей сезесің. Осы бір әңгіме де жерлестеріміз үшін қызғылықсыз болып қалмас деп үміттенемін.
Өткен жылы Атырау жеріне барған сапарымызда кең Жылой өңірінде Жұмахан деген кісі әңгіме арасында біздің Аралдан екенімізді білген бойда назарын бері аударып, жақындай отырып:
– Шектісіңдер ме? – деп сұрады әп дегеннен.
– Шекті емеспіз. Алайда Аралдың ар жақ, бер жағы ертеден Шектілердің ата қонысы. Әлі күнге дейін тұтасып отыр. «Шекті көп пе, шегіртке көп пе» деген сөз де бар. Ал «Қыз жібек» қиссасындағы Жібек аруымыз да бір Шектінің қызы... – деп білетін азын-аулақ мәліметімізді айта бастадық.
– Ә, солай ма? Біз сол көп Шектінің бір кішкентай бөлшегіміз. Шежіреміз бұлдырлау... Осы Атырау облысының Махамбет ауданындағы Көптоғай, Маңдай ауылдары біздің қонысымыз. Екі ауылдың өзінде екі жүздей шаңырақ бармыз. Сұрағандарға руымыз Шыныбек дейміз... – деп Жұмахан қарт бір кідірді.
– Шыныбек бес Шектінің қайсысынан өрбиді екен? – дедік біз.
– Ол жағын өзіміз де білмейміз, білмейтін себебіміз де бар. Жатқан бір тарих.
– Қандай тарих? – деп біз білгіміз келетінін таныттық.
– Әу баста «Арал маңынансыңдар ма?» деп сұрауымның жөні бар. Құлақ салып тыңда. Арғы атамыз Шыныбек жігіттің жайсаң төресі екен. Түр десең түр, өнер десең өнері бар. Қара домбырадан күй өрбіткен күйші. Ауыл арасының сал серісі болған. Күйшілігімен ел-жұртты тамсандырып, ауыл-ауылды жағалап жүреді. Қайда ойын-той болса, сол жердің гүлі. Сөйтіп ел ішіндегі бір байдың сұлу қызына көзі түседі. Соны айналшықтайды. Бетін де, жүрегін де өзіне қаратып алады. Алайда бойжеткеннің басы байлаулы боп шығады. Жастай атастырылып қойған.
Дегенмен батыл жігіт от сезімін өшіре алмайды. Қос ғашық өздері келісіп, бір түнде қашады. Сол кездері Шыныбектің отырған қоныстары Арал теңізінің батыс жағында екен. Қызды алып ауылына бара алмайды. Жоғары жақтағы нағашыларын паналамақшы ойда болады. Алайда ел іші жауласып, бүлінгелі тұр. Өйткені қыздың жұрты да, оның атастырып қойған елі де – дүмді рулар. Оларды қолға түсірсе, аямайтыны анық.
Неге болса да бекінген Шыныбек сүйген жарын қасына алып, батыстағы қазақтар арасына дендей еніп кете барады. Арада қаншама жерден басып өтеді. Ізін суытып, Каспий теңізі жағасындағы қалың Байұлының ішіне кіреді. Осыннан пана тауып, қос ғашық жайбарақат өмір сүреді. Артында қалған ел-жұртымен хабарласпайды. Олар да бұның өлі-тірісінен хабарсыз қалады. Бұл шамамен 1800 жылдардың жобасы болса керек. Шыныбек осы Атырау бойының адамы боп, асқан күйшілігімен елге танылады. Жергілікті домбыраның қас жүйріктерімен аралас-құралас болады. Шыныбек балалы-шағалы болып, өсіп-өркендейді. Оған топырақ Көптоғай ауылынан бұйырады. Ал одан тараған ұрпақтар уақыт өте бір рулы жұрт болады. Өздерін Шыныбекпіз дейді. Арғы жақтарының Әлімнің Шектісі екенін ғана біледі. Бөтені жадыларында сақталмаған... Жұмахан қарт хикаяны тәмамдап, енді бізге сұраулы жүзбен қарады. Біздер болсақ:
– Сонда бес Шектінің қайсысы екен? – деп қалдық.
– Ол жағын, әріден шежіре таратуды әзір мұнда ешкім білмейді. Ара үзіліп қалған...
– Апырай-а, бөтен дерек сақталмаған болды ғой.
– Айтпақшы, Шыныбек айтып кетті деген сөз бар: «Біздің піріміз де, ұранымыз да Көтібар батыр» – деп. Осыны кейінгілер есінде сақтап қалған... – деді. Енді Жұмахан бұған не дейсің дегендей қарап.
