Балабақшадан қайтқанда
Салтанат балалардың киімдерін шығарып беріп жатты. Өздері киіне алмайтын оларды күндегісіндей бірінен соң бірін киіндіріп үлгіре алмай жатқанда, балаларын алып қайтуға келгендер де көрінді. Үйлеріне қайтуға дайындалған бүлдіршіндер абыр-сабыр болып жатыр. Аңсар тәрбиешіге:
– Мамам қашан келеді? – деген.
– Киіміңді дайындап қойдым, мамаң келген соң киінесің, – деді Салтанат.
Кейбір балалар әлі де болса қайтуға асықпай, ішкі бөлмеде ойнап жүр. Қайтуға
дайындалғандармен олардың ісі жоқ, өздерімен-өздері. Қашан үйлерінен адам келгенше асықпайтындары байқалады. Аруназ күрткесін кие алмағасын, тәрбиеші оған көмектесіп жатқанда, есіктен мамасы көрінді. Ол қызына:
– Етігіңді бері әкеле ғой, өзім кигізейін, – деді.
Әдеміні күнде әжесі алып кететін, бүгін ол кешігіп жатыр. Салтанат балаларды киіндіріп жатқанда бір жағынан күтуші Нұрсәуле келіп көмектесті. Бірінің мойынорағышы байланбай, бірінің қалпағы табылмай, әбігерге түсіп жатқанда, Әдемінің атасы келді.
– Мен қашан киінемін, – деді Әдемі.
– Қазір киінесің, көрмеймісің үлгіре алмай жатқанымды, – деді тәрбиеші.
– Маған атам келіп тұр.
– Бағанадан бері Аруназбен қайта беруің керек еді.
– Оны мамасы алып кетті ғой.
– Енді сәл шыдай тұр, қазір киіндіремін.
Салтанат Әдеміге сыртқы киімдерін, қалпағын кигізіп, мойынорағышын орады.
– Қолғабың қайда?
– Қалтама салып қойдым.
Әдемі аяқ киімін кие алмай жатқан, атасы көмектесті, сырмасын да салып жіберді, екеуі балабақшадан шықты.
– Бүгін бізге аспаз апай тәтті тамақ берді, – деді Әдемі.
– Қандай тамақ?
– Палау деген.
– Тауысып қойдың ба?
– Тауыстым. Нұрбибі жеген жоқ.
– Неге?
– Ол сәбіз жемейді.
– Солай ма? Тамақ жемеген бала өспей қалады ғой.
– Мен тамақты тауысып қойдым, бойым өседі ме?
– Өседі, үлкен қыз боласың.
Әдемі атасының қолынан ұстап алды да, әңгімесін жалғастырды.
– Әжем неге келмей қалды?
– Оның қолы тимеді, үйге қонақтар келді.
– Келген кімдер?
– Үйде қаладан келген ағалар бар.
– Олар не істеп жүр?
– Біздің ауылға жұмыстармен келіпті.
Сәл үнсіздіктен соң Әдемі:
– Бүгін Жансерік машинаның доңғалағын жұлып алды, – деді.
– О, несі, бұзық екен ғой.
– Ол апайдың айтқанын тыңдамайды.
– Апай ұрысқан жоқ па?
– «Машинаны бұзғаның жарамады, енді мұндайды қайталама», – деді
– Доңғалағын салды ма?
– Жоқ. Бір үлкен аға алып кетті. Апай «ертең оңдап әкеледі» деді.
– Ондай тентек болуға болмайды.
– Мен апайдың айтқанын қыламын.
– Міне, соның дұрыс.
Атасы мен немересі әңгімелесумен үйге жақындап қалды.
Өтебай СЕРӘЛІ,
Ақтөбе қаласы