Көктем бүлдіршіні
– Балалар, алдымызда қандай мереке келе жатыр? – деді.
Ешкім ешнәрсе айта алмады.
– Апай, өзіңіз айтыңызшы!
– Ол қандай мереке?
– Біз білмейміз ғой.
– Сегізінші наурыз – Аналар мерекесі, бұл күні барлықтарың мамаларыңды қуантуларың керек. Ал біздер мамаларымызды балабақшаға шақырып, «Көктем бүлдіршіні» деген жарыс өткіземіз, мерекесімен құттықтаймыз.
– Апай, ол қашан болады?
– Мен қатысамын
– Мен, мен... – дегендер көбейіп кетті.
Әсел бүлдіршіндердің барлығын жағалай қарап, әрқайсысына көз тоқтата кідіріп:
– «Көктем бүлдіршіні» сайысына Мереке, Нұрбибі, Әдемі, Айару, Нұрсила, қатысады, – деді.
– Мен де қатысайын, – бұл Аягөз еді.
– Мен ше? – деді Інжу.
– Сендерге сәл ертерек, келесі жылы қатысасыңдар.
Аягөз бен Інжу томсырайып үндемей қалды.
– Сендер мамаларыңның айтқанын істеңдер, оларға кештің қалай өтетінін түсіндіріп айтқанмын.
– Онда біз концерт қоямыз ба? – деді Нұрсила. Апай жымиып күлді:
– Иә, концерт қоясыңдар.
– Мен концертке әдемі ақ көйлегімді киемін, – деді Нұрсила.
– Менің де көйлегім бар.
Әдемінің жалтылдақ көк көйлегі бар болатын, бірақ ол үндемеді, мамасының қандай көйлек кигізетінін білмейді ғой. Бұйра жирен шашын бастыра өріп қойса да, бұйралығы білініп тұратын Нұрбибі:
– Әжем маған камзол тігіп беремін деген, – деді.
Балабақшадан әжесіне еріп үйге қайтқан Әдемі:
– Біздер мамаларға концерт қоямыз, – деді.
– Оған кімдер қатысады.
– Мереке, Нұрбибі, Нұрсила, Айару, мен. Біздің концертке келесің ғой.
– Барамын, саям, барамын.
Мамасы осы күннен бастап Әдеміні сайыс кешіне дайындай бастады. Оған сайысқа киюге жасыл гүлді көйлек, басына шашағы төгілген, түрлі моншақтары бар тақия кигізіп көрді. Онысы үйдегілерге ұнады. Таныстыруға өлең жаттады.
«Көктем бүлдіршіні» сайысы мектеп залында өтті. Қабырғасына әдемі сан алуан гүлдер, сахнасына түрлі-түсті шарлар ілінген зал құлпырып кетіпті. «Көктем бүлдіршіні» деп өрнектеліп, қалың ақ қағазға жазылып, жарты шеңбер пішіндес етіп қабырғаға жапсырып тастапты.
Жарысқа қатысушыларды ортаға шақырған тәрбиеші сайыс шартымен таныстырды. Бағдарлама бойынша: өзін таныстыру, анамның сүйікті асы, жүйрік болсаң, тауып көр және өз өнерін көрсетулері керек.
– Әуелі қатысушылар сахнаға шығу ретін білу мақсатында жеребе қағаздарын алады, – деді Әсел.
Шағын қорапшаға салынған шиыршықталған кішкене қағаздарды қатысушылар ала бастады, Әдеміге үшінші номер келді.
– Ендеше бүгінгі «Балбөбек» шағын орталығының «Көктем бүлдіршіні» сайысын бастаймыз. Бірінші номерлі Нұрсила Жалғасты ортаға шақырамыз.
Нұрсила аппақ көйлегі шұбатыла сахнаға шықты да тақылдатып таныстыруын айтып берді, көрермендер қол соқты. Бұдан кейінгі Мереке кідіріңкіреп, үзіп-үзіп айтты. Келесі кезек Әдемінікі болатын. Апайы хабарлағанда, таныстыруын айтар кезде дыбысы шықпай, жыламсырап бөгеліп қалды. Көздерінен екі тамшы домалап түсті. Әсел:
– Әдемі, не болды? Бір жерің ауырды ма? – деді.
– Айтпаймын.
Тәрбиеші не болғанын түсінбей қалды да, микрофонды алып:
– Әдемінің таныстыруын кейінге қалдырамыз. Келесі кезекте Айару Жайылхан, – деп хабарлады.
Айару шығып, Әдемі сахна сыртына кетті. Бірінші айналымның шартын барлығы да орындап болғаннан кейін, Әдеміге қайтадан шығуға тура келді. Шықты, оң қолына ұстаған микрофонның салмағын сезіне көзінен жасы төгіле жаздап, даусы дірілдеп, өзін таныстырды.
Сайыстың екінші айналымында қатысушылар әр түрлі өнерлерін көрсетті. Бірі сүзбе дайындапты, бірі бауырсақ пісіріпті, бірі көже істепті, енді бірі палау бастырыпты. Аналарымен дайындаған тағамдарының қалай істелгенін өздері түсіндіреді.
Әдемі мамасы екеуі бәліш пісірген. Қалай дайындалатынын мамасы тәтпіштеп айтып берген, үйде де бірнеше рет қайталаған.
– Әуелі жұмыртқаны жарамыз, оны былғаймыз, оның үстіне қант саламыз, тағы да былғаймыз, пешке пісіреміз, бәліш дайын болған соң, бестің шайында жейміз.
Көрермендер дуылдап кетті.
Үшінші айналым сұрақтарға жауап беру еді. Әдеміге:
– «Кел, балалар, оқылық» деп қазақ балаларын мектепке шақырған кім? – деді Әсел.
– Ыбырай Алтынсарин.
– Кесе, тостаған, ожау, табақты бір сөзбен қалай атаймыз?
– Ыдыс-аяқтар.
– Дедушка деген орыс сөзінің қазақшасы қандай?
– Ата.
– Әдемі барлық сұрақтарға дұрыс жауап берді.
Залдағылар қол соғып жатты.
Төртінші айналымда бүлдіршіндер би биледі, өлеңді жатқа мәнерлеп айтты, Әдемі ән шырқады. Бұған да үйде ұзақ дайындалған болатын.
Әрқашанда тыңдаймыз,
Әке менен ананы.
Еңбек етіп шыңдаймыз,
Білім менен сананы.
Біз тәртіпті баламыз,
Оқып білім аламыз!
Лә-лә-лә-лә-лә-лә-лә...
«Көктем бүлдіршіні» жарысының қорытындысында Нұрсила бас жүлде иеленді.
Үйге келген соң, кешкілік шай үстінде балабақшадағы жай әңгіме болды. Әдемінің жылағанын естіген үйдегілер не болғанын сұрады. – –– Ал, қызым, неге жыладың? – деді атасы.
– Басқалар жыламай айтқанда, саған не болды, саям-ау, – деді әжесі.
Әдемі не айтарға білмей үнсіз отырды, сонан кейін:
– Мен жылаған жоқпын, – деді.
– Ал енді не істедің?
– Жылаған жоқпын, көзімнен жас шығып кетті.
Өтебай СЕРАЛІ