– Е, ұраны Көтібар батыр болса, Шыныбек Шектінің ішінде Қабақ руынан өрбиді екен, – деп біз білген шежіремізден айта бастадық.
– Оның баласы Есет батыр да орыс отаршылдарына орам бермеген, бүкіл ғұмырында олармен көкжалша арпалысып өткен халық қаҺарманы. Жұрт оны да әулие тұтқан. Орыстар онымен санасуға мәжбүр болған...
– Жөн-жобамызды аз да болса білгендей болдық... – деді Жұмахан қарт риза көңілмен.
– Ал енді осы Шыныбектен шыққан белгілі азаматтар бар ма? – деп сұрадық.
– Болғанда қандай! Дәулескер күйшілердің өзі бір қауым. Ал бүкіл қазақ халқына есімі танымал күйші-сазгер Қаршыға Ахмедияров осы Шыныбектен тарайды. Қаршығаны білесің ғой. Кіп-кішкентай Таңдай ауылында туған. Алматы консерваториясын 1972 жылы бітірген. Атақты Құрманғазы оркестрінде домбырашы, концертмейстер болды. Ондаған күйлері бар. Қазақстанның халық артисі атанды. Қазақстан мемлекеттік сыйлығын да алды. Қазақтың күй өнері саласында өзіндік орны бар өнер иесі...
Жұмахан қарттың жүзі жадырап мақтаныш ете айтып шықты. –Қазақтың күйін әлемге танытсам деп, ұланғайыр жұмыстар атқарып өмірден өтті... Артына өлмес мұра қалдырып кетті.
– Қаршыға Ахмедияровтай қос ішекті домбырадан күй боратқан ұлы өнерпаз туса, бабасының өнері де тегін болмаған шығар?
– Дөп тауып айттың. Шыныбектің де күйлері бар. Өте танымал күйлер. Соның ішінде «Ақжелең» деген күйін ерекше айтқан жөн. Оны орындаған Нұраш деген ұрпағынан бертінде Нұрғиса Тілендиев тыңдаған екен. Бұл 1958 жылы. Содан мана өзің айтқан «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген мен Бекежанның жекпе-жегі кезінде орындалды. Ел бұл күйді «Жекпе-жек» атап кетеді. Көп жұрт күйді Нұрғисанікі деп ойлайды. Алайда Нұрекеңнің өзі мұның Шыныбектікі екенін Қаршығаға бірде сыр қылып айтқан.
– Мұндай керемет күйді шығарған Шыныбек тегін адам болмады...
– Біздің мақтаныш ететініміз де сол ғой. Шыныбектің үш ұлынан тараған ұрпақтары Махамбет ауданына қоныс тепкен. Шетінен қос ішектің асқан шеберлері. Үлкені Бертілеудің баласы Дәулеткерей, екінші Көшәлінің балалары Үмбетәлі, Үмбетияр, Ахмедияр (Қаршығаның әкесі), үшіншісі Бәпілдің баласы Әшек, бәрі де Атырау жаққа белгілі домбырашы-күйшілер. Содан да күй атасы Құрманғазы бабамыздың рухы осы Шыныбек ата ұрпағында қонақтаған деп айтады. Құрекең Әшеннің бір баласы Қарасайға арнап «Қарасай» күйін шығарғаны мәлім, – деп Жұмахан аға бұл турасында төгіле әңгімеледі.
– Шектілердің бір ұрпағы Шыныбектен өрбіген тұқым Атырау, батыс күй мектебінің белді өкілдері боп тұрған. Осы өнер дәстүрі әлі де жалғасып келеді... Енді еліңе барсаң, бабамыз Шыныбектің туыстарына сәлем айт. Мүмкін бір шежірелерден шығып қалар. Тектінің түбі де жай адамдар емес шығар...
– Біраз жайға қанықтық. Қаршыға Ахмедияровтай күй өнерінің саңлағының біздің Арал өңірімен байланысты боп шығуы – біздер үшін де мақтаныш болады. Аралға барған соң Атырау аймағында күй қазанын тасытып отырған Шектілер ауылы, Шыныбек күйші, оның аяулы тағдыры туралы жазамын... – дедім мен.
– Жазыңыз. Біз алыста қалған ағайындарымызды тапсақ, елмен ел қосылар еді. Балаларымыз жеті атасын, одан арғы шежіресін толық түгендеп айтар еді, Жұмахан қарт мен үміт күткендей, мен оған сүйінші хабар жеткізетіндей іш тартып, қайта-қайта алғысын айтып болды.
Міне, енді атыраулық қарттың аманатын ел-халыққа жеткізіп отырмын.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі